Маусым айында «Сақ киностудиясы» ұсынған «Төле би» көпсериалы фильмі өз көрерменімен қауышқан болатын. Төрелікті тура айтып, әділдіктің ақ жолымен жүрген дана бидің образын ашқан театр және кино актері Абзал Төленмен сұхбаттың сәті түсті. Театр және кино саласы туралы тұшымды ойларымен бөліскен актер, өнерді - өмірім деп бағалайды.
- Абзал аға, сұхбатымызды Шанин театрының 86-шы маусымының шымылдығын түрген «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-музыкалық толғауы турасында бастасақ.
- «Желсіз түнде жарық ай» - Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған қойылым. Республика, тіпті әлемде ұлы ақын шығармашылығына арналған эстафета жалғасуда. Оған біз де өз үлесімізді қостық. Театр – өз көрермендерін «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-музыкалық толғауымен қуантты. Әрі қарай театр репертуарындағы қызықты қойылымдар жалғаса береді. Алдағы уақытта, 86-шы маусым әсерлі қойылымдарымен, ерекше образдарымен кезекті тарихын жасайды деп ойлаймын.
- Жаңа маусымдағы алғашқы қойылымның көрермені көп болды. Дегенмен, театр көрермендерінің қатары азайып бара жатқаны да кейде айтылып қалады. Осы орайда, қала мәдениетін көтеріп, көпшілікті театрға шақыру үшін қандай жаңашылдық қажет деп ойлайсыз?
- Байқап қарасаңыз, қаланың құрылысына, әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінетін қаржы жетерлік. Ал, мәдениет саласына бөлінетін қаржы мүлде аз. Басқа қалаларға қойылымдармен барар болсақ, театрда қаржы жағынан қиындықтар туындайды. Мәдениет – қазақ халқының дәстүрін, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін рухани азық отаны. Мәдениет – бұл, тек қана мәдени орындар, өнердің ордасы ғана емес, адамның жеке өзін және өзгені сыйлауға үйрететін құнды дүние. Оның тереңіне бойлап, үңілу үшін, ұрпақтың бойына бала күннен сіңіру қажет. Қазіргі таңда көпшілік театр – үлкендер баратын орын деп айтып жатады. Сауатсыз түсінікті алып тастау үшін, баланы жастайынан мәдениет саласына жақын еткен жөн. Сонда ғана болашақ ұрпақта жақсы ой қалыптасады.
Ал, театрға көрермен жию үшін заманауи ізденістер қажет. Қазір технологияның дамыған уақыты болғандықтан заман талабына сай дүниелерді сахнаға алып шыққан жөн. Мысалы, мәдениет үйлері жас драматургтер жазған қойылымдарды қояр болса, көрермен тарапынан аса қызығушылық болмайды. Ал, аға буын драматургтер жазған дүниелерді жастар түсіне бермейді. Сондықтан да, екі тарапты қолдай отырып, жақсы бір дүние жасап шығаруға болады. Театрға көрерменнің аз жиналуының тағы бір себебі, бізде жарнама жасау жағы төмен. Мысалы, әншілердің жарнамасы көп ілінеді, театрдікі жоқ. Барлық мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Президент Қасым - Жомарт Тоқаев Жолдауында мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келе жатқанын айта келе, Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту, міндетті әлеуметтік жеңілдіктермен қамтуды тапсырды. Яғни Мемлекет басшысы ертеңгі күнге сенімімізді нығайтты, мәдениет саласын дамыта түсудің алғы шарттарын жасады.
- Актер болу бала шақтың арманы ма? Театр және кино саласына қалай келдіңіз?
- Әрине, балалық шақ үлкен армандардың мекені. Кішкене күнінде президент болуды армандамаған бала жоқ шығар. Сол секілді - әртіс болу үлкен арманым болды. Мектеп қабырғасында жүргеннен сахнаға шығып, бар өнерімді салып жүрдім. Одан кейін ауылдағы мәдениет үйінде құрылған халықтық театр құрамында түрлі рөлдерді сомдадым. Адамға тоқсан тоғыз пайыз талап, бір пайыз талант жеткілікті дейді ғой. Сол секілді, өнерге - талаптанып, талпынып өстім. Әркім өзінің жаны қалаған істің жанынан табылғысы келеді. Сол секілді, өнер – менің өмірім.
- Бір рөлді сомдауға қанша уақыт жұмсайсыз? Ең алғаш сомдаған рөліңіз қандай?
- Рөлді сомдауға қарағанда, образ шығару қиын. Егер, актер сомдаған образ дұрыс шықпай, ізденісің аз болса халық та сенімсіздік білдіреді. Егер, образың жоқ болса, көрерменге қандай кейіпкер көрсеткеніңді, кім болып шыққаныңды түсінбей қаласың. Спектакль жағынан айтар болсам, сахналанатын қойылым белгілі болғаннан кейін, қолға сценарий беріледі. Сосын өзіміз сомдайтын рөл, кейіпкер туралы іздене бастаймыз. Аз уақыттың ішінде образ ойлап тауып, сахнаға шығамыз. Әртіс шығарған кейіпкер, ізденіске байланысты. Өз рөліңді зерттеп шықсаң, көп уақыт оздырмайсың. Өзім білім алған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика және мәдениет факультетінде «Думан» халықтық жастар театры бар болатын. Соның құрамында «Махаббат қызық мол» жылдар спектаклінде Ерболдың рөлін сомдадым. Спектакльдің не екенін түсінбей жүрген кезім. Осы сәттен бастап театрға, спектакльге ғашық болдым. Студенттік төрт жылымда 40-қа жуық қойылымда басты рөлдерді сомдаған екенмін. Алайда, әртіс үшін басты рөл емес – алып шыққан образы маңызды.
- Әртіс үшін образ шығару қиын дедіңіз. Осы күнге дейін сомдаған образдарыңыздың ішінде өміріңізге әсер етіп, сол кейіпкерден шыға алмай қалған сәттеріңіз болды ма?
- Мұндай жағдай әсерлі рөлдерді сомдап шыққанда болады. Театрда, «Бір түп алма» ағашы деген қойылым сахналанды. Ол – психологиялық драма болатын. Қойылымда үйдің үлкені, ағаның рөлін сомдадым. Әрине, әр адам өз бауырларына, ата-анасына қамқор болуы тиіс. Алайда, менің кейіпкерім отбасын құрғаннан кейін әйелінің соңынан еріп, ауылдағы туғандарын тастап қалаға кетеді. Қойылымның шарықтау шегіне келгенде, ағасы жарылып, ішіндегі шер-мұңын айтады. Сол сәтте, персонажымның рөліне еніп кеткеннен бе, қан қысымым көтеріліп кетті. Аяқ-қолым дірілдеп, құлағым естімей қалды. Қойылым біткен соң да сол кейіптен арыла алмадым. Шарықтау шегіндегі әсер мен көзімдегі жас бір-екі күнге дейін бойымда қалып қойды. Кейінгі спектакльде алдыңғы сомдаған кейіпкеріңнің әрекеті қайталанып келіп жатады. Ондай жағдайды мүлдем алып тастауға, қайталамауға тырысамыз. Мұның бәрі, актерлық шеберлікке байланысты.
- Төле төрелікті әділ беретін қазы, дана би. Ал, сізге ұлы тұлғаның образын алып шығу қиынға соқпады ма?
- «Төле би» көпсериалы фильміне кастинг арқылы келдім. «Сақ» киностудиясының жобасында ойнаған Бақдәулет Әлімхан есімді досым хабарласып, шақырды. Кастингке қатысып, өнерімізді көрсеттік. Ескерусіз қалмадық. Өздері хабарласып, шақырды. Батырхан аға мен бас оператор, сценарий беріп, бір сағат көлеміндей сынады. Неше түрлі жағдайларды ұсынып, образ сомдаудағы эмоциямды байқады. Содан кейін, «Сіз бізге 80% ұнап тұрсыз. Енді сізді видосынақтан өткіземіз», деп арнайы күндер бекітті. Бір ай көлемінде тау бөктеріне барып қазақы киімде, хан-сұлтандардың, би-төрелердің, батырдың кейпінде болып, видео түсірдік. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, Төле би образына жеңіл қабылдай қойған жоқ. Атақты шешеннің образын алғанда бастапқыда қуандым. Мәтінді қарап шыққаннан кейін, жауапкершілікті сезіндім. Төле бидің тарихи тұлғасын, даналық сөздерін оқып, іздендім. Кейіпкерімнің образын мінсіз, шеберлікпен алып шығу міндетін мойныма алғанымды түсіндім. Түсірілім барысында Төле бидің басқа да қырларына қанық болдым. Осы секілді кештеу жеткен хабарлардың әсерінен образға жетіспеушілік болғанын аңғардым. Себебі, Төле би тағдыры әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Дана би туралы өзге де мәліметтерді ертерек білгенімде, мен сомдаған кейіпкер мүлде мінсіз шығар ма еді деп ойлаймын. Әрине, бұл менің жеке көзқарасым.
- Театр актері мен фильм актерінің арасындағы айырмашылық қандай? Қайсысына басымдық бересіз?
- Кинода адамның түр-тұрпаты, бет-бейнесі, дауысы маңыздырақ. Ал, театр – образ шығаруға дайындық алаңы. Ізденістердің мекені. Тіпті, кинода сомдайтын рөлді театр арқылы дайындайсың, көресің, білесің. Ықшамдап, іріктеп, ішінде жақсы шыққан образды киноға алып келесің. Жалпы, сахна мен кинодағы образ екеуі екі бөлек нәрсе. Сахнадағы бейнеңді, кинода жасай алмайсың. Себебі, өмірде қандай кинода да тап солай болу керек. Сахнада көрерменге ауқымды дүние жеткізбесең олар қабылдай алмайды. Себебі, сенің дауысың көпшілікке нық, нақты жетуі тиіс. Егер театрда көп жүріп, киноға шақырылмай қалсаң қиынға соғады. Себебі, театрдан шығып, бірден киноға сіңісіп кету қиынның қиыны.
Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