Тұрақтандыру қорларының шоттары мен депозиттерінде тауарларды сатып алуды жүзеге асыру үшін бюджеттен бұрын бөлінген 3 млрд теңге бос қаражат бар. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
Министрдің айтуынша, азық түлік тауарлары бағасының өсуін баяулататын бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдау үшін барлық құралдар мен мүмкіндіктер бар. Ол үшін ең алдымен жергілікті атқарушы органдар мен бақылаушы органдардың аумақтық бөлімшелері қолданыстағы тетіктерді барынша пайдалануы қажет. Шекті бағаны бекіту рәсімін белсенді пайдалану керек.
«Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Мәселен, өткен жылы Шымкент қаласында және Маңғыстау облысында тауар интервенциясы мүлдем жүзеге асырылған жоқ. Басқа аймақтарда интервенциялар бағаның өсуі орын алған тауар топтарында жүргізілмей, басқа тауарлар бойынша іске асырылды. Айталық, қорлардан 2 мың тонна картоп сатылды. Оның импортқа тәуелділігі төмен болғанымен бағасы да едәуір өскен жоқ. Ал қарақұмық бағасының 80,5 пайызға өсуі кезінде оның жалпы сату көлемі тек 213 тоннаны құрады. Бұл нарыққа әсер етпеді», - деді ол.
Сонымен қатар, Бақыт Сұлтановтың дерегінше, тұрақтандыру қорларының шоттары мен депозиттерінде тауарларды сатып алуды жүзеге асыру үшін бюджеттен бұрын бөлінген 3 млрд теңге бос қаражат бар.
«Мемлекет басшысы олардың тиімділігі төмен екенін атап өтті және өңірлік тұрақтандыру қорларында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің табиғи резервтерін құрудың тиімділігі аз тәжірибесінен баламалы құралдарға көшуді қамтамасыз етуді талап етті. Осындай баламалы құралдардың бірі – жеңілдетілген қаржыландыру арқылы бағаны ұстап тұру міндеттемелерін қабылдау бойынша сауда желілерін ынталандыру тетігі болып табылады. Біз оны «айналым схемасы» деп атадық және өңірлерді оны белсенді пайдалануға бірнеше рет шақырдық. Алайда, бұл құралды Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа еш жер қолданбаған», - деді министр.
Оның атап өтуінше, іс жүзінде бағаны тежеудің ең ыңғайлы тетігі нарықтың бәсекелестігін қорғау жөніндегі шаралар болып саналады.
«Бірақ монополияға қарсы органдар оны Мемлекет басшысының сынынан кейін ғана белсенді қолдана бастады», - деді ол.