Түркістан облысында коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін тұрақты негізде 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Карантиндік төсек орындар Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында орналасқан. Пандемияның түрлі сценарийіне байланысты төсек-орнын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыста медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы едәуір толыққан.
- Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелерде өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарының саны 178-ден 332-ге дейін артып, өсім 46,4%-ды құрады. Ал оттегі станциясының саны 2 есеге артып, 8-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, өсім 95%-ды құрады. Оттегі нүктелерінің саны 9,7 есеге артып, 205-тен 2005 нүктеге дейін ұлғайды. Ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 1 дана компьютерлік томограф пен 3 дана сандық рентген аппараттары орнатылды, - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, облыстағы медициналық ұйымдардың пульсоксиметрмен қамтамасыз етілуі 190-нан 3879-ға дейін жетіп, 95,1%-ға артқан. ПТР зертханаларының саны 3 бірліктен 9 бірлікке дейін өсіп, күн сайын 2500-ден астам тестілеуге мүмкіндік беруде. Коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық мақсатында облыстың медициналық ұйымдары дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Екі айлық қор резерві қалыптастырылған.
Облыс бойынша қазіргі таңда коронавируспен 1 адам стационарлық ем қабылдап жатса, амбулаториялық жағдайда ем қабылдаушылар – 18 адам. Қарым-қатынаста болған 116 адам медициналық бақылауда. Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша әзірге өңірдегі эпидемиология ахуал тұрақты болғандықтан блок-бекеттерді қоюға негіз жоқ.
Брифинг барысында облыстың бас санитариялық дәрігері жеке азаматтардың той-мерекелерді атап өтуі толастамай жатқанын, сондықтан пандемия уақытында облыс тұрғындарын жалпыға ортақ тәртіпті сақтауға шақырды. Сондай-ақ Нұрбек Садықбекұлы мал базарларының жайын да баяндап өтті.
- Жаңадан қабылданған қаулыға сәйкес, 3 қарашадан бастап облыс аумағындағы мал базарлары санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, 30%-дан асырмай толтырумен, аптаның жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Облыс бойынша 31 мал базар бар. Олардың ішінде 3-еуі жабық типтегі базарлар. «Infokazakhstan» сайтына мал базарлардан ашылуға 16 өтініш түсті, оның 7 қаралып, Қазығұрт, Ордабасы, Келес, Төлеби аудандарындағы 4 мал базарының жұмыс істеуіне рұқсат берілді, 3 - қайтарылды, 9- қаралуда, - деді облыстың бас санититариялық дәрігері.
Айта кетейік, мал базарлардың қызметіне тыйым салынған кезінде Түлкібас ауданы, Машат ауылында орналасқан «Ет өнімдері KZ» ЖШС-не қарасты мал базары ағымдағы жылдың 7 және 21-қазан күндері карантин талаптарын бұзғаны үшін заңды тұлғаға 230 АЕК көлемінде 2 айыппұл салынған.