Нышан Төлегенов: «Алғабасыңды» айтып тыныш жүрсейші» дейтіндер де бар

Screenshot_2.jpg

Қаратау мен Қазығұрт атырабының ән айту дәстүрін насихаттаушы,  қырық шақты әннің авторы атанған композитор Нышан Төлегенов Оңтүстік өлкесіне «Домалақ Ана», «Алғабасым» әндерімен танылған. Қарапайым қалпынан ажырамаған күйі ел ағасы жасына жеткен сазгердің домбырасы әлі қолында. Дегенмен, әншіні шығармашылықтан бұрын кейінгі жастардың өнердегі беталысы көбірек ойландырады. 

– Шығармашылық жетістіктеріңізді халық біледі. Сұхбатты қазір сізді, әсіресе мәдениет саласында не алаңдатады деген сауалдан бастағым келіп отыр.  

– 2003 жылдан бері облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда қызмет етіп келемін. Мені осы саладағы жүйесіздік шаршатып жүр. Филармония директорының міндетін атқарушы болып Нұрсәт Бейсеқожаның тағайындалғанына биыл үшінші жыл толуда. Күйшілігіне, жастығына таласым жоқ. Оны біреулер күштеп әкеліп отырғызды. Бұл көре алмаушылық емес, жүйеге қарсылық. Ақыры әкелген екен үш айдан кейін директор ретінде бекітсін. Болмаса бір филармонияны басқаратын адам өзімізде жоқ па? Бұрынғы директор Әбдіхан Нұрмағамбетов орнынан алынған соң, заңға сай уақытша міндетін атқарушы екі орынбасарының біреуіне жүктелуі тиіс. Ал қитұрқы жолмен екеуінен «болғымыз келмейді» деген тілхат жаздырылады. Сөйтеді де, басқа адамды заңсыз әкеліп отырғызады. Уақытша басқарушының да уақытының шегі болу керек. Үш жыл емес қой. Үш ай болуы мүмкін. Саудалары келіспей жатқан шығар. Дәлелім жоқ, бірақ ондай орындарға ашық сауда болғанын естіп жатырмыз.  Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық драма-театрына да директор тағайындалмағанына екі жылдан асты. Бұл саяси ақшаның ойынына ешкім мән беріп жатқан жоқ.   

– Осындай өзекті мәселелерді өнер ұжымының бірлесе жоғары жаққа жеткізуіне не кедергі? 

– Мекемеде бұрын айына бір жиналыс болатын. Қазір ол үш айда, тіпті жылына да өтпейтін болды. Сол жердегі қызметкерлердің айтар ойы бар. Мен сияқты «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын алған 3-4 адам, 5-6 «Мәдениет қайраткері», пәленбай  Халықаралық байқаулардың лауреаттары жүр. Ешкімнің ойы тыңдалып, талқыға түсіп жатқан жоқ. Бұл да біздің жүйкемізге салмақ түсірді. Жастар келешегінен қорқып, айтқысы келсе де айта алмайды. Мені азарлығы зейнетке жеткізбей шығара салар. Маған да бәрібір болса ертеңгі күніміз қалай болады? Бұрын бір әріптестің қайғысы мен қуанышына ұжым жұмыла қалып, жәрдемдесетін. Бұл мемлекеттік жұмысқа қатысы жоқ. Азаматтық үлгідегі тірлік. Қазір жас әншілер үлкен жетістікке жетіп келсе естімей, уақытында құттықтай алмай қаламыз. Осының бәрі ұжымның ішкі ахуалының төмендеуіне әсерін тигізеді. Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен түрлі іс-шараларға барамын. Сонда: «Көкелер, сендер әкім келсе мақтап, кетсе даттай бересіңдер. Қай салада қандай кемшілік бар деген сұрақ толғандырмай ма?» деп айтсам, «Сендерге не болып қалды? Әндеріңді айтып жүрсіңдер. Балдарың тойда табыс тауып жүр» дейді. Әңгіме осымен бітеді. Әр мекемеде бір мұң бар ғой. Біреуі әнеукүні: «Сен, Нышан бір революция жасайын деп жүрсің бе? Тыныш «Алғабасыңды» айтып жүре берсейші» дейді. «Мақұл көке. Өнердің тағдыры екеумізге де керегі жоқ екен. Бұл жауапсыздықтың ақыры түбінде қалай болады?» деймін. Заң бойынша мен басшылықтағы жігіттердің құқына қол сұғуға қақым жоқ. Бірақ, қырық жылдан бері өмірім осы салада өтуде.  Театрда үнемі айқай шығаратын шалдар бірінен кейін бірі кетіп қалды. Тірі болса мынадай тірлік болмас па еді... Уақытша жүрген адам барлық жауапкершілікті мойнына алмайды. Былай қарасаң  аса бас ауыратындай мәселе болып көрінбеуі мүмкін.  Ал түбіне үңілсеңіз не болсаң о бол деген қатер бар. Облыстық әкімшіліктен бұйрық, облыстық мәдениет басқармасынан тапсырма келеді. Жоспарлы жұмыс бұзылса оған ешкім жауапты емес. Халыққа хабарланып қойған іс-шара өтпей де қалады. Орнына басқа нәрсе ұйымдастырады дегендей. Көрерменнің оған кінәсі жоқ қой. Сөйтіп-сөйтіп келешекте көрерменсіз қалуымыз мүмкін.  Негізгі қызметіміз той, не шоу бизнес емес,  халықтық өнерді дамытып, әлемдік музыканы сапалы түрде көрерменге жеткізу. Сосын Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда фонограммамен ән айтуға заңмен шектеу қойған. Біздің ел әлі қолға алмайды. Жылда өзіміздің министрліктегі Мәдениет комитетіне «Көршілердің істегенін біз неге істей алмаймыз?» деген сарында хат жазамын, жауап келмейді. 

–  Бүгінде әнші көп, киелі сахна мен той алаңын ажырата алмайтындары да аз емес. Әсіресе «той жұлдыздары» жасанды дауыспен жұртты алдауда. Бұған не дейсіз? 

– Біздің уақытымызда арақ ішіп ән айту «дәстүр» болған. Жастар одан таза. Оған қуанамын. Бірақ, ақшаға құмарлау. Мысалы, қазіргі тойларда өзге әншілердің фонограммамен айтқан әндерін үш қыздан құралған трио орындап жүр. Той егесін де, халықты да алдайды. Мен өнерпаздың бойы мен салмағына қарап даусын  өлшей аламын. Жастар неге мұндай алаяқтыққа құмар болуда? Оған онсыз да ақшасы төленіп тұр ғой. «Бұл жолы шығындалдым. Келесі жолы тағы той болар, сонда ырза қылармыз» дейтін біздің заман емес. Біз сияқты 18 күн аяғына резеңке етік киіп, қораның ішінде садыра кешіп ән айтып жатқан жоқ. Баратын жері болмағасын автоклубтың ішінде қонып, ертеңіне қайтадан қойшыларды аралап жүрген адамдар емес. Әдемі киініп, бір тойханадан шығып, екіншісіне секіріп жүре береді. Солар енді тойда фонограммамен айтса да өз дауыстарымен шырқаса дейтін болдық. Айта алмаса табиғи дауысы жоқ болғаны да. Қысқасы, жақсы әнді күнкөріс көзіне айналдырып алғандар аз емес. Оның себеп-салдарын тәрбиемен де әлеуметтік жағдаймен де, тіпті халықтың талғамымен де байланыстыруға болар. Тереңдей берсек, ұзақ әңгіме.

– Әлеуметтік жағынан да шаршатып жүрген мәселе бар деп қалдыңыз. 

– Қаланың көркейіп дамуы үшін қала маңайындағы ауылдарды қосты. «Қалаға қосыласыңдар ма?» деп көпшіліктен сұрамады. Халықтан ешнәрсе сұрамай, бес-алты адам шешім шығара беретін елміз. Қалыптасқан үй-жайымның біраз бөлігі мемлекет мұқтаждығы үшін алынды.  Яғни, ортадағы кішкентай жолды кеңейту үшін Тассай елді мекеніндегі Тәуке хан көшесіндегі  50-60 шақты үйдің ауласы бұзылды. Соны әлі заң жүзінде реттей алмай келеміз. Көрші ауылдан толып келетін №44  маршрутқа біз тұратын «Айшуақ» аялдамасынан мінетін жолаушы сыймай қалады. Жұмысқа баратындар, немересін жетектеп әжелер Д. Нүрпейісова атындағы мектепке апарады. Сыймағасын келесісін күтіп балалар сабақтан кешігеді. Жасөспірімдер  спортпен айналысатын әлеуметтік нысан, не шағын мектеп салынбаған. Медпункт алыстау, Калинин  ауылында орналасқан. Дәріхана жоқ. Осы мәселелерді қала әкімінің орынбасарына да кіріп айттым.

– Өнер саласында тағы қандай көңіліңіз толмай жүрген мәселелер бар? 

– Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты облыстық ән байқауында жыл сайын композитордың белгілі  20 әні айтылады. Әнші өзгергенмен ән өзгермейді. Неге композитордың басқа әндерін іздеп, соны шырқамасқа? Оны жарыққа шығаратын мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы. Конкурстың осындай осал талабынан Шәмші 300 ән емес, 20-30 ән ғана жазған сияқты көрінеді. Әр жылы басқа әндерін орындауды тапсыру керек. 

– Негізі 300 ән жазған ғой? 

– Сондай дерек бар. Нотасы кітапта тұр. Іздесін. Жастарды іріктегенде алаяқтыққа жол бермесін. Өйткені бір қоңыраумен таланты жоқ адамдардың жүлделі болып жатқаны жасырын емес. 

– Сұхбаттарыңызға қарасам қанағатшыл адам сияқтысыз.  

– 1988 жылы «Алғабасым» әнін тыңдап, батасын берген Шәмші Қалдаяқов –   нағыз қарапайымдылықтың эталоны еді. Сосын, өмірдегі ұстанымыма сай жаңадан байығаннан қарыз алмаймын, жаңадан адам болғаннан ақыл сұрамаймын. Қарапайым өмірді пір тұтқан адамдардан ажырағым келмейді. 

Былтыр алпыс жылдықты көңілімдегідей атап өту үшін 5-6 әнді оркестрмен дайындадым. Туған елім Бәйдібек ауданының 90 жылдығы мен өзімнің 60 жылдығыма арналған концертті ауылдан бастағым келді. Аудан әкіміне хат жаздым, артынша барып жоспарымды айттым. «Болдырамыз, хабарласамыз» деген еді, әлі хабар жоқ. «Бәрі бір ауылың ғой» деп, Жамбыл облысы, өзіміздегі бір-екі аудан бірнеше рет шақырды.  Бірінші жерлестерімді қуантып, қариялардың батасын алып жолға шықсам деп, оларға бармадым. Бәйдібектік жерлестерім осы іc-шараға әлі құлық танытпай отыр, соған ренжулімін. 

– Қазір әншілер әр 2-3 ай сайын келіп коммерциялық концерт қояды. Солар өзі халықтың ақшасы көп деп ойлай ма екен? 

– Филармонияда 45 адамдық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән айтылып, би биленіп сосын эстрадалық ән шырқалады. Барлығы 100 адам дайындайтын концертке бекіткен бір билеттің бағасы 1000 теңге. Гастрольдік сапардың шығыны соның ішінде. Алматы, Астанаға барарда бағасын сәл көтереміз болды. Барлық қаладағы мәдениет сарайларын халық концертке баратын мейрам күндері жыл бұрын Қайрат Нұртас, Ернар Айдар  сынды әншілер алып қояды. Олар қойған концерттің салығы төленіп жатыр ма, ол жағын ешкім реттемейді. Бірде Алматыда студенттер сарайында залға талас болды. Біздің 1000 теңгелік билетке де, коммерциялық 5-10 мыңдық билетке де залды жалға берушілер 1,5 мың орынға 1,500 млн. теңге алады. Біз 120 адам барып отырмыз. Билеттің айырмашылығына қарамайды. 

Сосын, бір әнмен оншақты жылдан бері жүрген әншілерге де кемшілігін айтамын.  Өзім әр концертке жаңа бір ән болса да қосып отырамын. Жас кезімде жыр-дастандар айтып, Ташкент пен Ошта өткен байқауларға қатыстым. Соның тыңдаушысы табылмағанына өкінемін. Ал, 1997-2000 жылдары «Домалақ ана» қоғамдық қоры жанынан «Айтыс» отауын ұйымдастырып, ел алдына шықпай қалған ақындарды шақырып, халыққа өнер көрсеттік. 2007 жылы Қызылорда облысында болған су тасқыны зардаптарын жоюға арналған қорға қаржы аудару мақсатында Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының ақындары арасында «Біз сіздермен біргеміз!» атты қайырымдылық айтысын ұйымдастырдық. Өкінішке орай, осы істер жалғаспай қалды. 

Сұхбаттасқан Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, «Рейтинг» газеті 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысының тұрғындары өз қаржыларына емхана мен мешіт салды
  • «Ситсен» бағдарламасымен еден жуушыны мектепке жұмыс алу қанша тұрады?
  • Шымкент: Еңбекші ауданынан құрылған тексеру тобы қоғамдық көліктерге рейд жүргізді
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында карантиндік режимді сақтамаған тағы бір сауда орны жабылды
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында санитарлық талапты сақтамаған нысан жабылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер