Баянның бомбасы

39486270_1126705814146182_7460819708862791680_n(1).jpg

Атышулы Баян Мақсатқызы көптен бері бомба жаруды ойластырып жүрді. Осы бір ой оған маза бермеді. Қайтсе де көздегеніне жетуді қалады. Бұл жоспарын режиссер Талғат Теменовке айтып көрді. Баян оған өзінің бағын ашқан «Махаббат станциясы» фильмінің жалғасын түсіруді ұсынады. Баянға сенсек, бұл – бомба жоба болады екен! Бірақ, Талғат оған дүрсе қоя береді. «Өнер өз биігінде қалу керек» деп. Егер жалғасын түсірсе, «Махаббат станциясы» бар абыройынан айрылады дейді режиссер.

Бастапқыда тегеурінді қарсылықтан тосылып қалған Баян кейін ойлана келе қайтсе де Орал мен Гүлнәздың арасындағы мөлдір сезімді қайта оятуды көздейді. Ол «авторлық құқық менікі» деп шу шығарған мінезді режиссермен айқасып жүріп өз ойындағы дүниені жарыққа алып келді. Енді бұл фильм «Тағдыр станциясы» деп аталып, 3 апта бұрын қалың көрерменге жол тартты. 

Көрермендер Теменовтен не үшін жалықты?

Сонымен, бізде көрермен қатарынан табылдық. Басқаларды білмеймін, өзім бұл фильмді көп күттім. Жұлдызды үштікті (Жеңіс, Орал, Гүлназ) қайтадан бірге көргім келді. 90-жылдары түсірілген «Махаббат станциясы» қазақ кинематографиясында өз орнын алып үлгерді. Осы фильм Талғат Досымғалиұлының жұлдызын жақты. Ары қарай режиссер шығармашылықтан аздап қол үзіп басшылық қызметтер істеді. Ара-арасында фильмдер түсірді, спектакльдер қойды. Бірақ, бақ адамға бір-ақ рет қонады екен. Шындығына келгенде, «Махаббат станциясынан» кейінгі дүниелері сәтсіз шықты. Ол араласқан «Көшпенділер» фильмі үмітті ақтамады. Ал, Франциядан салықтан қашқан актер, кәсіпкер Жерар Депардьенің қатысуымен түсірілген, бюджеті – 2,5 млн. долларды құрайтын «Менің күнәлі періштем» фильмін ешкім талқыламады да. Елеусіз қалғаннан артық қорлық бар ма? Талантты Талғат Теменов қалайша бүгінгі Ақан Сатаевтай сұранысқа ие жұлдызды режиссер қатарынан табыла алмады?

Біздіңше, жұрт Талғат Досымғалиұлының көзқарасындағы махаббаттан жалықты. Мысалы, қоғамнан өз орнын таба алмай жүрген ынжық жігіт ширақ қызды ес-түссіз сүйеді. Қызда таңдау еркі болады: махаббаттан өзге ұсынары жоқ байғұс жігіт немесе бай-бағлан. «Махаббат станциясында» Гүлназ түрлі жағдайларға байланысты бай кластасына тұрмысқа шығады. 

«Менің күнәлі періштем» фильмі бірнеше аспект бойынша «Махаббат станциясына» ұқсайды. Мұнда әнші болуды қалайтын қызды бір олигарх еркек ақшамен қамтамасыз етеді. Десе де, әнші қыз кейіннен артынан қалмай, сілекейі ағып жүгіріп жүрген кедей жігітті таңдап кетеді. Бірақ, әнші қыз махаббаттан мансапты жоғары қойып, сүйгенін тастап Францияға кетіп қалады. Сосын қайта айнып, фильм соңында кедей жігітіне айналып соғады. Оған жігіт қуанады. Қысқасы, қос фильмде де бәрін қыздар шешеді. Жігіттерден қайран жоқ. «Махаббат станциясындағы» тактика бүгінгі көрерменге өтпеді. «Менің күнәлі періштемдегі» махаббат алдында дәрменсіз, өзіндік принципі жоқ, кескін-келбеті, мінез-құқы Оралға ұқсас кейіпкер заман талабына сай болмады. Кинотеатрдағы көрермендер дені – қыздар екенін ескерсек, олар мұндай жігітті қабылдай алмады. Оған сеанстағы толмай қалған залдар дәлел. 

Неге «Тағдыр станциясы»?

Сонымен, қазір ел қандай жігітті мақтап, қыздары жақтайды? Бүгінгі махаббат қандай болу керек? Міне, осы сұраққа Баян Алагөзова жауап іздеп көрді. «Тағдыр станциясын» көре отырып, фильмді Теменов емес, Алагөзова жалғастырғаны өте дұрыс шешім болғанына көз жеткіздік. Неге? 

