Созақ медицинасы заманға сай бейімделеді

Түркістан облысында Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты Созақ аудандық орталық ауруханасы теріскейдің 58 мың тұрғынына дәрігерлік көмек көрсетіп келеді. Атап, айтқанда, медициналық ұйым құрамында 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 бастапқы санитарлық медициналық ұйым, 9 дәрігерлік амбулатория, 9 ауылдық аурухана, 4 фелдшерлік-акушерлік тірек, 13 медициналық тірек халыққа қызмет етеді. Аудандық аурухана 254 төсек орынға арналған болса, тиісті мамандармен қамтамасыз етілген аудандық емхана ауысымына 500 пациент қабылдауға қауқарлы. Жалпы алғанда Созақ ауданында денсаулық сақтау саласында 900-ге жуық маман жұмыс істейді. Оның 124-і дәрігер, 500-ге жуығы орта буын қызметкерлері.

Screenshot_6.jpg

Созақ аудандық орталық ауруханасының басшысы мындетін атқарушы қызметіне тағайындалғанына көп бола қоймаған Бақытжан Мырзагелдиев аудан әкімінің ел аралап есеп беру жиындарында ауылдардағы медициналық ұйымдардың жұмыстарымен де танысып үлгеріпті. Оның айтуынша, әр елді мекен, әр мекемеге тән өзіндік қиыншылықтары бар. Өңірдегі өзге аймақтардағыдан өзгешілігі Түркістан облысының ғана емес, территориялық жағынан алғанда еліміздің ең ірі ауданы Созақта ауылдардың бір-бірінен алшақ орналасуына байланысты медициналық мекемелердің де арасы тым алыс. Аудан орталығынан ең шалғайдағы елді мекен 353 шақырымда орналасқан. 

Ауданда жер қазба байлықтарын өндіретін 44 кәсіпорын жұмыс істейді. Сол себепті аурухана басшысы міндетін атқарушы мұнда медициналыық қызмет көрсетудің бағыты да соған қарай бейімделуі керек деп есептейді. Өйткені бүгінде Созақтың кен орындарындағы жұмысшылар 15 күндік вахталық режиммен және күндізгі-түнгі ауысыммен жұмыс жүргізеді. Сондықтан емдеу мекемесінің басшылығы осы бағытта өндіріс орындарының басшыларымен кездесіп, кеңесіп, жұмыс жоспарларымен танысып, дәрігерлік көмек түрлерін соған ыңғайластырып көрсетуді қолға алуда екен. Алғашқы әрекеттер жаман емес. Мамыр айының екі аптасында аудандағы 44 кәсіпорынның 10-нан астамымен келісімге қол жеткізілген. 

Өндіріс орындарына бұған дейін негізігі медициналық көмек – стационарлық, емханалық қызметтерді «ҚазАтомПром-Демеу» мемекесіне қарасты медициналық ұйымдар көрсетіп келген. Бірақ, аталмыш мекеме тараған соң медициналық ұйымдар Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының теңгеріміне өткізіліп, Созақ аудандық орталық аудандық ауруханасына берілген. Атап айтқанда, соның бірі – Таукент ауруханасы сол елді мекендегі 7,5 мың тұрғынға қызмет етеді. Сол сияқты Қыземшек ауылында да 4,5 мың халыққа дәрігерлік қызмет көрсететін аурухана жұмыс істейді. Екеуі де «ҚазАтомПром» мекемесі салып берген заман талабына сай үлкен медициналық ғимараттарымен және сонда жұмыс істейтін мамандарымен мемлекет қарамағына өткен.

– 44 кәсіпорынның жұмысшыларына медициналық көмек көрсетеміз деген жоспарымыз бар. Бұған дейін бұндай қызметті мемлекеттік тапсырыс аясында конкурсқа қатысып ұтып алған облыс орталығында, үлкен қалаларда орналасқан медициналық ұйымдар көрсетіп келген. Олар жұмыс ауысымы, вахталық режим басталарда және аяқталғанда жұмысшыларды медициналық тексерулерден өткізіп тұрған. Ағымдағы дәрігерлік көмек түрлерін де көрсетіп отырған. Бір сөзбен айтқанда, Созақ аудандық орталық ауруханасы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі бола тұра осындай мемлекеттік тапсырыстардан шет қалып қойған. Енді ондай олқылықтарды болдырмауға, орнын толтыруға күш саламыз. Бұл біздің «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында атап көрсетілгендей әрбір азаматқа сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында қолға алуымыз тиіс міндетіміз. Өйткені кәсіпорындар жұмысшыларының 90 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды. Сол себепті бұл күн тәртібіндегі шешімін табуы тиіс бірінші мәселеміз осы болып тұр. Бұл бағыттағы қызметтерімізді жандандыратын боламыз. Кен орындарын қамту арқылы табысымызды ұлғайтып, маман тапшылығын жойып, дәрігерлеріміздің біліктіліктерін арттырамыз. Жаңа айтқанымдай дәрігерлік қызмет көрсету құқығы шеттегі медициналық мекемелерге берілу салдарынан қажеттілігі ескерілмеген 7 елді мекендегі орналасқан ауылдық ауруханалардың әрбірінде бір-бір дәрігерден ғана қалған. Тіпті кейбірінде дәрігер де жоқ. Сол себепті медициналық қызметтердің сапасы жетілмей қалған. Бұл бір жылда емес, бірнеше жылдар бойы қордаланған мәселе! Бұл мәселенің де шешу жолын қарастырып жатырмыз. Қалай болғанда да біз медициналық қызмет көрсетуді үзбейміз, дәрігерлерді жұмыстан шығармаймыз. Өйткені біздегі ең үлкен мәселе – маман тапшылығы. Ауылды жерлерді айтпағанда, аудан орталығы Шолаққорғандағы аурухана мен емханада реаниматолог, невропатолог, кардиолог, нефролог, нейрохирургия мамандары жетіспейді. Десек те қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Сондықтан ең алдымен Созақ ауданының еліміздің медициналық оқу орындарында оқып жүрген студенттерін іздедік. Құдайға шүкір, дәрігер болғысы келетін азаматтар бар екен. Енді сол Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында білім алып жатқандардың тізімін алдыртып, оқуын аяқтайтын жас мамандарды туған жерге қызмет етуге тартпақ ойдамыз. Өйткені бұған дейін де «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен ауданға келіп, тұрақтай алмай қайтып кеткендер бар екен. Сол себепті облыс әкімдігінің, Қоғамдық денсаулық басқармасының және аудан әкімідігінің қолдауымен жергілікті мамандарды ынталандырып, осында алып қалуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарымен келісімшартқа тұрамыз. Дәрігер осы ауданның азаматы болса, Созақта кемі бес жылдық жұмыс істеу келісімшартымен резидентурасының ақысын төлеп оқыту секілді жолдарын қарастыру жоспарымызда бар. Биыл 2-3 маманды солай даярлаймыз. Кадр тапшылығы бір жылда шешіледі деп айта алмаймын. Осы жылы 50 пайызын реттесек, қалғанын кезең-кезеңімен толықтыратын боламыз, – дейді Созақ аудандық орталық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Мырзагелдиев.

Соңғы 5 жылда ауданға келген мамандардың әлеуметтік көмек алғандары ғана тұрақтап қалған. Ал, үй алмаған, Қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан берілетін бір реттік әлуеметтік пакетке қол жеткізе алмағандардың көбі қайтып кеткен. Дегенмен, 2017 жылы – 4, 2018 жылы – 2, 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 3, 2021 жылы 5 маман келіп, бес жылдық келісімшарт негізінде аудан тарапынан баспанамен қамтылған екен.

Screenshot_8.jpg

– Ана мен бала денсаулығына жауапты акушер-гинеолог, педиатр тапшы. Ота жасайтын 2-ақ маман бар. Хирургтардың саны кемінде 4-еу болуы тиіс, – дейді маман мәселесін қайта қозғаған Бақытжан Мырзалыұлы. – Сондықтан ең алдымен осы үш сала мамандарын облыс әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық басқармасы басшылығының қолдауымен астана мен Алматыға жіберіп, біліктіліктерін арттырудың бірінші кезеңінен өткіземіз. Сосын алыс-жақын шетелдерге жіберіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруды, шыңдауды көздеп отырмыз. Бұл мамандар өздері ғана оқымайды. Оралған соң тәжірибе бөлісіп, әріптестеріне үйретеді. Солай басқа саланың мамандарын да оқытатын боламыз. 

Басшы міндетін атқарушының айтуынша, елді мекендердің алшақ орналасуына байланысты жедел медициналық жәрдем көліктерінің қажетілігі қатты сезіледі. Көлік базасы ескірген. Соңғылары 4-5 жыл бұрын жаңаланған болса, ескілеріне 20 жылдан асыпты. «Кәсіпорындармен жұмысты жүйелей алсақ, биыл аудан әкімдігінің қолдауымен Созақты жедел жәрдем көліктерімен толық қамтитын боламыз» дейді ол. 

Бір жақсысы Созақ ауданындағы емдеу мекемелерінің бәрі типтік ғимараттарда орналасқан. Тек Аққолтық ауылындағы медициналық тірек қана кезінде асар әдісімен халықтың көмегімен салынған екен. Енді осы Аққолтықтағы медпунктті құжаттарын әзірлеп, қайта салдырса, ауданда ғимарат мәселесі болмайды. Сонымен қатар, 2004-2009 жылдар аралығында пайдалануға берілген ғимараттар жөндеу көрмепті. Бұл бағытта да атқарылатын біраз жұмыстар бар. Емдеу мекемелерінің шығыны көп жылыту жүйелерін де атономды жүйеге көшірмесе болмайды.  

Жалпы 254 төсек орынға шақталған аудандық ауруханада босану, балалар, хирургия, терапия, гинекология бөлімшелері жұмыс жасайды. Бұдан басқа барлық ауруханаларда бар қабылдау бөлімі мен жансақтау бөлімшесі жұмыс істейді. Бірақ, материалдық-техникалық базаны нығайту қажеттілігі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл бағыттағы алғашқы әрекеттер нәижелерін беруде. 

Screenshot_7.jpg

Бақытжан Мырзагелдиев өзіне басшылық қызмет жүктелген сәттен бастап-ақ өзіне сеніп тапсырылған Созақ аудандық орталық ауруханасына мамыр айының екі аптасында гематологиялық талдағыш, биохимиялық талдағыш, зәрталдағыш, қан мен электролиттердің қышқылды-сілтілі жай-күйін талдағыш аппараттарын алдыртыпты. Мұндай лабораториялық анализаторлар қолжетімді болуы тиіс болса да бұған дейін аталған қондырғылардың болмауы себепті тұрғындар жолдамамен қажетті қызметтерді облыстағы басқа мекемелерге барып алып келген. Дәл осындай талдағыш медициналық аппараттар алдағы уақытта аудандық емханаға да орнатылмақ. Ең бастысы – Созаққа тегін жеткізілген, қайтарымсыз берілген медициналық қондырғыларды орнатушылар 7 жылдық келісімшарт негізінде күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарын өз міндеттеріне алған. Басшының айтуынша, 83,4 пайыз қамтылған деп көрсетілген аурухана жабдықтарын жаңалап, 100 пайызға жеткізілгенде Созақ аудандық ауруханасы облыстағы үздік үштікке кіретін аурухананың біріне айналады. Лайым, солай болғай!

А.ДОС

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер