Осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын Түркістанның іргесінен салынған, көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналып, туристерді тартады деген «Шаға» жасанды көлінің бүгінде талқаны шығып жатыр. Қайбір жолы әлеуметтік желіде жағажайдың қараусыз қалып, жуынатын жері, дәретханасының бүлінгені, көшеттердің қурап қалғаны туралы бейнежазба таралып, көпшілік арасында қызу талқыланды.
Осыған қатысты «Рейтинг» газетінде де көкейтесті мақала жарияланған соң жуырда редакцияға Түркістан облыстық құрылыс басқармасынан және осы жасанды көлде жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаған техникалық қадағалаушы мекеменің өкілдері келіп, мәселенің мән-жайына түсінік берді.
«Бақсақ бақа екен» демекші, мамандардың берген мәліметтерінен түсінгеніміз, жағажайдың осындай мүсәпір күйге түсуіне мердігерлердің де, оның құрылысына тапсырыс беруші Түркістан облыстық құрылыс басқармасының да, сол кездегі облыс басшысы Ө.Шөкеевтің де қатысы жоқ. Мәселенің мән-жайы облыстық туризм басқармасына барып тіреледі екен. Ең таңқаларлығы, ел шулап жатқан кезде басқарманың басшысы Нұрдәулет Медеуов үндемеген. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегені шығар. Президенттің «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын түркістандық шенеуніктер осылай түсінетін болса керек.
– Нысанды пайдаланушы және сенімгерлік басқаруға алған мекемелер өзіне тиісті міндеттерін жеткілікті жағдайда орындамаған. Яғни, бәріне сол мекемелердің жауапсыздығы, өз міндетіне салғырт қарауы себеп болған,–дейді мамандар. Мәселенің мәнісін тарқатып айтайық.
Облыстық құрылыс басқармасының қызметкері, осы нысанға жауапты жетекші маман Әсет Қадырбектің айтуынша, «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының инженерлік инфрақұрылымын салу» немесе «Шаға жасанды көлі» деген атауға ие болған жобаның негізгі мақсаты Түркістан қаласын көктемгі су тасқынынан сақтау, қар мен жаңбырдан жиналған суларды көгалдандыруға қолдану, қаланың микроклиматын жақсарту, сонымен қатар жаз айларында жағажайды шомылу аймағы ретінде қолдану болған. – 2012 жылы қатты жауын-шашын кезде Түркістан қаласының бірқатар елді мекендерін су алып кеткен. Жоба осындай апатты жағдайларды болдырмау үшін қолға алынған және ол өзінің мақсатына жетті деп есептеуге болады. 2023 жылдың ақпан айында Сауран ауданының аумағында су тасқыны кезінде көлдің өзінде жиналған су көлемі 2,5 млн текше метрден асты, бұл өз кезегінде жасанды көлдің су жинау қуаттылығы ең жоғарғы жобалық деңгейінен асып түседі. «Шаға» көлі өз функциясын толық деңгейде орындай отырып, Түркістан қаласын су тасқынынан сақтап қалды. Көлге жиналған сулар одан ары қарай Түркістан магистральдық каналына және «Шаға» ағызу каналына жіберіледі. Жаз мезгілінде көл «Кеңсай Қосқорған – 2» су қоймасынан келетін сумен толтырылады,– деді Ә.Қадырбек.
Жалпы жобаның құны 9,3 млрд теңгені құраған. Қаржының басым бөлігі көлді, каналдарды салуға жұмсалған. 2022 жылы жағажайда шомылу маусымын ашу үшін нысанды 2 учаскеге бөлу туралы шешім қабылданады. №1 учаскедегі жұмыстар толығымен аяқталып, 2022 жылдың 5 маусымында пайдалануға берілген. Нысанның одан кейінгі тағдыры былайша өріледі.
– 2022 жылдың 28 маусымында Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы басшысының бұйрығымен №1 учаске облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізілген. 8 шілдеде Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, нысан облыстық туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-на сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда пайдаланушы мекемелер («Тұран су», «Open Turkistan») тарапынан нысанды күтіп ұстау жұмыстары дұрыс жүргізілмеуіне және жасанды көлге қажетті сумен қамтамасыз етілмеуіне байланысты жағажай аймағы жарамсыз күйге түскен. Сонымен қатар, қажетті деңгейде күзетпен қамтамасыз етілмеуі себепті, нысан басында вандализмдік әрекеттердің орын алуы әсерінен ғимараттар бүлінген, кейбір мүліктер мен құрал-жабдықтар ұрланып, қолды болып кеткен. Ұрлық фактілері бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті тарапынан қылмыстық істер қозғалған,– дейді «Стройконсалтинг LTD» ЖШС-ның техникалық қадағалаушысы Айдархан Исабаев.
Фотода: Әсет Қадырбек, Айдархан Исабаев
Яғни, мамандардың айтқанынан түсінгеніміз, туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» өзіне тиесілі міндеттерді орындамаған. Естеріңізде болса, 2022 жылдың тамызында облыс әкімі Ө.Шөкеев отставкіге кеткен соң, облыстық туризм басқармасы дербестігінен айырылып, мәдениет басқармасына қосылды. 2024 жылы қайта бөлінді. Осындай алу-қосу жұмыстары туризм саласындағы жұмыстарға салқынын тигізген сияқты. «Байтал түгілі бас қайғы» болып жатқан мекеменің Шаға жағажайын күтіп ұстау, туристерді тарту жұмыстарымен айналысуға құлқы болмағанға ұқсайды
Енді бөлінген қаражат мәселесіне келсек. Мамандардың бізге берген мәліметтеріне қарағанда, 2024 жылдан бастап Түркістан облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті нысанға бөлінген қаражаттардың жұмсалуына тексеру жүргізуде.
– №1 учаскеге жалпы көлемі 6,9 млрд теңге қаралып, ол толығымен игерілген. Ал, екінші учаскеге 2,28 млрд теңге бөлу жоспарланған. Алайда бүгінгі таңда №2 учаске бойынша қаржыландырудың болмауына байланысты, құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бюджеттен қаржы қарастырылған жағдайда құрылыс жұмыстары жалғасатын болады,– делінген мамандардың бізге таныстырған құжаттарында.
Осы жерде айта кетері, 2023 жылдың күзінде Астанада өткен брифингте сол кездегі облыс басшысы Дархан Сатыбалды «Шаға» жасанды көліндегі құрылыс жұмыстары қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалғанын айтқан болатын.
Ал, енді құрылыс жұмыстары аяқтала ма, жоқ па? Биыл жазда Шағада шомылу маусымы бола ма, жасанды көлге су толтырыла ма? Бұл жағы әзірге белгісіз.
Енді мақаламыздың басындағы әңгімеге қайта оралсақ. Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында «Шаға» жағажайының қазіргі аянышты жағдайы жарияланып, жұртшылық шулап жатқан кезде туризм басқармасының тым құрыса мәселенің мән-жайын түсіндірмеуі тегін бе? Басқарманың басшысы Нұрдәулет Медеуов бұл қызметке былтыр қыркүйекте тағайындалған. Жұмысына кеше келген басшы емес. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» 2022 жылы құрылған. Құрылтайшысы облыстық туризм басқармасы. Мекеменің міндетіне облыстың туризм саласындағы кәсіпкерлікті, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдау және дамыту, туризм саласындағы кәсіпкерлік қызметтің деңгейін көтеру кіреді екен. Мекеменің туризмнің деңгейін қаншалықты көтеріп жатқанын өзіңіз бағамдай беріңіз.
Жалпы Түркістан облысында туризм саласына миллиардтар құйылса да жеткен жетістіктің жоқ екендігі бұған дейін де «Рейтинг» газетінде бірнеше дүркін жазылған. Атқамінерлер жетістік түгілі қолда барды да бағалай білмейді. Бюджеттің қайран қаржылары десеңізші. Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесі ресми түрде бекітілген, былтыр ғана түркі әлемінің туристік астанасы атанған Түркістандағы тірлік осы болғаны ма? Бұған енді туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, осы салаға бақылау жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов не айтады?
«Рейтинг» газеті, 14 мамыр 2025 жыл.