«Айка» қандай фильм?

pogudx7nnubire0jt.jpg

21 ақпан күні Шымкент қаласына «Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевой мен картинада басты рөлді сомдаған, 71-ші Канн кинофестивалінің «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы Самал Еслямова келді. БАҚ өкілдері аралас көрермендер MEGA Park сауда – ойын сауық орталығының кинозалына жиналды.

Әрине, фильм туралы алдын ала әлеуметтік желі бетінен әркімнің пікірін оқып алғанмын. Айтатындары бір – ауыр фильм, екінші рет қайталап көруге жүрегің дауаламайды дейді. Ешқандай кинотанушы емес, жай көрермендердің өзі осылай айтып жатқан соң, қызығушылығымыз одан сайын арта түсті. 

Сонымен, экранға ә дегеннен Самалдың есімі шықты. Перзентханадағы нәрестелердің жылаған үні. Төсекте жатқан Айканы оятқан медбике баланы емізу керектігін айтады. Бірақ, Айка тұрған бетте баланы тастап қашуға әрекет жасайды, қашып кетеді де. Мәскеудің борап тұрған даласына қарамай көп қабатты бір үйдің жертөлесіне келеді. Келе салысымен тауық тазалайтын цехтың жұмысына кірісіп кетеді. Ешқандай санитарлық жағдай сақталмаған заңсыз жұмыс орны. Айка шөлдеп кетіп крандағы суды ішеді. Жаңа босанған ана, жылы төсекте белі қатайғанша жатып,  баласын еміреніп емізудің орнына, тастап қашып кететіндей, не себебі барын білмей отырасың. Ол аздай жұмыс беруші ер адам сол жердегі әйелдерге ақысын бермей алдап қашып кетеді. 

Жалпы, фильм басталысымен ә дегеннен жұмбағын ашпайды. Басты кейіпкерге үнемі біреу қоңырау шалып, оны іздестіріп жатқанын айтады. Бұл болса ақшаны қалайда  тауып беретінін, оған «сені қорқытса полиция шақыр» деп жатады. Мәскеудің қарлы боран күндері үсті малмандай су болып, әр есікті қағып жұмыс іздейді. Бірақ оны ешкім де жұмысқа алмайды. 

Кешкісін шатырда тұратын қараңғы жердегі жатағына келеді. Адам тұрмақ мал тұрғысыз жер. Заңсыз мигранттарды паналатып отырған сол жердің иесі тіпті жарық сәуле түсетін терезені ашуға тыйым салған. Іші лас, ығы-жығы, еркегі де, әйелі де аралас. Сол орынның өзіне ақша төлейді. 

Даладан сындырып әкелген бірнеше мұзды матаға орап, ішіне басып жата қалады. Осы тұста жатар орнына келген кезде бокалына қызғалдақ салып қойған көрініс бар. Қызғалдақты көріп фильмнің әрбір кадры жұмбаққа толы екенін тағы аңғарасың. 

Жұмбағын ашпаған фильмнің кейіпкерін баласын ойлай ма, есіне ала ма деп ойлайсың. Жоқ, көзінде үрей, әйтеуір бір жаққа асығыс. Бар ойы тезірек жұмыс тауып, ақша табу, сөйтіп қарызынан құтылу. Бір жұмыс орнынан шығып қалған екен, ол жерге барып еді, «өзің екі аптадай келмей жоғалып кеттің, орныңа басқа біреуді алып қойдық» дейді. Ол қызбен «Бұл менің жұмыс орным» деп төбелесе кетеді. 

Тағы да жұмбақ. Кейіпкерді неге өзін аямайды деп бір сәт ойланасың. Қас қылғанда, Мәскеудің де дәл сол кезде жапалақтап жауған қарлы бораны да Айканы аяқтан шалып, «Ал осы тағдырдың сынағына қатарынан төтеп бер» деп тұрғандай. 

Режиссер фильмге жаһандық жылулық, заңсыз мигранттардың Мәскеуге арман іздеп келіп, тағдырдың ащы сынында жұтылып кетуін, күнкөріс үшін қандай ауыр жұмыс болса да жалдануға даяр екендігін, қызылды-жасылды өмірдің бәрін ақ пен қара сияқты қатар көрсеткен. 

Өзім де әйелмін, балаларым бар. Жаңа босанып шыққан соң әйелдің қандай күйде болатынын білемін. Анадай боранда далаға шығып, қар күремек тұрмақ, жай үп еткен суыққа ұрынбай күтінуің керек. Өзің үшін де, балаң үшін де. Фильмде ананың өз жаратылысына қарама қарсы шығам деп, арпалысқан сәттерінен кейбір тұрмысқа шықпаған қыздар бетін басып ұялуы да мүмкін. 

Уақтылы баласын емізбегендіктен, омырауынан саулап аққан сүтті қолымен сауып тастауы, босанғаннан кейін күтініп жатпағандықтан, көп қан кетіп ауырсынғанын көрерменге жайып салған. Осы ащы көріністі ұяла отырып көрсек те, режиссердің ер азаматтың әйел затын, өз ұрпағын тастап кеткеннен кейін не халге душар болатынын көрсін дегенін аңғарасың. Кейбір еркектердің жауапкершілігі жоқтығынан, кейбір қыз-келіншектердің жыныстық сауаттылығы жоқтығынан осындай қиын тағдырлар, бақытсыз шараналардың көбейетіні өкінішті. 

Сүю, сүйікті болу, ұрпақ жалғастыру айып емес, тек әрбір адам отбасы, бала деген мәселеге жеңіл, атүсті қарамаса дейсің. Әлеуметтік желі беттерінен фильмді «тұрмыс құрмаған қыздарға көруге кеңес бермеймін» деген пікірлерді көзім шалып қалды. Керісінше, тұрмыс құрмаған қыз да, үйленбеген жігіттер де көру керек деп ойлаймын. Өмір әрқашан қызыл-жасыл шуағын шашып тұрмайды, қандай қиындық, сынақ болса да адам баласы дайын тұрмаса рухы сынып кетеді. 

Айканың мақсаты қарызынан құтылу, сол үшін жанталасып бейнет кешуге дайын, ал бала перзентханада қалды. 

Бұл жерде ана, бала, ақша үшеуі таразыға түсіп тұр. Қайсысы маңызды? Шешімді режиссер жасап, кейіпкерді «олай ет, бұлай ет» деп бұрмалады ма, жоқ расында кейіпкердің санадан тыс әрекеті фильмді осылай жасауына алып келді ме?  Айкаға несие берген кредитор оны ақыры іздеп табады, екі күннің ішінде алған ақшаңды қайтарасың деп қорқытады. 

Фильмнің шым-шытырық құпиясына тағы бас қатырасың. Өзі болса жаңа босанған. Босана салысымен қашады, жұмыс іздейді, жігіті тастап кеткен, ақшаны не үшін алған, неге осынша былыққа кіріп кеткен? 

Картинада шатырда тұратын қырғыздардың өзара диалогы, үйлеріне «бізде бәрі жақсы» деп бала-шағасымен сөйлесіп жатқан әйелдер, жұпыны жерде тұрып жатса да боянып-сылануды ұмытпаған әйел табиғаты, Айкаға көңілі бар бір қырғыз жігітінің сол жерде оны кездесуге шақыруы, кейіпкердің оған «менен аулақ жүр» деуі, жатақтың бір бөлмесінде жылыжай сияқты қызғалдақ өсіріліп жатуы, ығы-жығы халық мінген метро, жапалақтап жауған боранды күні қар күреп, ақша табуға шыққан Айканың өмірімен қатар, одақтан кейінгі Мәскеудің қатал нарықтағы бүкіл кейпі сыйғызылған. 

Бір қарасаң режиссер кейіпкерлерді де, айбынды көрінген Мәскеуді де жалаңаштап тастайды. Біз қашанда әдемі, позитивке толы, жарқын өмірді аңсаймыз, бақытты ғана көргіміз келеді. Ал шынтуайтына келгенде, өмірде жолы болғандар мен жолы болмағандардың барын мойындау ауыр. Психологияда адам өз ішінде не бар, соны тартады, айналасынан да соны көреді дейді. Бұл тұрғыдан алып қарасаң, Айканың осындай қасіретті тағдырымен алысуы заңды ма деп те ойлап қаласың. Себебі, онсыз да мәз емес өмірі оны о баста Мәскеуге жетелеп келді емес пе?

Оның қандай отбасынан шыққаны, кімнен алданып қалғаны, тігін цехын ашпақ болуы, тігін машиналарын қайтарып аламын деп соққыға жығылуы, баласын ойламастан жұмыс іздеп жанталасуының астарында Айканың өзіне де махаббат пен мейірім жетпейтінін көрсетеді. 

Өйткені, жұмыс іздеп жүрген кезде оның көзінен өмірге деген өшпенділікпен қатар құштарлықты да байқайсың. Қанша жерден омырауы сыздап, етегі қансырап жатса да – бір қызығы, оның көзінен өміріне қол салғысы келетін әрекетті байқамайсың. Оның орнында басқа біреу болса мүжіліп, анадай қиындыққа шыдамай әлдеқашан өліп кетер ме еді. Жалпы, әйел заты жаны сірі жаратылыс екенін мойындатады. Сондай-ақ, не өткеніне қайғыратын, не болашағынан үміт күтетін кейіпкерді көрмейсің. Қазіргі ситуациядағы Айка және оның ессіз алға ұмтылған әрекеттері. Фильмде диалог та, сөз де, қарым қатынас та аз.  

Перзентханадан шыққаннан кейінгі Айканың бес күндік өмірін 1 сағат 40 минуттық кадрге сыйғызған режиссердің финалдық шешімі де жұмбақ. Тіпті, кейбір көрермендер де, өзім де «Болды ма, аяқталды ма?» деп жан жағымызға қарап қалыппыз. 

Иә, Айка бес күн ішінде ветеринарлық хирургия орталығына да жұмысқа тұрып үлгереді. Сол жерде оған жан ашырлық көрсеткен еден жуушы өзінің орнын алмастырушы ретінде жұмысқа тұруына көмектеседі. 20 мың қарыз сұрап жүрген ол сол жердегі әйелден де, ветеринар дәрігерден де авансқа ақша сұрайды. Бірақ, оған ешкім де ақша жоқ деп бермейді.

Итін, мысығын емдетуге әкелген мәскеуліктердің келімсектерде шаруасы да жоқ. Ең арзан ақыға жалдануға дайын екендігін білгендіктен мигранттарды адам құрлы көрмейтіні барлық жерде байқалады. Соған қарап, өз еліңде азаматтарыңды қорғай алмасаң, оларды жақсы жұмыспен қамтамасыз ете алмасаң, болашағың болар жастарды, ұлттың ертеңі болатын ұрпақты әкелетін қызын, анасын қорғай алмайтын ел болсаң, осындай күй кешеді екенсің, осындай күйге түседі екенсің. Әрине, елдің әлеуметтік тұрмысы төмендеп, тыныштықтың шырқы кетіп, соғыс болса, елдің бәрі босып, басқа жаққа ауып кетуі жайдан жай емес. Жемқорлық жайлаған елде қарапайым халыққа ештеңе қалмаса, адам құрлы ешқандай құқы қорғалмаса, босымағанда не істейді? Ал тек әлеуметтік жағдайы төмен бірен-саран отбасылар болса, онда мұны жекелеген адам тағдыры, психологиялық күйзелісі деп қоя саламыз. Айка бұл жағдайда кім? Ол жекелеген тағдыр иесі ме әлде қырғыз елінің ахуалы сондай нашар ма? Ішің қылп ете қалады. Мұндай тағдыр иелері біздің де арамызда толып жүр. Оған дәлел, мысалдар жетерлік. 

Жастардың жақсы өмірге ұмтыламын деп оңбай опық жеуі, жыныстық сауатсыздығы, қаржылық сауатсыздығы, денсаулық сауатсыздығы бәрі-бәрі көрсетілген. Ал шыр етіп келген нәрестенің жазығы не? Ешқандай соғыс, қуғын-сүргін жоқ заманда да адам қарақан басы үшін ұрпағын тастап кете алатынын көрсетті. Айка мейірімсіз бе? Бұған да көрермен ретінде нақты жауабым жоқ. Ал психологтар мұндай жағдайда ол өзі түпсанасында бала кездегі жан жарақатымен, үрейімен қалып кеткен адам, есейген шақта да оның қыр соңынан елес сияқты қалмайды. Сондықтан, ол барлық әрекетін бейсаналы түрде жасайды деп түсіндіруі мүмкін. 

Фильмді көріп отырып, бұл неге бұлай жүр, ата-анасы қайда, өз елінен неге безді, неге жігіті тастап кетті, олай болса баланы неге дүниеге әкелмек болды деген сауалдарға көміліп отырасың.  

Айка қарызынан құтылу үшін қандай жұмыс болсын істеуге дайын. Тіпті көлік те жумақ. Алайда оның құжаттарының мерзімі біткен, Мәскеуде заңсыз жүр. Оған қоса, тәртіп сақшылары заңсыз жүрген келімсектердің бәрін еліне қайтарып, тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалайда «менттердің» қолына түсіп қалмау керек. Тіпті, сол «жарқын өмірі» үшін туған баласын сатып, қарызын жауып құтылмақ болады. Перзентханаға барып, баланы алып шығады. Баласын сағынғаннан емес әрине. Көрермен осы тұста да Айканың балаға деген реакциясын аңдып отырады. Ал Айка не істейді? 

Иә, өмірдің қаталдығын режиссер аямай ашып көрсеткен. «Мәскеу көз жасыңа сенбейді». Бір қарағанда режиссер Сергейдің камераны өзі арқалап алып, Айканың соңынан өзі ілесіп жүріп түсіргендей әсер қалдырады. Фильм емес, Айканы кездейсоқ кездестіріп қалып сосын осы қыздың тағдыры не болар екен деп сыртынан аңдып жүріп байқатпай түсіріп алғандай. Тағы да сол, әлеуметтік желі беттерінен «фильм ортанқол, тым ұзақ, тек Самал үшін көруге болады» деген пікірді де оқып қалдым. Әрине, көрсетілімге шыққаннан кейін қанша көрермен бар, сонша ой қалыптасатыны сөзсіз, біреуге ұнайды, біреуге шындықты көрсетіп тұрса да ұнамайды. 

Екі түрлі режиссер болады, бірі өнер мен өміршең дүниелерге қызмет етсе, бірі тек уақытша, кассалық табысқа қызмет етеді. Дворцевой «режиссерлік фильм» жасап шығарған. Өлмес туынды жасау үшін әр кездің өз шындығы, кейіпкері, актрисасы, режиссері керек. Фильм сәтті, сапалы шыққан. 

Көрсетілім аяқталған соң сыртқа шықтық. Көкейімде тұрған сұрақты бірден режиссердің өзіне қойдым. «Соңы өте түсініксіз, комментарий беріңізші» дедім. Себебі тұрмыс құрмаған құрбым «Меніңше, оның ешқандай жолы қалмады, ол ұсталып қалуы мүмкін» деді. Мен «Жоқ, оның мүмкіндігі бар, баласынан айрылғысы келмеген ана қалайда жол тауып шығады» дедім. Сізді түсінем, аналық инстинктіңізге салып айтып тұрсыз, ал мен қыз баланың инстинктіне салып айтып тұрмын деді. Ал режиссердің өзі маған не деді?

«Сіздер, қызықсыздар, бәрін көзбен көріп, қолмен ұстағандай қылып беру керек. Кішкене миларыңызды қозғап, ойланғыларыңыз келмейді. Адамзат ойлантарлық терең кітап оқымаса, кино көрмесе деградацияға ұшырайды. Әбден бақытты болып аяқталатын ойын-сауық, финишке үйреніп қалғансыздар. Кішкене, өзіңіз де ойланып көрсеңізші. Ана баланы омырауына алды, сезінді. Болды, енді ананы баласынан ешкім де, ешқандай күш те айыра алмайды. Фильмнің түйіні де осында», - деді режиссер. 

Жансая Сыдықбай


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысының тұрғындары өз қаржыларына емхана мен мешіт салды
  • «Ситсен» бағдарламасымен еден жуушыны мектепке жұмыс алу қанша тұрады?
  • Шымкент: Еңбекші ауданынан құрылған тексеру тобы қоғамдық көліктерге рейд жүргізді
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында карантиндік режимді сақтамаған тағы бір сауда орны жабылды
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында санитарлық талапты сақтамаған нысан жабылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер