Қазақ-өзбек шекарасында орналасатын өнеркәсіптік кешеннің құрылысы биыл басталады

image.png

Биыл тамызда Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасатын «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация кешенінің құрылысы басталады. Бұл туралы Өзбекстанға жұмыс сапарымен келіп, аталған жобаның жай-күйін талқылаған ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Қазақстанның Түркістан және Өзбекстанның Сырдария облыстарында салынатын өнеркәсіптік кешен 100 гектарға жуық аумақты қамтиды. Біздің ел тарапынан 50 гектар жер бөлініп, кешенді салатын инвестор табылған. Жоба бойынша, онда жабық кешен құрылып, өндіріс және көтерме саудаға лайықты жағдай жасалмақ.

«Біздің жақтан негізгі инвестор анықталды. Ол индустриалды аймақты мемлекеттік және жекеменшік капиталды біріктіру арқылы салады. Қазақстан жақтан 50 гектар бөлінді. Оны 100 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы тамыз айында кооперация салына бастайды. Жұмыс тобының отырысы кезінде Өзбекстанның мақта өңдеу компаниясымен келісімге қол қойылды. Ол кәсіпорынға салынатын кешеннің ішінен 15 гектар аумақ беріледі. Сол жерде компания өзінің өндірісін жолға қояды», - деді Қайрат Төребаев Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Өнеркәсіптік кешеннің Қазақстандағы бөлігіне индустриалды аймақ мәртебесі беріледі. Тиісінше, оның аяснда кәсіпкерлерге жеңілдіктер ұсынылады. Кейін онда өндірілген өнім екі елдің нарығымен қатар, үшінші мемлекеттерге де экспортталады. Нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу көзделген.

«Құрылысты 2027 жылға қарай аяқтаймыз. Қазір екі жақта орналасатын, кәсіп бастайтын инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Жергілікті ғана емес, сонымен қатар шетелдік бизнес өкілдері де осында өндіріс ашуға ниетті. Оған дейін қажетті инфрақұрылымды жасақтаймыз», - деді Сырдария облысы инвестиция және сауда басқармасы басшысының орынбасары Бекмурод Акбаров.

Кешеннің толық іске қосылып, сауда-саттығы жолға қойылатын кезең ретінде 2030 жыл белгіленіп отыр. «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперациясы Түркістан және Сырдария облыстарының ішкі жалпы өнімін арттырып қана қоймай, шекаралық аймақтарды ірі логистикалық хабқа айналдыруға ықпал етпек. Екі жақтан да осы іспен айналысатын құзырлы органдар айқындалған.

Тараптар кездесу соңында бірлескен құжатқа қол қойып, өздеріне тиесілі аумақта қадағалауды күшейтуге уағдаласты.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер