Коронавирус. Пневмония. Аталған қос індет шымкенттік тұрғындарды алаңдатып, әбігерге салып қойғаны жасырын емес. Бастапқы кезеңде емханалардағы орын жетіспеушілік пен дәрі тапшылығы туралы жұрт жиі шағымданды. Қай дәріхананы қарасаңыз да сыртына ағыла кезегін күткен халықты байқайсыз. Пандемия кезінде бетперде мен антисептик құралдарына,сақтық шараларына салғырт қараған адамдар қауіпті енді шын сезіне бастағандай. Тұрғындар ахуалы, індеттің өршуі қала әкімдігінің емдеу мекемелер мен дәріханалардағы мәселелерді шұғыл шешуге ықпал еткені анық.
Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ретке келтіру және коронавирустық инфекцияның кең таралуын болдырмау мақсатында науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Бастапқыда коронавирус таралды дегеннен бастап, үшінші мегаполисте жаңа инфекциялық госпитальді салу үшін максималды күш жұмсалған еді. Тиісті қаржы бөлініп, маусым айында мекеме толығымен пайдалануға берілді. Госпитальдің қазіргі ахуалы шаһар әкімі Мұрат Әйтеновтің назарынан тыс қалмады. Мысалы, жуырда қала әкімі жұқпалы аурулар орталығының жұмысымен танысып қайтты. Госпитальдегі қазіргі жағдайды қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Рустам Албаев баяндады.
Аталған инфекциялық госпитальде 77 палата және 2 реанимациялық зал бар. Оттегі жеткілікті. Мұнда covid- 19 және пневмонияға шалдығып, денсаулығы ауыр жағдайдағы науқастар түсуде екен. Емдеу мекемесіндегі жапғдайға қаныққан қала әкімі госпитальдің жансақтау бөліміне түсіп, кейін денсаулығы оңалып тұрақталған, алайда бірнеше күн тағы дәрігер бақылауында болуы керек науқастарды провизорлық орталықтарға ауыстырып, ауыр жағдайдағы науқастарға орын дайындау қажеттігін айтты. Жедел жәрдем қызметкерлерінің мүмкіндігін тиімді пайдалануды тапсырды.
Пандемия ғана емес пневмония дерті де күннен күнге өршіп тұрған сәт бұл. Әкім госпитальдан соң бірқатар провизорлы, күндізгі стационарлардың жұмысымен танысты. Алдымен, Қазығұрт шағын ауданындағы №86 мектепте дайындалып жатқан күндізгі стационарға барды. Ғимаратта жүзден астам науқасты қабылдауға мүмкіндік жасалған. Тағы орын қажеттілігі туындаса, нысанның екінші қабатын да қолдануға болады. Бұл күндізгі стационарға дәрі жеткізу мәселесі де шешілген. Ал пневмонияға шалдыққандарды қабылдап жатқан провизорлық орталықта, қалалық №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары Э. Ермекбаева 100 орындық «Ардагерлер үйінде» қазір 25 науқас ем қабылдап жатқанын жеткізді. «Жедел жәрдеммен жеткізілген науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетілуде. Егер де ауруханаға жатқызылу керек жағдай болса, бос орындар бар. Екі ауысымда 20 дәрігер жұмыс істеуде. Науқастардың жағдайы тұрақты», - деді қала әкіміне қазіргі жағдайды баяндаған Э.Ермекбаева.
Аймақтағы ахуалды, оның ішінде үшінші мегаполисте пневмонияға шалдыққандардың көбейгенінен жақсы хабардар қала әкімі емхана басшыларына қатаң тапсырмалар да берді. «Мұнда келуші науқастар еш қиындықсыз емделуі керек және халықты күттірмеңдер. Басты мақсат - әрбір адамның ем алуы қолжетімді болуы тиіс» - деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Мұнан өзге қала басшысы ауыр жағдайдағы науқастар ғана емес, жеңіл формадағы аурулар үшін де барлық жағдай жасау қажеттігін еске салды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандардағы карантиндік талаптардың сақталуын бақылап қайтты.
Қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында шаһардағы денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстарға Шымкент қаласының әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. М.Әйтеновтің тапсырмасымен шаһарда бүгінге дейін барлық медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 3320 провизорлы орын ашылды. Оның ішінде резервтік 450 орындық провизорлы орын 1 шілде күні жеңіл атлетикалық спорт кешенінен дайындалды. Жеңіл атлетика спорт кешенінің ғимаратынан ашылған 600 орындық провизорлы орталықта дәрігерлер ем қабылдаушыларға шұғыл көмек қолын созуда. Мұнда қала аумағындағы барлық емханалардан білікті дәрігерлер шақырылған. Дәрі-дәрмек тегін. Оған қоса қалада 51 күндізгі стационар ашылды. Нәтижесінде, науқастарға көмек көрсету екі есеге күшейді. Және қаладағы «Самал-3» шағынауданында жаңа мектептен - 400 орындық, Политехникалық колледжінен - 400 орын, ҰОС ардагерлері орталығынан 100 орындық провизорлы орындар ашылған еді. Осы орайда қала басшысы тарапынан ауруханалар мен емханаларға дәрі-дәрмектің үзіліссіз жеткізілуі де қадағалануда.
Арнайы жаңадан ашылған стационарлардан бөлек қаладағы емханалардың жанынан емдеу орталықтары дайындалған. Мысалы, Шымкентте №11 қалалық емханаға қарасты 4 елді мекен бар. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қазір Қазығұрт шағынауданында - 6 төсек-орын, Сәуле шағынауданында - 4, Ақжарда - 3, Ақтаста - 2 орындық стационар ашылды. Барлығы -15 төсек-орын күндізгі стационар жұмыс істеуде. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауруханаға емделуге жоспарлы жататын аурулар және кеңестер уақытша тоқтатылып, дәрігерлер пневмония және ЖРВИ мен ауырғандарға ем-дом шараларын жүргізуде. Қосымша мобильді топ құрылған. Олардың құрамында хирург, терапевт, травматолог, неврапотолог, ЖТД, педиатр және медбикелер бар. Үш автокөлік және жеке қорғаныс құралдарымен қамтылған. Сондай-ақ Шымкент қаласының №2 қалалық емханасы негізінде «Ардагерлер үйі» провизорлы госпитальда 100 төсек - орын ашылған. Ауруханада жедел респираторлы вирустық инфекциялармен және пневмониямен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетеді. Қазірде госпитальда 54 науқас ем қабылдауда. Мұнда науқастар үшін барлық қажетті дәрі-дәрмектер бар, медициналық және жеке қорғаныс құралдарымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Ауруханада 4 дәрігер, 20 медбике және 10 санитар қызметкері халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінде науқастар мен медициналық қызметкерлерге үш мезгіл ыстық тамақ та ұйымдастырылған.
Қалалық кардиологиялық орталығында жүрек ауруымен бірге COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеу мақсатында жұқпалы аурулар емханасы ретінде жұмыс істеп жатқан провизорлық бөлімде қосымша 30 төсек - орын қарастырылған. Тұрғындарға індет өршіген тұста медициналық көмек көрсету, орын тапшылығын жою мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар легі жалғасын табуда. Орталықтан ашылған арнайы бөлімде коронавируспен ауырған науқастардың денсаулығын жақсарту үшін үздіксіз оттегі берілетін 9 механикалық желдету аппараты қолданылады. Сонымен қатар, барлық қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Провизорлық бөлімге алғашқы күннен бастап 20-ға жуық науқас келіп түскен. Ал, жағдайы өте нашар және ауырлығы орташа науқастар бірден ауруханаға жатқызылады. Келіп түскен науқастардың басым бөлігі екі жақты пневмония дертіне шалдыққандар. Жағдайы ауыр науқастар үшін орталықтағы реанимация бөлімшесінде қосымша 20 төсек-орын дайындалған.
Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен №4 қалалық емхана жанынан қосымша 3 мекенжайдан 20 орындық күндізгі стационар ашылған болатын. Оның ішінде 5-еуі балаларға арналған. Енді осы мекенжайларға жақын тұрғындар алысқа бармай-ақ жақын жерде емделе алады. Бұл ашылған күндізгі стационарларға Жедел респираторлы вирусты инфекция (J06.8), пневмония (J18.8) белгілерімен келген науқастар кезексіз қабылдануда. Қазіргі таңда стационарда 8 дәрігер мен 16 медбике 2 ауысыммен жұмыс істеуде. Емхана барлық қажетті дәрі-дәрмектермен, залалсыздандыру ерітінділерімен, жеке басты қорғау құралдарымен, пульсоксиметр және оттегі жастықшалары, баллондармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасымен үйдегі шақыртуларды кезексіз шұғыл түрде қамтамасыз ету мақсатында стационарға автокөлік бөлінді. Учаскелік дәрігерлер тұрғындардан келіп түскен шақыртуларға баруда және диспансерлік есепте тұратындарға тегін дәрі-дәрмектерді үздіксіз жеткізуде. 26 маусымнан бері емханада 67 науқас ем алуда, оның ішінде ЖРВИ - 19, пневмония - 48.
Дәрі-дәрмек қоры бақылауда
Дәрі-дәрмек тапшылығына келер болсақ, бастапқыда адамдар қарапайым «парацетамолды» таппай шарқ ұрды. Қызуы көтеріліп, тұмаудың белгілері табыла бастағандар дәріханаларда ұзын сонар кезекте тұруға мәжбүр болды. Кезегі жеткенімен керегі табылмады. Себебі, тұрғындар пневмонияның келгенін естіп, бірден дәрі-дәрмек, антибиотик, витаминдерін түгендей бастады. Қаладағы ахуалдың күрделене түскені аңғарылды. Осы орайда, қаладағы қажетті орындарды дәрімен қамту мүмкіндігін бағамдау мақсатында, дәрі-дәрмек шығаратын өндіріс орны мен ірі қоймаларға қала әкімінің өзі барып қайтты. «SANTO» дәрі-дәрмек зауытында Мұрат Дүйсенбекұлы инфекциялық ерітінділер мен инфузиялар, қатты пероральді дәрілік заттар (таблеткалар, саше, түйіршіктер), антибиотик ұнтақтары, стерильді емес ерітінділер шығарылып жатқанына көз жеткізді. Өз кезегінде компанияның өндіріс жөніндегі директоры Светлана Майорская қала әкіміне тәулік бойы төрт ауысымда 830 қызметкер жұмыс істеп, өнімнің 70 пайызы көтерме, 30 пайызы бөлшек бағада сатылып отырғанын айтты.
Әкім дәрі-дәрмек қорының мүмкіндігін бақылау үшін қаламыздағы ең ірі «Ақниет» және «Зерде» дәрілік заттар қоймаларына да барды. Аталған қоймалардың директорлары қаладағы жүз шақты дәріханаға екі мезгіл дәрі жеткізіліп отырғанын алға тартты. Ал дистрибьютерлер қоймаларға күніне екі-үш көлік дәрі-дәрмек әкелініп жатқанын тілге тиек етті. Осы ретте қала басшысы дәрілердің жеткізілуінде ешбір кедергі болмауын тапсырды. Қазіргі таңда Шымкент қаласында төртінші категориядағы вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс жоғарылаған. Сол себепті қойма компаниялары тапсырыстарын 5 есеге арттырған. Осыған орай «Зерде» дәрілік заттар қоймасы 15 көлік, 5 вагон дәрі-дәрмек алдыруда. «Зерде-Фито» НПО ЖШС директорының айтуынша, бүгінде қалада «парацетамолдың» 50-ге тарта аналогтік түрі дәріханаларда бар. Көрші аймақтағы Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан сұраныс көптеп түсіп жатыр. Бірақ, дәрі - дәрмек ең алдымен, Шымкент қаласын толығымен қамтып болған соң ғана өзге өңірлерге жіберіледі екен.
Айта кетелік, Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дәріханалардағы 77 дәрінің түріне мониторинг жасаған. Нәтижесінде, қаладағы дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екені анықталды. Яғни, ыстықты түсіретін дәрілердің (парацетамол, эффералган, панадол, нурофен, ибупрофен, нимесулид) қоры 238 486 қорапты құраған. Оның ішінде дәріхана қоймаларында – 115 389 қорап, дәріханаларда 123 097 қорап бар. Ал вирусқа қарсы дәрілердің (ингавирин, эргоферон, кагоцел, арпефлю) қоры 38 187 және антибиотиктердің саны (азитромицин, цефтриаксон, цефиксим, амоксициллин, левофлоксацин) 592 899 қорапты құрап отыр.
«iKomek» тұрғындарға көмектеседі
Бүгінгі таңда қала әкімдігінің мәлімдеуінше, үшінші мегаполисте халықтың денсаулығын нығайту мақсатында күндізгі стационар қызметкерлері демалыссыз жұмыс істеуде. Ал барлық ауруханалар мен емханаларға дәрі-дәрмек үзіліссіз жеткізілуде. Қаладағы қиын ахуалды ескере отырып, тұрғындарға көмектесетін «iKomek» орталығы ашылған болатын. 109 нөміріне қоңырау шалғандар қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты сауалдарын қоя алады. Жедел желіде күндіз-түні тұрғындардың қоңырауларына жауап беріледі. Сонымен қатар, «iKomek» орталығының 87777109109 WhatsApp нөмірі де тұрғындар үшін тәулік бойына қызмет етеді. Орталық тәулігіне 3000 қоңырау қабылдауға қауқарлы. Қажет болған жағдайда 5000 азаматқа дейін қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Ол үшін 26 қызметкер тәулік бойына жұмыс істеуде.
«iKomek» орталығы барлық емханалармен ыңғайластырылып, ақпараттандырылған. Сондықтан да инфекциялық ауруларға қатысты сауал болса, тұрғындардың бірден 109 нөміріне хабарласуына болады. Және қазіргі таңда кей дәріханаларда бар дәрі, екіншісінде жоқ болып шығады. Осы себепті, қала белсенділері «ватцап» және «телеграмм» чаттарын ашып, онда дәріхана қызметкерлерін қосып, халықты ақпараттандырып отыр.
Соңғы статистика бойынша пневмониямен ауырғандар 5,8 есеге, ал ЖРВИ-мен ауырған науқастар саны 2 есеге артты. Осы жағдайға байланысты жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалатын тұрғындар саны 5 есе көбейді. Орта есеппен бір күнде 2100-ден аса шақырту түсе бастады. Шымкент қаласында қосымша 3 полимеразды тізбекті реакция зертханасы ашылды. Зерттеу саны тәулігіне 800 тестке дейін жеткізілді. Бүгінде "ОЛИМП" зертханасының ПТР инсталяциясы жүргізілуде, бұл тестілеу көлемін күніне 1 600-ге дейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Айта кетерлігі, сәуір-маусым айларында барлығы – 71 548 сынама алынған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, вирустың белең алуына айланысты қалалық жұқпалы аурулар ауруханасын қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 502 млн теңге бөлінген. Инфекциялық және провизорлық стационарлар үшін 21 ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттары қосымша сатып алынған. Сондай-ақ, 40 ӨЖЖ (ИВЛ) аппарат жуық арада жеткізіледі деп күтілуде.
Демеушілер тарапынан 200 «Бобров» аппараты сатып алынды, қосымша компьютерлік томографтар жеткізілмек. Коронавирустың жеңіл формасымен ауырып жатқан науқастарды бақылау үшін құрылған мобильдік топтар бөлек көліктермен қамтамасыз етіліп, медициналық персонал басқа функционалдық міндеттерден босатылған.
Карантин – қатаңдатылды әрі ұзартылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралды. «Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады», – деген еді Мемлекет басшысы.
Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында шектеу шараларын енгізу бойынша ұсынылатын шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады. Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалдың өршуін және коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Мемлекеттік комиссия биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Шымкент қаласының бас санитары Әбдіманап Төлебаев карантин және шектеу шараларына енгізілген өзгерістерді жария етті.
Ең алдымен қоғамның қауіпсіздігін ескере отырып, жұмыс уақытын барынша қысқарту мүмкіндігімен 30-дан астам қызметкер штаттық кесте кезінде кемінде 80% қызметкерлер қашықтан жұмыс нысанына ауыстырылады. Сауда орталықтарында, таксиде, азық-түлік дүкендерінде, қызмет көрсету саласындағы объектілерде және адамдар көп жиналатын орындарда дезинфекциялық іс-шаралар өткізіледі.
Ал шектеу шараларына келер болсақ, карантин қатаңданбай тұрып емін-еркін жұмыс істеген нысандар енді белгілі бір уақыт аралағында арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып қызмет етеді. ХҚКО жұмысын ұйымдастыру Egov.kz, EgovKZBоt 2.0 жеделхат-бот, "Қазпочта" АҚ жұмыс күндері сағат 9:00-ден 14:00-ге дейін, Call орталықтарының жұмысы сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін жүргізіледі. Базарлардың қызметі жұмыс күндері сағат 06:00-ден 13:00-ге дейін, демалыс күндері қызметін тоқтата тұрумен уақыт бойынша шектеледі. Жеке тұрған азық-түлік гипермаркеттері, супермаркеттер, шағын маркеттер және үйдің жанындағы дүкендер жұмыс күндері сағат 9:00-21:00 аралығында, демалыс күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Қаулыда көрсетілмеген объектілердің қызметін демалыс күндері тоқтата тұрып, жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейінгі уақыт бойынша шектеледі. Жеткізу режимінде немесе өзімен алып кетуге жұмыс істейтін объектілерді қоспағанда, көше форматында ашық ауада жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындары жұмыс күндері сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін істеп, демалыс күндері жабылады.
Еліміздің экономикасының құлдырамауын ескерген билік өкілдері өндірістік қызметтер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы және ашық алаңдағы құрылыс жұмыстары қалыпты режимде жалғасатынын мәлімдеді. Медициналық ұйымдардың, дәріханалардың, ем қабылдау кабинеттерінің, коммуналдық қызметтердің жұмысы қалыпты режимде жалғасады. ЖМС жанындағы дүкендер, ТҚС, шиномонтаж, өзіне-өзі қызмет көрсете алатын жуу жұмыстары қалыпты режимде жұмыс істейді. Қонақ үйлер қалыпты режимде қонақтарды қабылдайды.
Қаулыға сәйкес тыйым салынған нысандардың көш басын ойын-сауық, спорттық, жаттығу және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шаралар мен форумдар, конференциялар мен семинарлар, жиналыстар бастап тұр. Қаланың барлық спорт ұйымдарында оқу-жаттығу сабақтарына, жиындарға, жарыстарға қатысуға және өткізуге тыйым салынады. Білім беру орталықтарының, балаларды дамыту орталықтарының, үйірмелердің, балалар мен ересектерге арналған курстардың жұмысы тоқтатылады. Мектепке дейінгі ұйымдардың, балабақшалар мен түзету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылады. Қоғамдық тамақтану орындарында (кафе, мейрамханалар, лаундж-барлар, спорт-барлар, барлар, асханалар, кофеханалар) уақытша жабыла отырып, өзімен алып кету немесе жеткізіп беру қызметтерін ғана ұсына алады. Косметикалық және косметологиялық қызметтер көрсететін СПА-орталықтарының, тренажер залдарының, фитнес орталықтарының, спорттық-сауықтыру орталықтарының, жабық спорт алаңдарының, спорт үйірмелерінің, секциялардың, бассейндердің, аквапарктердің, жағажайлардың, қоғамдық моншалардың, сауналардың, сұлулық салондарының, шаштараздардың қызметтерінің жұмысы тоқтатылады. Аттракциондардың барлық түрлерінің, оның ішінде ашық ауада, тұрғын үйлердің аулаларында және жалпы пайдалану орындарында орналасқан балалардың ойын алаңдарының жұмысына шектеу қойылады. Көңіл көтеру мекемелерінің бильярд, караоке, боулинг-орталықтар, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, букмекерлік орталықтар және тағы басқа жұмысына тыйым салынады. Барлық мәдениет нысандары театрлар, концерт залдары, мұражайлар, көрмелер жұмысын тоқтатады. Қаланың барлық спорт нысандарының жұмысына, діни бірлестіктердің мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар барлық объектілеріне баруға тыйым салынады. Жеткізу режимінде жұмыс істейтін объектілерді қоспағанда, дүңгіршектердің, оның ішінде фастфуд, балмұздақ, сусындар сату нүктелерінің жұмысы тоқтатылады. Сауда-ойын-сауық кешендері, орталықтар, сауда үйлері мен жәрмеңкелер жанындағы кинотеатрлардың, балалар ойын алаңдарының, мұз алаңдарының, батуттар мен фудкорттардың жұмысына тыйым салынады. Шымкент қаласындағы автобекеттер мен автостанциялардың жұмысына тыйым салынып, жолаушылар тасымалының қалааралық қатынасы тоқтатылады.
Қазіргі таңда пандемия мен пневмонияны ауыздықтау үшін бас санитардың карантин мерзімін ұзартып қоюы жеткіліксіз. Осы тұрғыда қала әкімшілігінен бастап белсенді еріктілер, сарбаздар бірігіп қаланың әр бұрышына дейін залалсыздандырып жатыр. Ендігі кезек тұрғындардың жауапкершілігінде. Халық «сақтансаң – сақтайдыны» ұстанса, бұл дертті сынақты артта қалдыратын күн де туады.