Өтіп бара жатқан Ұлу жылы Шымкентке саябақтар мен аллеялар «жауған» жыл болды. Тұрғындар демалатын осындай нысандар мегаполисте бірінен кейін бірі ашылып, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халықтың алғысы мен рахметіне көміліп қалды десек, артық айтқанымыз емес. Әрине, аллея әрі қаланың көркі, әрі жұртшылықтың сүйікті орны. Бірақ естіген елдің жүрегін елжірететін сауапты тірліктердің арғы жағында қарапайым халық біле бермейтін біраз құпиялар бар сияқты. Құпия демекші, соңғы аптада осы жұмыстардың басы-қасында жүрген біраз шенеуніктің басына бұлт үйірілді деген ресми емес ақпарат та бар. Бұл туралы кейінірек, алдымен ресми мәліметке тоқталайық.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы таратқан мәліметтер бойынша биыл Шымкентте 24 сквер пайда болған. «BIG tulip», «Спутник» скверлері және «Аналар» аллеясы салынып, «Көл» демалыс аймағы қайта жаңғыртылды және бұрынғы істен шыққан 6,2 шақырым балалар теміржолының орнына, веложолақ пен жаяу серуен аймағы ұйымдастырылды. Қалалық әкімдіктің бұған дейінгі таратқан мәліметі бойынша бұл жұмыстарға бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. Бәрі демеушілердің есебінен іске асқан. Мәселен, жоғарыда аталған Сайрам-Жібек жолы көшелерінің қиылысынан бой көтерген «BIG tulip» скверін «BI Group» компаниясы салып берген. Иә, сол баяғы елді шулатқыш, соңғы жылдары Шымкенттен айналшықтап шықпай қойған, биліктегілер айрықша артықшылықтарды үйіп-төгетін «BI Group» компаниясы ғой.
Қайбір жылы «BI Group» елдің наразылығына қарамастан Шымкенттегі қырық жылдық тарихы бар атшабарды бұзып, орнына заманауи тұрғын кешенін салды. Компания оның есесіне мегаполиске ипподром, одан бөлек заманауи тұрғын үй кешені аумағынан мектеп пен емхана, «Шымситиге» жалғасып кететін променад (аллея немесе бірнеше жерде фонтандары бар, рекреациялық зона) және Дендропаркке өтетін жаяу жүргіншілерге арналған велокөпір салып беруге уәде еткен т. Бұл туралы сол кездегі қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтқан. Алайда «BI Group» атшабардан басқа ештеңе салған жоқ. Оның есебін сұрайтын басшы да табыла қоймады...Бәлкім биыл салып берген сквер осының өтеуі шығар. Әй, қайдам!
Естеріңізде болса, биыл мамырда Мәжіліс депутаты, «Аманат» партиясы жанындағы «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек фейсбуктегі парақшасында Шымкентте тұрғын үй кешендерін салып жатқан «BI Group» компаниясының заң талаптарына мойынұсынбай отырғанын, ал қалалық әкіміктің оған қарсы шарасыздық танытып отырғанын жазған болатын. Мәселенің мәнісі былай: 2022 жылы Мұрат Әйтенов басшылық ететін Шымкент қалалық әкімдігі әдеттегіше, 2,2 гектар жерді «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берген. Әдеттегіше инвестициялық жобаларды іске асыру үшін деген желеумен. Ал корпорация сол баяғы сценарий бойынша оны «BI Group»-тің аффилирленген компаниясы - "ШығысМонтажСтрой" ЖШС-не сатып жіберген.
--Жалпы, аталған көп қабатты үйді тұрғызу Жер кодексінің 48-бабы мен Кәсіпкерлік кодексінің 276-бабына сәйкес инвестициялық жобаға кірмейді, көп қабатты тұрғын үй бұл инвестициялық жоба болатындай өнеркәсіп өндіріс ошағы емес, сондықтан Шымкент қаласы әкімдігі аталған жерді Жер кодексінің 48-бабындағы негіздерді ескере отырып аукционға шығаруы тиіс еді. Бірақ, Шымкент қаласы әкімдігі мен СПК "Shymkent" іс әрекеттерінде жер заңнамасы мен Кәсіпкерлік кодексі талаптарын қатаң түрде қасақана бұзу орын алғандықтан 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап арызын жолдады. Шымкент қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 17 мамыр 2023 жылғы шешімі мен Шымкент қалалық сотының 31 тамыз 2023 жылғы қаулысына сәйкес Шымкент қаласы әкімдігінің қабылдаған қаулысы заңсыз деп танылған.
Соттың шешімі заңды күшіне енсе дағы, "ШығысМонтаж-Строй" ЖШС-інің құрылыс жұмыстарын тоқтататын түрі жоқ, Шымкент қаласы ГАСК басқармасы, Әділет департаменті, қала прокуратурасы, Шымкент қаласы әкімдігі және басқа да билік органдары тоқтатуға қауқарсыз болып отыр. Жергілікті биліктің қауқарсыздығын пайдаланып заңды белшесінен басып жүрген «BI-Group»-тің іс әрекетін жақын арада екінші рет көтереміз!—деп жазған еді Мәжіліс депутаты.
Алайда сот шешіміне қарамастан «ШығысМонтаж-Строй» компаниясы Бәйтереков-Назарбаев көшелерінің қиылысындағы «Ұлы дала» тұрғын үй кешенін салуды тоқтатпады. Биыл департамент сотқа екінші қайтара арызданады. Қаңтарда сот бұл талап арызды да қанағаттандырған.
--Жауапкер «ШығысМонтаж-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кадастрлық №22-330-051-179 жер телімінде құрылыс жұмыстарын жүргізуі тоқтатылсын,-делінген биылғы сот шешімінде. Бірақ соттың бұл шешімін де елеусіз қалдырған «ШығысМонтаж-Строй» құрылыс жұмыстарын осы уақытқа дейін жалғастыруда. Оны тоқтатуға Шымкент қалалық әкімдігінің де, бақылаушы, қадағалаушы органдардың да шамасы жетпеді. Сөйтсек, тоқтатпаудың арғы жағында мықты бір себеп бар сияқты.
Шымкент қалалық әкімдігінің, оның ішінде өзін өте әділетті, тек заң талаптарымен жұмыс істейтін, жемқорлыққа қарсы керемет позиция ұстанатын шымкенттік шенеуніктердің осыншамса заңсыздықтарға көз жұмып отыра беруі мүмкін бе? Сквер салып берудің арғы жағында «сен маған, мен саған» деген бір келісімнің жатпасына кім кепіл? Сонда бұл сыбайластықтың қай түріне жатады? Заңдастырылған сыбайластық па әлде заманауи сыбайластық па? «BI Group» компаниясы бүгінде Шымкенттің бірнеше жерінен тұрғын үй кешендерін салып жатқаны белгілі. Егер шымкентітк аьқамінерлер осылайша «тіл табысып» жұмыс істеуді тереңдете берсе, «BI Group» алдағы уақытта Шымкенттің орталығынан ешкімнің қолы жете бермейтін тағы бірнеше жер телімдерін алуы мүмкін.
Бұл тек бір ғана «BI Group» компаниясына қатысты жағдай. Ал енді басқа нысандарға демеушілік көрсетіп жатқан әр компанияның арғы жағында осындай бір мүдделер, тіпті мәжбүрлеулердің жатпасына кім кепіл? Қайбір жылдары облыс әкімі болған Асқар Мырзахметовтың тұсында әкімдердің тендерге қатысатын компанияларды тізеге салып, демеуші болуға, әлеуметік нысан салуға күштеп жатқаны туралы кәсіпкерлердің арыздары ақпарат құралдарында жарияланып еді. Шымкенттік шенеуніктер кәсіпкерлерді демеуші болуға тартудың ешкімнің ойына келмеген тың жолын тапқаны ма? Мұның ақыры немен тынады?
P.S. Айтпақшы, біз Шымкент қалалық қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшыларына жолығып, мән-жайды білмек болғанбыз. Алайда басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбековке жолығу мүмкін болмады. Хатшысы бастықтың жиналысқа кеткенін, қай уақытта келетіні білмейтінін мәлім етті. Орынбасары Арман Абдешев денсаулығына байланысты демалыста болып шықты.
Бірақ елдің аузында басқарма басшысы мен орынбасарының жұмыста болмауына қатысты басқаша әңгімелер өрбіп жатыр. Басқармада бір жағдай болған ұқсайды. Бірақ құзырлы органдар бұл туралы неге ешқандай ақпарат таратпай отыр? Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.