Танымал жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың шығармалары Біріккен ұлттар ұйымының 6 тіліне аударылған қазақ прозасының антологиясына енді. Антология 60 мың данамен жарық көрді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
- Қазақ жазушылары әлем назарында. 60 мың данамен БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазақ прозасының антологиясы жарық көрді. Бұл елдің имиджін көтеріп, мәдениетімізді насихаттаудың дұрыс жобасы деп білем. Қазақтың классиктерін әлем оқырмандары жастанып оқып, тамсана айтар кез келеді әлі. Осы таңдаулы классиктердің арасында өзім қатты құрметтейтін, шығармашылығын жоғары бағалайтын жазушы Мархабат Байғұт ағамыз бар екен. Мархабат ағамыз студент кезімнен сүйіп оқитын жазушым.
Антология оқырман қолынан түспейтін кітап болғай! – деп жазады Берік Уәли.
Айта кетейік, биыл мамыр айында Мархабат Байғұт 75 жасқа толады. Осыған орай бүгінде жазушының мерейтойын атап өту жалғасуда. Жыл басында Мархабат Байғұттың 7 томдық кітабының тұсаукесер рәсімі өткен болатын. 7 томдық шығармалар жинағы Мәдениет және спорт министрлігің Тіл саясаты комитетінің қолдауымен өткен жылдың соңында жарық көрді.
Мархабат Байғұт 1945 жылғы мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Үш жыл әскер қатарында болған. Алғашқы жұмысын 1968 жылы Түлкібас аудандық «Шамшырақ» – «Маяк» газетінің редакциясында корректорлықтан бастаған. Зейнеткерлікке шыққанша көптеген қызметтерді абыроймен атқарды.
«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Ақпандағы мысықтар», т.б. кітаптары жарық көрді. Шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған. Өзі Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, Ш.Айтматовтың шығармаларын, У.Ирвингтің Мұхаммед пайғамбар туралы кітабын аударған.
Екі дүркін республикалық «Жалын» баспасының сыйлығына, үш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің сыйлығына ие болды. 1996 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталған.
Мархабат Байғұт әсіресе жас өскіндерді тәрбиелеуде көп еңбек сіңірді. «Мархабат Мирас» қоғамдық қорының бастамасымен көптеген жастарға шығармашылық, материалдық қолдау көрсетілді. Бұл қолдау әлі де жалғасын тауып жатыр.