Орыстарда «свежая кровь» деген сөз бар. Қазақшаласақ, жаңа көзқарас. Жаңа дем. Бірсарыннан шығу. Баян Мақсатқызы режиссерлікке Ернар Нұрғалиевті тағайындап, баяғы жартасты бұзғызғысы келгені көрініп тұр. Нұрғалиев осыған дейін кинокассадан жақсы табыс тапқан «Кластастар», «Аға немесе неке» сынды коммерциялық фильмдерін түсірген. Осыдан-ақ, Баян – бірінші кезекте табыс табуды көздегені көрінеді. Бұл заңды нәрсе. Себебі, нарықта ешкімді аямайтын қатал заң бар. Ол – клиент талғамы. Клиент нені қалайды, соны беру керек. Табыс тапқыңыз келе ме, онда рухани құрбандыққа барасыз. Мысалы, қазір клишеден көз сүрінетін фильмдер мүлдем көрілмейді. Яғни, үлгілі әке, ардақты ана, ибалы келін образы, қасиетті ана тілі мен туған жер топырағы насихатталатын дүниелер сұранысқа ие емес. Егер көзді жұмып осы сарында дүние жасасаңыз, онда банкрот болуыңыз әбден мүмкін. Қазіргі таңда Батыс менталитетіне жақын образдар өте өтімді. Өз қалтасынан қаржы шығаратын продюсерлер көбіне осы жолды таңдайды. 

Нарыққа бейімделіп жарыққа шыққан «Тағдыр станциясында» оқиға Алматы теміржол вокзалында өрбиді. Полицейлерден қашқан Ұлан есімді жігіт жүргелі тұрған пойызға мініп құтылады. Мұнда ол Гүлназ есімді қызбен танысады. Екеуі бір-бірін ұнатып қалады. Өзіне сенімді жігіт қылықты қызға сөз салады. Оны қыз қабыл алғандай болады. Сонда залдағы қыздар жігітке дән разы болғанын байқадық. Сонымен, бүгінгі қыздар – ештеңеден тартынбайтын батыл жігіттерді қолдайды екен. Бұрынғы махаббатта жұрт тарапынан бақылау мен шектеу көп болса, бүгінде ондай жоқ. Сондықтан да, батылдықты ашық көрсете білу басты назарда.  

Кезекті бір станцияда бұзақылармен төбелескен Ұлан Гүлназбен бірге полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Қос ғашықты бөлімшеден шығарып алу үшін әке-шешелері келеді Бар қызық осы жерден басталады. Сөйтсек, Ұлан – «Махаббат станциясындағы» Жеңіс пен Гүлназдың ұлы, ал, Гүлназ – Оралдың қызы болып шығады.  

Баян Мақсатқызы «Тағдыр станциясының» – «Махаббат станциясына» мүлдем қатысы жоқ екенін әрқашан айтып келеді. Расында бұл фильмнен «Махаббат станциясындағы» көптеген атрибуттарды байқай алмадық. Мысалы, саундтректі алайық. «Махаббат станциясы» десе ең бірінші құлаққа композитор Төлеген Мұхамеджанов жазған әйгілі әуен келеді. Баян да алғашқыда осы саундтректі өз фильмнде қолданып, көрермендерге ностальгия сезімін сыйламақ болған. Бірақ, Теменов бұлқан-талқан болған соң, «аш пәледен қаш пәле» деп, жаңа саундтрек жаздырыпты. Мұнда алдыңғы фильмнен тек Жеңіс, Орал, Гүлназ үштігі және аз-кем сюжет желісі ғана сақталған.

Өзін жұлдыз қылған режиссерден әбден көңілі қалған Баян қызды-қыздымен баласының жынысын өзгертіп, «жаман байына» қайта қосылыпты. Естеріңізде болса, «Махаббат станциясында» Гүлназ 4-5 жас төңірегіндегі Алма деген қыз баланы жетектеп жүреді. Пойызда Алма Оралға «анам әкеме енді қайтып бармайды. Менің әкем болшы» деп айтатын жері бар. Осыдан Жеңіс пен Гүлназ екеуінің жолдары қаққа айрылғанын білген едік. Және Оралды саяқ жүргеніне қарап бойдақ деп топшыладық. Себебі, режиссер екеуін фильм соңында қайта қосқандай болады. 

Сөйтсек, олай болмай шықты. «Тағдыр станциясында» Гүлназ баяғы күйеуімен әлі күнге дейін бірге тұрады екен. Қыздары Алманы білмейміз, Ұлан деген ұлдары бар екен. Ал, Орал Гүлназдан соң Шолпан деген аруға үйленіпті. Одан қыз бала дүниеге келген. Махаббаттан мәжнүн болып кете жаздаған Орал қызына өзінің алғашқы махаббатының есімін қояды. Көп ұзамай Шолпан дүниеден өтеді. Жалғыз қалған Орал екінші мәрте үйленбей, қызын жалғыз өзі өсіреді. Міне, көрмеймісіз, Орал мен Гүлназды айырған тағдыр балаларын қосуға тырысады. 

Баян жаңа фильмінің сюжет желісін түсінде көргенін айтады. Бәлкім, ол кішігірім детальдарды көрген шығар, негізінен, фильм желісі – Тимур Бекмамбетов түсірген «Тағдыр тәлкегі: Жалғасы» фильмінен алынған секілденді. Бұл фильм – 1975 жылы Э.Рязанов жарыққа шығарған «Тағдыр тәлкегі: жеңіл буыңызбен!» фильмінің жалғасы. Тимур Бекмамбетов мұнда бомба жаруды көздеді. Жарылды да. Қалай десеңіз, 5 млн.доллар жұмсалған фильм 50 млн.доллардан қаржы жинады. Өз шығынын 10 есе ақтап алды. Болды. Миссия орындалды. Көпшілік «кино нашар шыққан», «түсірмей-ақ қою керек еді» деп жатты. Бірақ, енді бұл қалтасы қампайған продюсерге түк те маңызды емес. Қазір өкінішке қарай, өнерден гөрі ақша маңызды заман емес пе?! 

Жалпы, фильмдер орта есеппен кинотеатрда 2 апта көрсетіледі. Ал, жұрт ықыласына бөленген «бомбалар» 1 айға дейін ұсыныла береді. Баян Мақсатқызының фильмі прокаттан әлі алына қоймады. Мысалы, біз 2 апта өткен соң бардық. Сонда да залда көрермендер толып отыр. Осыған қарап, мелодрамамен-ақ көрерменді тарта білген (Әлемдік тәжірибеде мелодрама өз шығынан мүлдем ақтамайтын жанр) Алагөзова мақсатына жеткен секілді деп ойладық.  

«Тағдыр станциясын» нашар шықты деуге келмес. Әрине, «Махаббат станциясына» жете алмасы анық. Расында Теменов мырзаның «өнер өз биігінде қалу керек» деген сөзі дөп айтылған. Мұнда ең басты минус – Баян оқиғаны шиеленістіре алмады. Жас Гүлназ түймедейді түйедей етіп, оқиғаны шиеленістуге тырысады. Ол өзіне алғашқы махаббатын ұмыта алмай «Гүлназ» деп ат қойғаны үшін әкесіне «анама опасыздық жасадың» деп ренжіп, жылап-сықтап дала кезіп кетеді. Ұлан да кішкентай кезінде өзіне көңіл бөлмеген әкесіне ренжіп, қызға махаббатын дәлелдеу үшін қуа жөнеледі. Міне, фильмдегі драма осы. Ата-анасына ренжіген еркетотай балалар.  

Десек те, біз фильмнен плюс те іздеп көрдік: 

Мұнда кең-байтақ қазақ даласының сұлулығы жан-жақты ашып көрсетілген. Қала күйбеңінен шаршаған адамға бұл фильм эстетикалық ләззат сыйлары анық. 

Ең бастысы, кинода негізгі рөлді – әке атқаратынына акцент беріледі. Ұлдары Ұланға қатысты негізгі шешімді анасы Гүлназ емес, әкесі Жеңіс қабылдайды. «Ал, жарайды ұлым, бар, сүйгеніңе қосыл» деген соңғы сөзді де әкесі айтады. Осыдан-ақ отбасында әкенің маңызы зор екендігі насихатталады. Бұл жөнінде Баян сұхбаттарының бірінде «Мұнда өз тағдырына көндіккен әйел бейнесін сомдадым. Бұл бейне – көптеген қазақстандық әйелдерге тән. Олар күйеуіне үнсіз бағынады. Әрқашан күйеуінің жағында болады» деп айтады. Не де болса, Баян өмірде болмаса да, кино арқылы отбасының тұтастығы маңызды екенін көрсетті. 

P.S. 

Соңғы субтитрда «Фильмге қолдау көрсеткені үшін Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдіреміз» делінеді. Сосын «әсіресе Арыстанбек Мұхамедұлына ерекше алғыс білдіреміз» деп тағы субтитр шығады. Біз бұны Теменовтан арашалағаны үшін деп түсіндік. 

Қазақ кинематографиясы тәлім-тәрбиелік тұрғыда берері көп болмаса да, коммерциялық тұрғыда жетістікке жеткен тағы бір фильммен толықты.  

Абылай Есімбай

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысының тұрғындары өз қаржыларына емхана мен мешіт салды
  • «Ситсен» бағдарламасымен еден жуушыны мектепке жұмыс алу қанша тұрады?
  • Шымкент: Еңбекші ауданынан құрылған тексеру тобы қоғамдық көліктерге рейд жүргізді
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында карантиндік режимді сақтамаған тағы бір сауда орны жабылды
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында санитарлық талапты сақтамаған нысан жабылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер