«Қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (бүгінгі таңда күміс нисабы 103 000 (жүз үш мың) теңгеге жеткен адамның ораза айт күнінде өзі және сәби балалары үшін пітір садақа беруі – уәжіп»,- осылай деген ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров пітір, зекетке қатысты өзге де сауалдарға жауап берді.
– Қазір ауылдық жерлерде отыз күн бойы тәребе намазын оқытқан молдаға имамақы ретінде ақша жинап береді екен. Бұл үрдіс бұрыннан бар ма еді?
– Имамдар мемлекеттен айлық алмайды. Сондықтан, шағын елдімекендерде жұмыс істейтін діни маманды өз ісіне қызықтыру үшін қаржы жинап имам ұстаған. Имам сол ақыға жыл бойы қызмет ететін болған. Ал тарауих намазын оқып бергені үшін қаржы төленбейді.
– Ауызшарды біркездері тек үйде, ауыл адамдары кезекпен жасайтын. Соңғы кездері мешітте жасау үрдіс алды. Мешітте жасау мен үйдегі ауызашардың артықшылығы неде?
– Ауызашарды дәмханаларда немесе мешіттерде беру шариғатқа қайшы емес. Бірақ, мешітке келіп ауызашар беру үлкен сауапты амал. Әрі онда келіп, ораза тұтып ауыз ашатындардың қатары едәуір көп болады. Оған қоса адамдарды мешітке тарту, насихаттау деп түсінген абзал. Мешіттерде «Рамазан шатырына» арнайы дайындалған орындарда 100-300-ге жуық адамға дейін ауызашар беріледі. Ауызашарды жасайтын жамағаттар алдын ала жазылып, қаржысын төлеп, өздері құранның ішінде болып елдің батасын алады. Бұл жерде мешіт тек ұйымдастырушы ғана.
– Сосын, жиналған пітір садақаның неге жұмсалатыны көпшілікті қызықтыратыны рас.
– Қала бойынша жағдайы төмен, көпбалалы 6500 отбасы бар. Мешітке түскен пітір садақаларды жинап, сол кісілерге үлестіреміз.
– ҚМДБ Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы 2015 жылы Елбасымен кездесуінде «Ауылдық имамдарға айлық беру мүмкіндігін қарастырсақ» деген мәселені айтқан екен.Ал қазір, ауылдағы мешіттердің жағдайы қандай, имамдарға жалақы төлене ме?
–Мешіт имамдары мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Еліміздегі 2600-ге жуық мешіт сияқты Шымкенттегі 105 мешіттің барлығы өздеріне түскен садақа арқылы өз-өзін қаржыландырады. Елбасының қолдауымен «Уақып» қайырымдылық қоры ашылып, өңірімізде 110 мешіт имамы айлық көмек алып тұрған еді. Өкінішке қарай, бұл бастама уақытша тоқтап тұр. Қала болсын, ауыл болсын мешіт имамдарының айлық жалақысын қарастыру қажет. Олар да осы елдің азаматы һәм тұрғыны.
– Ал енді пітірдің маңызы тоқталып өтсеңіз.
– «Пітір» сөзі жаратылыс деген ұғымды білдіреді. Оны жан садақасы деп те атайды. Пітір садақа рамазан айы кіргеннен бастап, ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында үлгермесе кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды.Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.
Пітір садақа екі келі бидай немесе оның өнімдерімен және төрт келі мейіз, құрма немесе арпамен есептеледі. Қалай да орташа дәулетті адам осыны бергені жақсы. Дегенмен азық-түліктің орнына пітір садақаны ақшалай бергені абзал. Биылғы пітір садақа мөлшері екі келі ұнның орташа бағасымен есептеліп, 300 теңге деп белгіленді. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар өздері үшін садақа береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, әлбетте, сауаптан құр қалмайды. Пақыр адамның пітір садақа беруі – уәжіп емес. Егер беретін болса, өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс.
Шариғат бойынша, кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруге міндетті. Зекетті 85 грамм алтыны бар, яғни сол шамада дәулетті адам беруге болатыны көрсетілген. Бір грамм алтынның соңғы уақыттағы құны 15575 теңге болса, байлығы 1 млн. 323 мың 875 теңгеге жететін адамға міндет етіледі екен. Алайда, әркім бұл ретте өз шама-шарқына қарап береді.
Әңгімелескен Динар БАЛҚЫБЕКОВА, «Рейтинг» газеті