«Самаурынға» айналған соғыс батырлары

1941-1945 жылғы соғыстан кейін 25 млн адам баспанасыз қалады. 3 798 200 жауынгер жараланып әскерден қайтқан. Оның ішінде 2 576 000 солдат мүгедек атанып, 450 мыңы қол-аяғынан айрылады. Олардың дені 25-35 арасындағы жастар еді. Бірқатар мүгедектер туыстарының көзіне сүйел болғысы келмей үйіне қайтпайды. Ал жақындары соғыста өлген, болмаса жер аударылғандар ешқайда бара алмайтын еді. Жарымжан майдангерлерді жұмысқа алмайды. Барлық астығын сарбаздарға жөнелткен елдің де жағдайы ауыр кез. Сондықтан үйсіз, аш, қараусыз қалған кеудесі медальға толы Кеңес Одағының батырлары, жауынгерлері амалсыз күн көріс үшін қайыршы болып, көшеде жүрді.

Деректерге қарағанда, ұсақ қылмыстармен, мас болып көпшілік жерде тәртіп бұзушылықпен  ұсталатын адамдардың жетпіс пайызы соғыс мүгедектері болған екен. Социалистік елдің ажарына кір келтіреді, ертеңгі болашаққа деген сенімді бұзады, Ұлы Отан соғысы жайлы естелікті тұмандатады деген оймен билік жарымжандарды бір түнде теміржол вокзалына әкеліп, алыс аймақтағы шіркеулерге, интернаттарға жөнелтеді. 1946 жылдан бері оларды әр жерден «аулап», 1953 жылдың күзінде Мәскеу мен Ленинград көшелері мүгедектерден тазарады. Соның бірі – Харьковтың түбіндегі Валаам аралындағы мүгедектер үйі. Одан бөлек Бахчарасайдың қасында Стрелечьте, Омбы, Барнаул, Сахалин, Арменияда соғыс мүгедектеріне арналған интернат үйлер болған. Осы жерде көпшіліктің пікірі екіге жарылады. Бірі Валаам интернет үйі – қиын кезде ел қорғаған батырларға ГУЛАГ сияқты сезілгенін, алапес адамдардай оларға ешқандай жағдай жасалмағанын айтады. КСРО билігі ел басына күн туғанда  пайдаланып, бейбіт заманда жарамсыз қоқыс затындай бір жерге үйіп тастай салды деп наразылық білдіреді. Ал, екінші топ болса оларды қаңғытпай, бір жерге жинағаны үшін билік кінәлі ме? Жататын жері, тұрақты тамағы дайын болып,  кірі жуылған. Дәрігерлер, медбикелер қараған. Жертөледе, әр бұрышта мас болып, қайыршы атанып, көліктің астына түскеннен осы жақсы емес пе деген пікірде. Валаамдағы мүгедектерді суретке түсірген фотографтар мен суретшілер шынында олардың аралдағы  өмірі итке бергісіз екенін естеліктерінде жазыпты. Қол, аяқсыз болғасын сыртынан «самаурындар» деп атаған кембағалдардың кейбірі осы аралда шаруашылықпен айналысып, отбасын құрып, бала сүйген. Сосын, жақындары болса да, ұсқынсыз келбетін көрсеткісі келмей мүгедектер өздерін «іс-түссіз жоғалды» деп жазуға келісім берген. Болмаса интернаттан шығып қаламын деп қорыққан. Валаамдағы шіркеуге соғыста бомба түсіп, есік-терезелері жұлынған екен. Олар келгенде тек электр шамы ғана бұзылмай, жанып тұрыпты. Алғашқы жылы бірқатар мүгедектер терезеден кірген суықтан өледі. Ардагерлерді жасырын келіп суретке түсіріп жүрген фотограф Юри Кряквин: «Олар – тастанды адамдар. Бірде соқырлар корпусында болдым. Үстелдерінде тышқандар жүргені былай тұрсын, мүгедектер тәтті тоқаштарын қалтаға салып, жастығының басына тығып қоятын. Алып жей бастағанда тышқандар қолдарына секіріп тартып жейтінін көрдім. Әбден өмірден түңілген, көрер қызығы жоқтығын сезінген ішкі әлемі өкініш, налаға тола кеудесін сүйретіп жүрген тірі әруақтар еді мұндағылар. Тіпті оларға деген тамақтың өзі ұрланып, нашарлары ғана берілетін. Ал шынында олар – ұлы адамдар еді»,- дейді. Валаамдағы мүгедектер жайлы көп жылдар бойы айтуға тиым салынған. Оларды тек көруге рұқсат, ал тіршілігін таспаға түсіруге болмайтын. Сондықтан, кино түсірмек болған режиссерлер есіктен қайтады. Ең қиыны Жеңіс күнін де  тойламапты. Құттықтау, гүл шоқтары, дәмді дастархан бұл аралда болмаған екен.  

Түрмеге түскен қылмыскер бір күні бостандыққа шығып, жақсы өмір сүретініне сенімді болады. Ал мұндағы мүгедектерде ондай арман жоқ, олар шығатын жолы тек – мүрде екенін келген күні-ақ сезінген. Соған шыдағысы келмеген Степан Захаров асылып өлсе, тағы бір аяқсыз солдат биік ғимараттан құлап бақиға аттанған. Бір кездегі батырлар бір-ақ сәтте осылай мүсәпір атанады. Оларды аралдағы ескі қорымға жерлегенде, басына белгі де қоймай, құжаттарына қай ұрыста қандай ерлік көрсеткенін, атақ алғандарын да жазбапты. Шынында «із-түссіз» кеткен бейбақтар. Кейін журналистер арнайы деректі фильм түсірмек болып, құжаттарды тексергенде Кеңес Одағының 48 батыры елеусіз қалған Валаамдағы қорымға жерленгені расталыпты. «Рухы мықты болмағанда айналадағы шіркеу үйінде, жалғыз бөлмеде жынданып кетер еді. Қастарына барсаң өздерін кінәлі адамдай сезініп, кешірім сұрағысы келіп тұрады»,- дейді біраз жыл олардың суретін салған суретшілер. Осындай деректерден соң, қаншама жыл өтіп кетсе де, әлемде соғыстан да сұмдық жағдайлар болған екен дейсің.

  Бұл суреттің аты «Белгісіз». Нәрестедей «құндақтаулы» жатқан КСРО  батыры, ұшқыш Григорий Волошин.

Георгий Ваолошин.jpg

Жаудың ұшағын құлатп өзі тірі қалғанмен, аяқ- қолы кесілген. Есту, сөйлеу қабілеті жойылған. Тек көреді. Осы қалпымен Валаамда 29 жыл өмір сүрген. Кескен томардай болғасын тірі екенін баласы мен әйелінен жасырыпты. Отбасы Григорийдің отыз жылдай өмір сүргенін 1994 жылы біліп, басындағы белгіге аты-жөнін, атағын жазады. Ұшқыштың осы қалпын екі күн салған суретші Геннадий Добров оның мүлде қозғалмайтынын байқаған. Тек көзімен қарап қана жатыпты. Сондағы  жанарындағы тазалық суретшінің есінде қалады.  

«Ленинград қорғаушысы» Александр Амбаров. 

Александр Амбаров.jpg

Екі рет жарылған бомбаның астында қалған. Достары жерден қазып шығарғанда оны тірі қалады деп ойламаса керек. Емделген соң, ол тағы соғысқа кіреді. Бірақ, өмірін тірідей ұмытылған күйінде аралда өткізеді. Ал, суретке қарап майдангердің өмірге құштар болғанын аңғарасыз.  

Бұл Белоруссияда партизан отрядында болған Серафима Комиссарова есімді барлаушы. 

Серафима барлаушы.jpg

Қыстың күні тапсырманы орындап болған соң түнде балшыққа батып, содан шыға алмайды. Оны тек азанда мұз болып қатып жатқан жерінен тауып алады. 

 Партизан, солдат Виктор Лукиндіде соғыс аямаған.  Бірақ не көрсе де рухын төмендетпегені суретінен де байқалады. 

Виктор Лукин.jpg

Екі аяғынан айрылған «қарт  майдангер» Михаил Казанков орыс-жапон (1904-1905), І дүниежүзілік (1914-1918), Екінші дүниежүзілік соғыстарға  (1939-1945) қатысқан. Суретші оны кескіндегенде кәрі солдаттың жасы 90- да екен. Бірінші дүниежүзілік соғыста екі рет Георгий кресін кеудеге таққан.  Бірақ, пендеге тән отбасылық бақытты көрмейді.  

Михайл Казанков.jpg

  «Естелік» деп аталған суретте Мәскеу түбіндегі Фенино селосындағы ұрысқа қатысып мүгедек болған Георгий Зотов. 

Георгий Зотов.jpg

Соғыс жылдарындағы газеттің тігіндісін парақтап, ойша тағы өткенге оралған сәті. Ол тірі келді. Бірақ қанша досы сол далада ажал құшты емес пе? Тек, қарт майдангерге бірнәрсе түсініксіз. Мұндай жоқшылықта хайуан секілді күн кешкенше неге сол неміс даласында өле кетпегеніне өкінеді. 

Пешке құлаған әйел.jpg

Соғыс басталардан екі күн бұрын бұл әйелдің әскери қызметтегі күйеуін Брест қамалына жібереді. Өзі де артынан бармақшы еді. Радиодан соғыстың басталғанын естіген ол бетімен ыстық пешке талып құлап қалады. Сүйіктісі соғыстың алғашқы күндері-ақ бақилық болады. Суретші  суретін салғанда беті күйген келіншек әдемі ән салып отырыпты... 

Васили Лобачев Лидия.jpg

 «Бақытты отбасы». Мәскеуді қорғаған Василий Лобачевтың жарасы асқынуынан қол-аяғын кесіп тастаған. Әйелі Лидия да соғыста екі аяқтан  айрылады. Олардың астанада қалып жолы болғандай. Тіпті екі балалары өмірге келген. Сирек кездесетін бақытты отбасы. 

Алексай Чхейдзе.jpg

 «Кавказдан Будапештке дейін барған» КСРО батыры, теңіз әскері Алексей Чхейдзені суретші Мәскеу түбіндегі Данки ауылынан табады. Қолынан айрылған. Құлағы естімей, көзі нашар көрген соң интернатқа өзі келген. Осыған қарамастан пионерлер отрядын ұйымдастырып, теледидар, радиоға хабар дайындаған. «Дунайдағы барлаушының қолжазбасы» кітабын жазған. Өзін «мен протез адаммын» деп әжуалайды екен. 

Владимир Еремин .jpg

«Майдандасыма хат» деп аталатын бұл суретте екі аяғынан айрылған солдат Владимир Еремин. 

Борис Милее.jpg

«Майдандағы естеліктер» екі қолынан айрылған Борис Милеев естелік  жазып отыр. 

«Өмір сүрдім...» Михаил Звездочкин денсаулығының төмендігіне қарамастан өз еркімен соғысқа қатысып, таза ерлік көрсеткен. Артиллерияға командир болған. Соғысты Берлинде аяқтаған. Өмірінің соңғы жылы Валаамда өткен. 

Михаил Звездочкин .jpg

Омбы облысының Такмык селосында тұратын Алексей Курганов есімді майдангер Мәскеуден Венгрияға дейінгі соғыс жолында екі аяғынан айрылады. 

Алексей Курганов.jpg

«Жаңа соғыс қажет емес» бұл суреттің аты. Барлаушы Виктор Попков. Егеуқұйрық апанына түскендей аралда амалсыз өмір сүргендердің бірі. Бұзылған балдағы мен бір ғана костюмін тастамаған. 

Виктор Папков.jpg

 Сталинградты қорғауға қатысқан радист қыз Юлия Еманова. Майданға өз еркімен келеді. Оның кеудесінде Даңқ және Қызыл Жұлдыз ордені бар. 

Юлия Еманова.jpg

«Түскі ас» 


туски ас.jpg

Материалды дайындаған Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, "Рейтинг" газеті  

мақала www.newtambov.ru сынды Ресей сайттарынан алынды. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысының тұрғындары өз қаржыларына емхана мен мешіт салды
  • «Ситсен» бағдарламасымен еден жуушыны мектепке жұмыс алу қанша тұрады?
  • Шымкент: Еңбекші ауданынан құрылған тексеру тобы қоғамдық көліктерге рейд жүргізді
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында карантиндік режимді сақтамаған тағы бір сауда орны жабылды
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында санитарлық талапты сақтамаған нысан жабылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер