Таң бүгін ерекше арайлана атқандай. Оңтүстіктің алтын күзі де сан алуан түске боялған жапырақтармен сұлулана түскен. Табиғаттың осы бір тамаша көрінісінің эстетикалық әсері қазақтың хас батыр ұлының жайма-шуақ жаратылысын еске түсірді.
Шығыстан жарқырай шығып, арқан бойы көтерілген күн оның мейірімге толы мөлдір жанарын елестетті. Әуезді қоңыр үні, жұмсақ даусы дәл жанымнан шыққандай, шырайлы Шығысын, тарихи атамекені – Жарма мен Қалбасын, әйгілі Ақшәулісін айтып тауыса алмас әсерлі әңгімесін дәл қазір естігендей елең ете қалдым. Ойымды самал желмен жерге түсіп жатқан жапырақтардың сыбдыры бұзды. Таңғы салқын серпілткен санама ұялаған дүниені қағаз бетіне түсіруге асығып, үйге ендім. Әңгімеміздің арқауы – Дәулет. Дәулет Болатұлы! Патриот. Балуан. Саясаткер. Кәсіпкер.
Елім десе еңбегін аямайтын ұлтжанды азамат. Тұлғаның тұла бойынан өзім көріп, куә болған, таныған қасиеттерін тізбелегенде алдымен ойыма оралатыны – оның тектілігі. Тектілік топырақпен, қанмен, ана сүтімен келетін қасиет десек, батыр ұлда осының бәрі бар. Кіндік қаны тамған, туып-өскен өңірі Семейдің Қалба тауы аңғарындағы Жарма, Ақшәулі биігі, Таскескен – еліміздің ертедегі тарихи мекені. Қазақтың «топыраққа, текке тартпай қоймайды» деген сөзін растаған жайттар аз емес. Қай-қайсысында болмасын дәйекті дәлел бар. Тарихи деректерге сүйенсек, батыр ұл туған топырақта кезінде Абылай хан жорық шатырын тігіп, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай бастаған батырларымен кеңес құрған деседі. Қалмақ-қазақ соғысының шешуші майданы «Шорға шайқасына» дайындық болған «Қызылбұлақ шайқасы», «Қаракезең қырғыны», «Толағай тұрысы», «Қалба қақтығысы» – бір бөлек әңгіме. Бұқар жыраудың атақты толғауының тууы да осы тарихи өңірмен байланысты. Осы шайқаста ел үшін опат болған батырлардың мәйіті жерленген Қалба тауы бар сырды бүгіп, терең ұйқыға кеткен қариядай сұлқ жатыр.
Абылай хан мен Бұқар жырауға, қалың қолды бастаған батырларға топырағы төсек, тасы жастық болған Ақшәуліде талайы қырылып, қамалғандықтан, қалмақ зираттарының ең көп тұсы да осы жер дегенді айтады тарихшылар. Асан қайғының батасын алып, ән әулие қалықтап, сөз өнері қонған қасиетті мекен – Ақшәуліні найманның ең батыр жауынгер рулары мекендеген екен.
Алпыстан асқан шағында биіктігі екі жарым, ені жарты метр, 20-25 пұттық тасты бір өзі көтеріп, қыстауына әкелген батырдың арғы атасы Қасен ақсақал – ерен қара күш иесі ғана емес, Меккеге атпен екі рет барып, мұсылмандық парызын өтеп, қажы атанған жан. Екі ұлы – Тұрлыхан мен Алдажарды Семейде оқытып, білімін ұштаған, қиын-қыстау кезде елге пана болған Қасен қажының жатқан жеріне елдің зиярат етіп, оны әулие тұтуы бекер емес шығар.
Тұрлыхан атасы дүниеге келген Қандығатай тауының етегі, ол кісі оқып, білім алған, Алаш азаматтарының аяулы мекені болған қарт Семей, өзінің кіндік қаны тамған Таскескен – барлығы ыстық, аяулы.
«Ұямнан ұшқан қыранмын
Өсірген өзің ұланмын.
Қайтпас қайсар қазақпын.
Халқымдай мен де азатпын.
Суыса суыр, күн сөнер,
Суымас біздің жүректер.
Тоқтаса тоқтар жүрген жер,
Мүдірмес бірақ біздің ел.
Сарқылар мүмкін теңіз де,
Артылар біздің күш-жігер»,
деп жырлап, үмітін өлтірмей, бүгіннің туарына сенген, Алаш арыстарымен бір жүріп, мүдделес, тілектес, ниеттес болған Тұрлыхан Қасенұлы, расында, қайтпас қайсар қазақ болыпты. Әке өсиетін тыңдап, жыр-қиссамен сусындап өскен Қасен қажының ұлы алдымен ауыл мектебінде оқып, сосын Семейдегі мұғалімдер даярлайтын сегіз айлық курсқа түсіп, оны бітірген соң ауылда мұғалімдік қызмет атқарады. Семейдегі қазақ педтехникумында оқи жүріп жұмыс істеген Тұрлыхан Қасенұлы аудандық оқу бөлімінде инспектор, мектеп директоры, оқу бөлімінің бастығы, «Еңбек» журналын шығарушы редактор болады. Затаевич 13 әнді Тұрлыханнан жазып алады. Белгілі абайтанушы ғалым, М.Әуезовтің шәкірті Қайым Мұхамедханов «Менің ұстазым» атты естелігінде «Мен бесінші класқа оқуға түстім, мектеп директоры – Тұрлыхан Қасенұлы. Ол нағыз өнегелі ұстаз еді. Менің келешекте қолына қалам алып, әдебиет жолына түсуіме игі әсер еткен, көп тағылым алған, алғашқы ұстазым Тұрлыхан ағамыз болды. Одан екі жыл сабақ алдым, сол екі жыл бір үйде тұрдық», дейді.
Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтермен қоян-қолтық араласып, бірге жүрген, Қазақстан Жазушылар одағынаң мүшесі, ақын, жазушы, публицист Тұрлыхан Қасенұлы 1937 жылы кеңестік империализмнің солақай саясатының құрбаны болып кете барады. Ұсталған сәтте жары Сараға 24 сағаттың ішінде Алматыны тастап елге көшуді тапсырады. Қос ұлы Мұрат пен Болатты арқалаған ана солай Семейге, Ақшәуліге қайтады. Қаламгер 1942 жылы Төменгі Тагильде 40 жасында қайтыс болады.
Әкесі ұсталғанда бар-жоғы бесте болған Болат 1957 жылы Тұрлыхан Қасенұлы ақталғанға дейін халық жауының ұлы атана жүріп, ержетеді. Мәрзиядай адал жарға жолығып, сегіз ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіреді. Атасы Қасен қажыдан бері жалғасқан имандылықты адамдық қасиеттерге ұштастырған ол оқу оқып, жоғары білім алады. Балаларын белгілі бір тәртіппен, спортқа, еңбекке баулып, рухты, өжет, өр етіп өсіреді.
Топырақпен берілген тектілік қасиеті әжесі мен ата-ана тәрбиесімен ұштаса жалғасқан біздің батыр ұлдың осал болуға қақысы да жоқ еді. Сара әжесінің Тұрлыхан атасы туралы кеңестік жүйе естіп қоймасын дегендей сыбырлай айтатын сырлы әңгімелері бала Дәулеттің құлағына құйылып, жүрегінде ұмытылмастай сақталып жазылып қалып жататын. Әсіресе атасын «халық жауы» деп түн ортасында алды-артына қаратпай алып кеткен түні өртенген атасының бір сандық жазбасы, Қажымұқан бабасының тұскиізге ілініп тұратын жейдесінің бір бөлігі есіне түскенде жәдігер мұралардың сақталмағанына өкініп, бала жүрекпен, «шіркін-ай, сонда мен болғанымда ғой!» дейтін. Сосын кеудесін кере дем алып, Қажымұқан балуанмен иық тіресе қатар жүрген Тұрлыхан атасының келбетін көз алдына елестетіп, тәтті қиялға шоматын. Әжесі айтқан ертегіге бергісіз әңгімелер санасында қайта жаңғырып, көз алдында кинолентадай сырғып өтетін. Атасы мен Қажымұқан балуандай болуды армандайтын.
Асқан дүлей күш иесі Қажымұқан ақын, әнші, денесі келісті балуан тұлғалы Тұрлыхан атасын ер мінезділігі мен ақ көңілділігі үшін сыйлап, жақсы көріпті. Ауылға келген кезінде әйелдер ырым көріп Мұңайтпасовтың жейдесін бір-бір жапырақтан жыртып тәбәрік етіп алғанда, мұның атасы да балуанның оң жеңінен алақандай етіп жыртып алыпты. Ерекше құрметті сол жәдігер Алматыдан үдере көшкенде тұскиізде қадаулы күйде қалып кеткені әулет үшін орны толмас өкініш еді.
Әйтсе де, балуан бабасының аруағы желеп-жебегені болар, әкесі Болат қазақша күрестен Қазақстан мен Орта Азияның чемпионы болғанда түсінде сол тәбәрікті көріпті. Оны естіген Сара әжесі «Сені онда Қажымұқанның аруағы қолдаған екен. Кім біледі, төрде ілулі тұрса, үйдегі батырлардың біреуіне балуандық қонайын деген шығар» деп, көңілі босапты. Осылай деген әке әңгімесі әр кез «Шіркін, сендердің біреуің Қажымұқан аталарыңдай қазақтың даңқын асырар балуан болсаңдар, бұл жалғаннан армансыз өтер едім» деумен аяқталатын. Болаттың балалары сол сәтте балуан болсақ, әкемізді қуантсақ деп қиялға шоматын. Десе де әкенің асқақ арманын ақиқатқа айналдырған ұл Дәулет Тұрлыханов болды.
Мен біліп таныған Дәулет – тез қимылдап, жылдам шешім қабылдайтын, алғыр да талапшыл, жүйрік ой иесі. Оның бұл қасиеттері спорттағы жетістіктерінің алғышарттары бола білді десем, қателеспеймін. Оның ұшқыр қиялы мен «арқадан асыра лақтыру» деп аталатын әкесі үйреткен төл әдісі оны өзгелерден оқшау, озық көрсетіп тұратын. Болат әкейдің жеті ұлы бір төбе, Дәулеті бір төбе екенін уақыт өзі көрсетті. Он екі жасында спорт мектеп-интернатына әкесі жетектеп әкелген бала Дәулет араға жылдар салып батыр Дәулетке айналды.
Ол – КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Еуропа, әлем, Азия чемпионы, ХХІV және ХХV жазғы Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері. Бұл – басты жеңістері ғана. Бұлардың ішінде осы сайыстарға жолдама алу үшін жан алып, жан беріскен, қаншама төккен тер, еткен еңбек, қалған көңіл, сетінеген сенім жатыр. Спортты да саясиландырған сәттердегі сайыстардың әділетсіз шешімі сағын сындыра алмаған батыр ұлдың жігерін ештеңе де, ешкім де жасыта алған жоқ. Мұңға толы жанарын сілкіп ашып, намысын қайрап, қайта атқа қонып, «е, аруақ» деп ата-бабасына сыйынып, жеңісті жолдарға қайта ұмтылатын. Жүлдесіз қайтпайтын оның әр жеңісі отбасы үшін ғана емес, елі үшін де, оны сүйіп, жанкүйер болатын әлем жұртшылығы үшін де үлкен қуаныш еді.
Болаттың ұлынан халықтың ұлына айналған ер Дәулеттің біз қызығатын кісілік қасиеті «ұлық болсаң, кішік бол» қағидасын ұстанар қарапайымдылығы. Дәулеттің бойындағы кеңдікті, достыққа деген адалдықты, сенім мен сыйластықты қайталау мүмкін емес. Бұл қасиеттер – жаратқанның пендесінің табиғатына берген ерекше тартуы. Оның Атымтай жомарттығы – өз алдына бір бөлек. Дәулеттің қайырымдылық істері үлгі-өнеге болуға тұрарлық.
Ол ата аманатына адалдық танытты. Айтпай кету әбестік болар. Дәулет Ресейдегі Төменгі Тагиль қаласындағы түрмеде 1942 жылы қайтыс болған Тұрлыхан Қасенұлы атасының басына үлкендігі киіз үйдей құлпытас орнатты. Әлі есімде, 2010 жылы ақпан айында сол жерге барып, кезінде халық жауы атанып, жазықсыз ажал құшқан боздақтардың рухына бағыштап құран оқыдық. Атасының басына қойылған алып құлпытасты көріп, Дәулеттің ерекше тұлға, адал азамат екеніне көзім жетті. Биік жерде, қалың қарағайлы орман арасында орналасқан қорым зұлымдық пен қатыгездік мекеніндей өзгеше сұрланып тұрды. Өлі тыныштықтан жанұшыра айқайлаған зәрлі де ащы дауыс естігендей болдым. Табиғаттың суығы емес, қасіретті жердің азалы аурасы тоңдырған бойымдағы сол суық сезімнен әлденеше уақыт бойы арыла алмай жүрдім. Мұндай суықтық пен жантүршігерлік ауыр күйді осы уақытқа дейін сезінбегенмін.
Дәулет ФСБ-ның рұқсатымен ГУЛАГ архивіне кіріп, атасының бүкіл ісқағаздарымен танысып, солардың көшірмесін, жазған өлеңдерін құрастырып, Тұрлыхан Қасенұлы туралы «Қайтпас қайсар қазақпын» атты кітап шығарды.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор ғылыми дәрежесін иеленген Дәулет Болатұлы – Ресей Федерациясы Қауіпсіздік, қорғаныс және құқық қорғау проблемалары академиясының академигі, Корея Республикасындағы Сеул дене шынықтыру және спорт академиясының докторы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры.
Ол XII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Парламент Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымының депутаты, Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, «Самұрық-Қазына – Астана» корпоративтік қорының бас директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Оның спорттағы жетістіктері мен қоғамдағы қайраткерлік тұлғасы бағаланбай қалған жоқ. КСРО-ның «Еңбектегі ерлігі үшін», ҚР-ның «Ерен еңбегі үшін» медальдерімен, «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері», «Қырғыз Республикасының грек-рим күресінен еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Қазақстан Республикасының грек-рим күресінен еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтарымен, Қырғызстанда олимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Даңқ» медалімен, «Қазақстан Республикасындағы туризмді дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы туризмінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «І Ұлы Петр» орденімен, «Құрмет» «Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендерімен, Моңғолия Республикасының «Достық ордені» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
Әлі есімде. Ресей. Түмен қаласы. Қақаған қыс. Ақпан айы. Осы Түменде Иван Поддубный атындағы грек-рим күресінен халықаралық дәстүрлі жарыс өтті. Орыстар мұқият дайындалған. Шамамен оң мыңнан аса жанкүйер жиналған спорт сарайы жарқырап тұр. Ерекше салтанат сезіледі. Грек-рим күресі әлемінде бұл жарысты балуандар арасындағы кіші әлем біріншілігі деп атайды. Бұл шындық. Жарысқа қатысып жатқандар – кілең ығай мен сығайлар. Күрестің нағыз қызған кезінде Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, ресейлік Александр Карелин микрофонды қолына алып, «Құрметті түмендік жерлестер! Біздің арамызда КСРО-ның жеті дүркін, әлем және Еуропа чемпионы Дәулет Тұрлыханов отыр. Сәлем берейік!», дегенде бүкіл көрермен орындарынан тұрып, ұзақ уақыт ду қол шапалақтап, айрықша құрмет көрсетті. Орыстар өз балуандарының жете алмаған жеңісіне қазақтың қара баласы қол жеткізгеніне бас иді. Әділ баға берді. Осы сәтте көзіме жас келді. Қазақ болғаныма мақтандым. КСРО-ның біріншілігін қатарынан жеті рет жеңіп алу – қайталанбайтын нәтиже! Фантастика! Мұндай азамат бір ғасырда бір рет қана туады. Енді Дәулетті ер демегенде кімді ер дейміз?!
Ол туралы түсірілген деректі фильмдер, жазылған эссе, мақалалар, алынған сұхбаттар еліміздің және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келеді. Қ.Рысбекұлының «Дәулет», П.Матущактың «Батыр из рода Турлыхана» атты кітаптар бар. Алайда бүгінгі таңда елімізде Дәулет феноменін зерттеп, іс-тәжірибеге енгізуге арналған зерттеулер мен ұйымдастырушылық нақты іс-әрекеттердің жоқ екенін мойындауымыз керек. Бұл олқылықты жою – білікті мамандар мен басшыларға аманат.
Алпыстың асқарына шыққан Дәулет Болатұлы Тұрлыханов – бүгінде VІІІ шақырылған Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Аяулы жары Гүлнәрмен алты баланы тәрбиелеп, өсіріп, олардан немере сүйіп отыр.
Батыр ұлын халқы төбесіне көтеріп, құрметтеуін тоқтатқан емес. Көз алдында өскен балуан балаларының әр жеңісіне қуанған қалың қазақ әлемнің әр түкпіріндегі достарының тілегін қошеметпен қолдайды. Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін грек-рим күресінен республикалық турнирдің дәстүрлі түрде үзіліссіз өтуі де сол құрметтің бір үлгісі болса керек. Десе де, кейінгі уақытта интернет көздерінде біртуар азаматқа тас лақтырушылар пайда болған сияқты. Бекер әрекет. Бос әурешілік. Ұсақтану алысқа апармайды. Бәріміз мейірім мен қамқорлыққа мұқтаж екенімізді ұмытпайық. Халық «Адам тастай берік, гүлден нәзік» деп бекер айтпайды ғой...
Біреу біледі, біреу білмейді: Қазір Дәулет Тұрлыханов – «Азия біріккен күрес әлемінің» президенті. Қытай, Үндістан, Корея, Жапония, Моңғолия, Иран, Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстан тағы басқа алып мемлекеттер өкілдері де бұл қызметтен үмітті. Қызыға және қызғана қарайтыны анық. Сондықтан біз бауырымыз Дәулет Тұрлыхановтың осы құрылымды басқарып отырғанын мақтан тұтамыз. Марқаямыз.
Бойына Алла берген алып күшті еңсере білген Дәулет бар болғаны алпысты жүгендеді. Бұл жас – Дәулет үшін толысу мерзімі. Алар үлкен асулар алда. Жемісті жетістіктер – келешекте. Біз оған сенеміз!
Оңалбай АЯШЕВ,
ҰҒА академигі,
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор