Қазақша жылдың бастауы –тышқан екені бәрімізге белгілі. Биыл сол тышқан жылын шығарып салып, жаңа жылды сиыр жылымен қарсы алғалы отырмыз.
Сиыр жылында орын алған елеулі оқиғалармен бөлісе отырайық.
Ел аузында сақталшып қалған аңызға қарағанда, жануарлар жыл басы болуға таласқан екен. Сонда тышқан тұрып: «Дауласатын дәнеңе жоқ, таңертең бәріміз шығып келе жатқан күнді аңдимыз. Сонда күннің көтеріліп келе жатқанын кім бірінші көрсе, сол - бірінші жылдың, одан кейін көргеніміз екінші жылдың атын аламыз. Осылай өз кезегімізбен жылдарды бөліп аламыз», - деп ұсыныс жасаған. Бұған келіскен жануарлар демалып жатқанда тышқан түйенің басына шығып алады. Осылайша ол күнді бәрінен бұрын көріп, жыл басы атанған. Ал түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты деседі.
Жазушы Евгений Березиковтың «Великий Тимур» кітабында:
«Шығыс күнтізбесіндегі жыл қайыру Түрік елінің ең бірінші ханы Қисаға-Тәңірдің аң аулауға шығып, одан қашқан аңдар, судан жүзіп өтіп құтылуды ойлапты. Содан Іле өзенінен төмендегі тәртіппен жүзіп өтіпті. Бірінші болып суға тышқан, оның артынан сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, ең соңынан доңыз өтіпті. Осы рет саны шығыс күнтізбесінде күні бүгінге дейін сақталып қалған» делінген.
Жалпы, аңыздың аты – аңыз. Десе де осындай деректерді VIII ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқари еңбектерінен де байқауға болады. Белгілісі – қазақ халқы ықылым заманнан бастап әр жылды он екі жануар атымен атап, 12 жыл қайта айналып келуін «мүшел жас» деген.
Қазақ танымында көк өгіз мүйізімен жерді қазып, жер бетіне суды алғаш шығарған. Жер көк өгіздің мүйізінде тұр. Ол бір мүйізімен екінші мүйізіне жерді ауыстырғанда жер сілкінеді дейді. 22 наурыздағы күн мен түннің теңесуіне байланысты: «Жерді көтеріп тұрған көк өгіз бір мүйізінен екінші мүйізіне жерді ауыстырғанда жердің салмағы екі мүйізге тең түсіп, күн мен түн теңелді» деп сенген.
Өгізі – көлік
Сиыры – сауын
Аңыздан ақиқатқа көшсек, расымен де, адамға пайдасы көп өгіз жүк тасуға, жер жыртуға пайдаланылады. Күші көп өгіздің жүрісі шабан. Осы жерде Бұқар жыраудың: «Мен өгіз терісі – талыспын. Сен бұзау терісі – шөншіксің» деп Керейге айтқан жыр шумақтары ойға оралады. Ол өзін «талыспын» деп шеберлік аспаптарын салатын сірі – көн ыдысқа теңеп тұр. Байқағаныңыздай, ертеректе өгіз терісінен ыдыс та жасалған. Және былғары, ұлтан және қалың қайыстар істеледі. Ал сиырдың сүтін ыстықтай ішу бөлек әңгіме. Одан қатық, құрт, ірімшік, сүзбеге дейін жасалады. Ал еті дәмді, бойға сіңімді. Сүйегімен жер тыйландырады. Мүйізінен тарақ, түйме сияқты нәрселер жасалады. Тұяғынан желім қайнатылады. Айтпақшы, сиырдың сары тезегінің ағаш сияқты лапылдап жанатыны да белгілі.
Сиырдың пайдасы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Микрокредит ал да, екі сиыр сатып ал. Өзіңді асыра» жақсы айтап өтіп еді. Екі сиыры бар отбасы аш қалмайды.
Мүйізді ір қараға байланысты халқымызда «сауын алу» салты болған. Малы жоқ адамдар ауқатты адамдардан сүтін пайдалану үшін «сауынға» деп белгілі бір мерзімге сауатын сиыр сұрап алып, сауын алушы өзі алған малын төлімен қоса аман тапсыруға кепілдік береді. Бұл салт жөнінде қазақ «Ердің жайын сұрама, жұрттан сауын алған соң» деген.
Төрт түліктің бірі саналатын сиырға байланысты наным-сенімдер, ырымдар көп. Мәселен, сиыр үйге сүйкенсе жаман ырым деп біз сұғып алған. Түнде сиыр мөңіресе - жамандықтың белгісі деп тұжырымдаған. Сиырлар жиналып өкірсе малға індет келеді деген. Сиырдың тұмсығын қазақ «арам» деп шауып тастаған. Және сиыр жылы туғандар сол жылы сиыр малын бауыздамайды.
Сиыр түлігінің ішінде де жүйрігі болады. Оны қазақ «қара тіл» немесе «құнжын» деп атаған. Ертеректе қалмақ батырларының құнжын мінгендері де болған. Түйе секілді өгіздерді де ноқталап танауын тескен. Қазақ үшін сиыр күш көлігі де болған. Оған жер жырту үшін соқа қосса, көшу үшін арба жеккен, салт та мінген. Қойды өгізге мініп жүріп те баққан. Сиырға - ашамай немесе ыңыршақ салып ерттеген. Сиырдың Қазақстандағы бұрыңғы түрлері - қазақтың ақ бас сиыры, қалмақ сиыры, қырдың қызыл сиыры, Әулие ата сиыры, Алатау сиыры. Бүгіндері ет пен сүтті көп беретін шетелдік тұқымдары көптеп өсірілуде.
Үнділердің арманын орындайды
Әр елдің салты басқа! Үндістанда сиыр түлігіне деген сый-құрмет ерекше. Ежелгі индуизм жазбасы Пурандағы дерек бойынша, тәңір мұхитты жаратқанда, одан барлық арманды орындайтын Камдхен сиырын алған. Үнділер барлық сиырды Камдхен санайды, оларды да жақсылап бағып-қағып, қастерлесе, кез келген арманды орындауға қабілетті деп сенеді.
Мифологиясына сүйенсек, адам қаза болғаннан кейін көкке жеткенше өзенді кешіп өту қажет. Мұны тек қана сиырдың құйрығына жалғану арқылы жүзеге асыруға болады. Сиырда негізінен мейірімділіктің, даналықтың, бейбітшіліктің символы ретінде танып, аналық қасиеттері көптеп кездеседі деп қабылдайды.
Сонымен қатар, Үнділердің діни кітабы Ригвидеде 50 мыңнан астам сиыр атын кездестіруге болады екен. Кришнаның өзі сиыр бағушы ретінде суреттеледі. Сиыр олардың түсінігінде тазалықтың, қасиеттің және Жер-ананың белгісі саналады. Сиыр сүтін де ерекше қадір тұтады, аналық образ ретінде, яғни тіршілікті жалғастырушы ретінде қарайды. Олар сиыр етін жемейді, өз ажалымен өледі. Десе де, Үндістанда да жасырын айдап кету, шекара асыру және жасырын сиыр сою көптеп кездеседі екен. Олардың Үкіметі бұл олқылықпен барынша күресіп келеді.
Шежіре не дейді?
Сиыр жылы тарихымызда дау-жанжалдарға толы жыл ретінде есте қалған екен. Ауыртпалық пен қиындықтар сиыр жылында көп болған деседі. Сәтсіздікке толы жыл дейтін тіркес те жиі айтылып жатады. Сүтті жануардың жылына сәйкес түскен даталардың ішінде 1937 саны көзге оттай басылды. Көзі ашық, көкірегі ояу еліміздегі азаматтар осы жылы қуғынға ұшырап, басып-жаншу мақсатында жазалау шаралары жүргізілді. Және дәл осы 1937 жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Кете Жүсіп Ешниязұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Нәзір Төреқұлов, Саттар Асқарұлы Ерубаев, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан сынды біртуар азаматтар өмірден өткен.
1949 жылы ядролық сынақта совет әскерилері мен ғалымдары Семей ядролық полигонында 460 ядролық, термоядролық және сутег қаруларды жерде, әуеде, жер астында және суда жарылыс жасады. Ол 1989 жылға дейін созылды.
1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып М.С.Горбачев сайланды.
1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.
2009 жыл жаһандық дағдарыс дабылы әлі де басылмаған уақытпен есте қалған.
Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан Ұлттық банкі 500 теңгелік алтын мен күмістен «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан «Сиыр жылы» коллекциялық монетасын айналымға шығарды.
Қорытындылай келе, бұл жыл бұрынғы жылдан өзгерек болса екен дейміз. Сәтсіздіктен алшақ, дау-дамайдан ада, дағдарыстан аман өтетін кезең болсын! Тышқан жылы індетке тап болып, інімізден(үйімізден) шыға алмай қалдық. Енді сиыр жылы ауру-сырқаудан арылып, кең байтақ өлкемізде саф ауамен тереңнен тыныстап, бейбіт күн кешейік!
Мария Сәулебекқызы