Әулеттің бірлігін ойлаған жайсаң жан еді...

    Screenshot_5.jpg  

Қынаш апаның көзі тірі болса биыл жасы тоқсанға келер еді. Абысындарының айтуынша,сексен екі жасаған қарияның ғұмыры бейнетпен өткен. Жас кезінен қолынан кетпені, оттан қазаны түспей, арасында балаларын дүниеге әкеліп, оларды өсірген. Келген жерінің ынтымағын ойлап, ағайынның татулығын алдыңғы кезекке қойғаны бір төбе. Қай күні Қынаш апа ғұмыр кешкен қарашаңырақта қайнылары мен келіндері жиылып, әдемі естеліктер айтты. Рухына құран бағыштады. Перзенттері үшін енді анасының көзін көрген кісілердің сөзі де – медет. 

Жас кезінде кетпен көтеріп, шабындыққа бірге барған сексеннен асқан көршісі Сәбиткүл, келіндері Әлима, Үрзада, Болған, сіңлісі Анар апалар қызықты да әсерлі естеліктер айтты. Болған апа сол кісілердің тәрбиесін көріп, қызмет етіп, батасын алғанын, ана орнына ана, жеңге орнына жеңге болғанын еске алды. Қынаш апаның жары Әбдіқайым атаның ата-анасы ерте қайтыс болған соң, әкесінің інісі Шолақ атаның қолында жетілген екен.

– Ол кезде қазіргідей кафе жоқ, колхозға комиссия, әртістер келсе қой сойып, тоқаш пісіріп үйге күтеміз. Ыдыс-аяқты жуып, өзіміз күткен сол әртістердің концертіне де бара алмаймыз. Біздің қолымыздың босамайтынын көрген жеңшем де бармай, балаларға қарайлайтын. Мен 1967 жылы келін болып түскенде ата-енем болды. Үйіміз қоңсылас еді. Осы Қынаш абысыным, тағы бір абысыным бар, енем екеуміз, былайша айтқанда төрт әйел 18 жыл бойы бір қазаннан тамақ ішіп, тату тұрдық. Тек жатар орынға  әркім өз үйіне баратын. Ортақ мал, ортақ асхана біздің үйде. Атамыз осынша жылдан кейін қайнағаларға енші берді. Обалын көтермейін, абысыным мен қайнағам жақсы кісілер еді. Үй болғасын ұрыс-керіс болады. Сондайда абысынымның ашуы бес минутқа созылатын. Артынша өкпе сақтамай, «келіңдер-ей, шай ішеміз» деп бәрін жуып-шайып, асымызды жайдары отырып ішетінбіз. Жақсылығымызды асырып, кемшіліктерімізді жасырып жүретін. Бір жылдары колхоздың жұмысымен Шошқабұлақ деген қырда тіршілік кешті. Артық ыдыс-аяғы жоқ болса керек, бір қазан сүт пісіріп, оны ұйытып қояды екен. «Соны ары-бері өткендер ішіп тауысып кетсе, тамақ істеуге қазан босады деп қуанамыз» дейтін. Пейілінің кеңдігі ғой. Бізді тәрбиеледі. Үй болып кетуімізге көмектесті. Бұл үйдің жеті баласы мен біздің жеті баламыз бірге өсті. Кешеге дейін сыйластығымыз бұзылған жоқ. Шолақ атамыз өмірден өткен соң,  әулетке Әбдіқайым аға бас-көз болды. Қайынағам елдің адамы болғасын, абысыным да көпшілікке қызмет етті. Қазір балалары да бізді шеше орнына көріп, сыйлап тұрады,- дейді келіні Үрзада. 

     Қайнысы Ақберді Әбдіровтің айтуынша, ағасы Әбдіқайым 1950 жылдан бастап Сарыағаш ауданындағы Жамбыл кеңшарында ферма меңгерушісі, бригадир, парторг, колхоздың бастығы, орынбасары, зейнетке шығарда экономист болып қызмет еткен. 1995 жылы 70 жасында дүние салыпты. «Ол кездері таңның атысы күннің батысы мал бағу, егін жинау, шөп қырқым деп жұмыста жүреді. Балалары жеңгеміздің аяғына оралып жатса да, келген қонағын қабақ шытпай қарсы алатынына талай куә болдық», - дейді қайнысы. «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – Уәли» деген. Үйге келген көп қонақтың бірінің тілегі қабыл болды ма, ұл-қызы қазір елдің алды болып, ата-анасы қалыптастырған туыстық қатынасты үзбей келеді.

Қынаш апа бұл әулетке келін болып түскенде жасы 17-де екен. Бірақ, он жыл перзентті бола алмайды.Тағы бір абысыны осы күйді бастан кешеді. Колхоздың кейбір қыртымбайлары жұмысқа шақырарда осы кемістікті әзілдеп, бір айтып өтетін көрінеді. «Сонда кетпенді иыққа асынып, колхозға барғанша жаңағы сыпсың сөздер көңілге қаяу салып, екі абысын қосылып жылап барамыз»,- деп марқұм кейін еске алып отырыпты. Онда көлік те жоқ, ыстық күнде ауыр кетпенді көтеріп, жаяулап барып, кешке дейін даланың жұмысын  атқарады. Мұның бәрі қазіргі жастарға бір кино секілді дейді үлкендер.

   Қынаш апаның ағайын келіні Әлима апа қазір 81 жаста. «Өміріміз шешей, қайынаға деумен өтіпті. Қайнағаларымыз тамақ ішкенде үстінен кірмейтінбіз. Бетіне қарап сөйлеме десе сөйлемеппіз. Абысындардың алдында көп сөйлемейді деген тиымдардың бәрін орындап жүріп үй болдық. Кешегіге дейін сол ізетпен өттік»,- деді. Осы арада Салтанат келіні де: «Бізде «сенікі, менікі» деген болған жоқ. Кеткенге дейін абысынымнан «менен алғаныңды қайтар» деген әңгіме естімедім. Той-томалаққа барсақ бізге салмақ салмай, бәрімізге ортақ сөмкені өзі жасайтын. Жатқан жері жәннат болсын. Балаларының бәрін ұясына қондырып, қызығын көріп кетті. Адамгершілігі мол еді. Әкесі Ізбасар молда болған екен. Сол кісінің киесі қонған ба апамыз да перзентханаға толғатып кетіп жатсақ етегімен ұрып, «барғанша босанып қалыңдар» деп тілектестес болатын. Шынымен балаларды көп қиналмай өмірге әкелдік. Көрші тұрдық. Балалар туылған соң екі айдан асса болды жұмысқа шығып кететінбіз. Сонда қабақ шытпай балаларға қарап отыратын»,- деп жақсылығын айтып жатыр. 

Қынаш апамен бірге 25жыл тұрған келіні Ұлжан: «Осынша уақыт бір шаңырақта ғұмыр кешкен соң өз анаңдай болып кетеді. Қате істеген жерімізді қаттырақ айтса сәлден соң айналып, толғанып «ренжіп қалдыңдар ма, шай ішіңдер» деп шақырып алатын. Өзімнің жас кездегі қателігімді қазір келіндерімнен байқаймын. Сол кезде дұрыс істемегенімді, апамның бекер ұрыспағанын ойланамын. Апам үнемі «Балаларымның жамандығын көрсетпе. Мені осылардың алдында ал» деп тілейтін. Батасының арқасы шығар, өсіп-өніп отырмыз. Абысындарының балаларынан соң, біздің үйдегі немерелерін бақты. Балаға қараудан шаршамайтын. Қазіргі келіндер біздің кезіміздегідей емес, еркелеу. Түсініктері мүлде басқа. Бір жақсысы айтқанға көніп, тірлікті істейді», - дейді, екі-үш келін түсіріп, жеті немере сүйіп отырған қарашаңырақ иесі. 

Үрзада апаның айтуынша, ол кездегі келіндер түнімен нан жауып, кір жуып, күбі піскен. Таң алакеуімнен 7-8 сиырды сауып, сүтін қайнатып, мақта терімге кетеді екен. Балаларын үлкендер «бақшасына» қалдырады. 

Марқұм болған Назым қызынан басқа кіші қызы Мінәйім, тұңғыш ұлы Ескермес пен Нәзирадан бастап, Сүндет пен Дәмелісі, Әбжаппар мен Ұлжаны, Жангелді мен Гүлнары, Бигелді мен Әсиясы апаларынан көрген тәрбиені балаларына беріп, өздері де ата-әже атанып отыр. Ұрпағы үшін өмір сүретін қазаққа бақыт деген осы. Бүгінде осы жеті баладан тараған отыз немеремен өсіп-өнген әулет атанып келеді. Мұның бәрі Қынаш апаның үлкендерден алған батасының арқасында дейді көзкөргендер. 

Үлкен келіні Нәзира:«апамыздың ақ сүтінен дарыған шығар, балаларының бәрі білімді. Тұңғышы менің  қосағым Ескермес Қапланбек ауыл әкімдігінде әкім, біраз жыл кеңседе түрлі қызмет етті.  Екінші ұлы Сүндет Шымкенттегі «Қан орталығы» мекемесін  басқарады. Үшінші қайным Әбжаппар Сарыағаш ауданына қарасты «Қызылжар» ауыл округінің әкімі, Жангелді мен Бикелдінің де өз кәсіптері бар. Келіндеріміз ұстаздық қызметте. Қолдары боста ауладағы жылыжаймен айналысады. Апамның ашуы бес минуттық еді. Ондай мінез балаларында да бар. Соған шыдап жүргенімізді көрген апам «сөйтіп, сөйтіп отан боласыңдар» деп айтатын. Атамыз болса ақкөңіл, әңгімешіл туралығын айтып отыратын» деп еске алды. 

Жақсы сөздер айтылған кең дастарханда марқұмның рухы шат болып, әруағы бір аунап түскен шығар. 

Динар БАЛҚЫБЕКОВА,  «Рейтинг» газеті 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысының тұрғындары өз қаржыларына емхана мен мешіт салды
  • «Ситсен» бағдарламасымен еден жуушыны мектепке жұмыс алу қанша тұрады?
  • Шымкент: Еңбекші ауданынан құрылған тексеру тобы қоғамдық көліктерге рейд жүргізді
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында карантиндік режимді сақтамаған тағы бір сауда орны жабылды
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында санитарлық талапты сақтамаған нысан жабылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер