Созақ торқалы тойды тойлағалы жатыр

33574375_248062562429355_4237964051960823808_n.jpg

Қысқа жіп күрмеуге келмейтін кезеңде көп мәселе шешілді

Созақ жері Қазақ хандығының алғашқы ордасы, қазақ тарихында түрлі оқиғаларға, талай өзгерістерге куә болған қасиетті мекен. Тарихы тереңде жатқан өңірге Кеңес Одағы кезінде көп көңіл бөлінбегені рас.  Созақ облыс орталығынан шалғайда орналасқан, республика бойынша жағдайы ең қиын 33 ауданың қатарында саналды.

Дегенмен экономикасының негізгі бағыты мал шаруашылығы болған аудан бұл салада жақсы жетістіктерге жетті. Кеңес өкіметі тарап, республикамыз Егеменді ел болған кезде аудан біршама қиындықтарды бастан кешірді. Кеңшарлар тарап, еңбекақы, зейнетақы, балалардың жәрдемақысы уақтылы төленбей, халықтың тұрмысы нашарлады.

1992 жылы мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалдым.  Осы жылдары ауыл шаруашылығы саласында реформалар басталып, елдің пай үлесін, жер үлесін бөліп беру, шаруашылықтарды жекешелендіру науқаны басталды.  Ол өте шиеленісті жағдайды өтті, әсіресе, техникаларды үлестіріп беруде тығырыққа тірелдік. Кеңшарды 1 экскаватор, 1 жүк көтеретін кран, жерді тегістейтін бір бульдозер болды. Осы техникаларды бөлшек-бөлшекке бөліп аламыз деген даулар туындады.

1997 жылы аудан әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалдым.Тоқсаныншы жылдардың соңы да ауданға  аз «сыбаға» сыйлаған жоқ.  Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақыны уақтылы төлемеу әлі жалғасып жатты. Қысқа жіптің күрмеуге келмейтін кезеңде жергілікті атқарушы органдардың мойнына көп жауапкершілік жүктелді. Өтпелі кезеңнің қиындықтарын шешу үшін батыл шешімдер қабылдап, тұйықтан шығатын жол іздедік.

 1999 жылы 20 тамыз күні аудан әкімі болып тағайындалдым. 70 жыл бойғы Кеңес үкіметі кезеңінде Созақта ауданның бірінші басшылығына жергілікті жерден шыққан бірде-бір кадр тағайындалмаған екен.  Сол кездегі облыс әкімі Бердібек  Сапарбаев аудандағы жиында «сіздерге аудан әкімі етіп осы елдің тумасы Созақбайды Созақ ауданына әкім етіп тағайындадым» деген сөзі әлі есімізде.

Ол кезде ауданның бюджет кірісі небәрі 299 миллион теңге болатын.  Уран өндіріс саласы әлі ауданға қарамайтын.  Кеңес өкіметі кезінде Мәскеуге бағынатын (средмашиностроение министрлігіне), ондағылар әлі де егемендігімізді толық мойындай қоймаған.

Осы қиындықтардан шығу мақсатында ауданда арнайы бағдарлама жасалынып,  ауыл шаруашылығы саласын барынша сақтай отырып Теріскейден өндірісі дамыған аудан жасау мақсатын алға қойдық. Республика басшыларына шығып, ауданның экономикалық – әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында тиісті шараларды атқару мәселесі қойылып, нақты жұмыстарды ұйымдастыру басталды.

Алға бірқатар міндеттер қойылды. Солардың ішінде  тиісті салықтарды ауданға төлеткізу, өндіріске кадрларды жергілікті жердің халқынан алу, әлеуметтік салаға барынша көмектесу мәселелері қамтылды.    Таукент поселкесінде өндіріске қажетті 4 мамандық бойынша кадрлар дайындау үшін колледж ашылды.

Салықты толық ауданға түсіру  үшін Тау-Кен басқармасы ашылып, барлық өндіріс орындары сол мекеме бағындырылды.  Ол мекемеге  ауданның Салық комитетіне тіркелді. 2010 жылы мен облысқа ауысқан кезде ауданға 65 миллиард теңге салық түсіп, 85 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Осының барлығы «Қазатомөнеркәсіп» мекемелерінің басшылығымен түсіністікпен жұмыс істегеннің нәтижесі еді.

Ауданнан шыққан озат оқушыларды осы салаға маман дайындау мақсатында Францияға, Ресейге, Канадаға жіберіп оқытып, Алматыда Политехникалық университетінде арнайы факультет ашылды.  Жылына 40 – 50 бала білім алып шықты. Жақында атом өндіріс саласының мерекесіне қатысып, негізгі қызметкерлердің өзіміздің қаракөздер екенін көріп, өте қатты қуандым. Біз бір кезеңдерде «осылай болады ма?» деп ойлағанбыз. Бұған «Құдайға шүкір» деуіміз керек.

Созақ ауданында уранмен қатар табиғи газ, көмір, мұнай тағы басқа жерасты қазба байлықтары бар. Олардың бір уақытта игерілетініне сенемін. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Созақ ауданының әкімі Салыхан  Полатов бастаған команда істің көзін таба білетінін дәлелдеді деп ойлаймын.

Құрметті жерлестер!

Киелі де қасиетті Созақ ауданының 90 жылдық мерекесімен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын! Әрдайым заманымыз тыныш, еткен еңбегіміз жемісті, табысымыз толағай болсын!

Созақбай Әбдіқұлов,

Созақ ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстан Республикасының атом саласына еңбек сіңірген қызметкері.



Screenshot_1.jpg

Теріскей -Оңтүстіктің ырысы

Соңғы оншақты жылдың көлемінде Созақ ауданының халқы 15 мыңға көбейген. Бар-жоғы алпыс мың халық тұратын өңір үшін бұл жақсы жетістік. Ал 2000 жылы бар-жоғы 300-400 миллион теңге бюджеті бар ауданның қазіргі қазынасы 14 миллиард теңгені құрайды. 

Республикалық, облыстық, аудандық бюджетке 70-80 миллиард теңге салық төлейді. 300 миллиард теңгенің  өнімін өндіреді. Бұл дегеніңіз бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында өндірілген өнімнің 20 пайызын құрайтын. Бұрын тек аграрлы, оның ішінде мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауданда өнеркәсіп қысқа уақыттың ішінде қарыштап дамыды. Бұл әрине уран өндіруші компаниялардың арқасы еді. Теріскей бүкіл Оңтүстіктің ырысына айналды. 

Бүгінде уран компанияларында 10 мыңнан астам халық жұмыспен қамтылған. Оның 70 пайызы жергілікті жердің тұрғындары. Жоғары жалақы алады. Соның арқасында Созақ ауданындағы орташа жалақының мөлшері өзгелерден жоғары. 

Мен еңбек жолымды өзімнің туған ауданымда 1996  жылы аудан әкімі аппаратында қарапайым жетекші маман болып бастадым. Аудан әкімінің орынбасары, мәслихат хатшысы, уран мекемелерінде директор лауазымдарын атқардым. 2015-2017 жылдар аралығында аудан әкімі болдым. Теріскейдің соңғы 20 жылдан астам уақытта жеткен жетістігінің бәрі көз алдымда десем артық айтқаным емес шығар. 

Әкімдік еткен жылдары бір кездері атағы алысқа кеткен Қызылкөлде демалушыларға жағдай жасалды. Елдімекендердің арасын жалғайтын жол салуға басымдық берілді.  Төрт бірдей мектеп ғимараты салынды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған цех пайда болды. Қымыран өндірісі жолға қойылды. 50 тұрғын үй – 50 отбасыға қуаныш сыйлады. Теріскейдің қаракөлі араб елдеріне экспорттала бастады. Шолаққорған ауылындағы орталық саябақта Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған мемориал-тақта толықтай жаңартылды. Оған 6000 майдангер мен Ауған соғысына қатысқан 32 азаматтың аты-жөндері түгелдей жазылды...Жаза берсек атқарылған тірліктер көп-ақ... 

90 жылдықта Созақ өңірінің дамуына қаншама азаматтар өз үлестерін қосты. Біздің бүгінгі мақсат аға ұрпақтың осы өнегесін ары қарай жалғап, туған жерді түлету. Мерейтой құтты болсын, жерлестер!

Мақсат Исаев,

Түркістан облысы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 


Дереккөз: Рейтинг газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер