Студенттер арасында шет елге саяхат жасайтындар сирек. Шағын Түркістан қаласында оқитындар үшін бұл таңсық десе де болады. Көптің ішінен суырылып, Түркия сынды дамыған елді көріп келген замандастардың саяхатына қызығып, ол елдің тыныс-тіршілігі жайлы сұраған едік. Төмендегі сауалымызға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Гуманитарлық ғылымдар факультетінің 2-курс студенті Әділ Мәмет шынайы жауап берді.
– Әділ Түркияда жүріп байқаған ең үлкен ерекшеліктер қандай?
– Болу қаласында 28 күнді өткіздім. Байқағаным Түркия мемлекеті барлық жағынан едәуір дамып кеткен. Біріншіден, халқы өте қонақжай және мәдениетті. Саяхатқа келген әрбір туристі өз туысындай құшақ жая қарсы алады. Түркиялықтар шет елден келген қонақтарға әбден үйренген, ешкімнің бір-бірімен шаруасы жоқ. Тек көмектесуге асығып тұрады. Түркияның бірнеше қаласында болғанымда байқағаным осы.
– Өзің аралаған қалалар жайында ол жақтағы қызықтар жайлы айтып берсең.
– Түркиядағы әрбір күнім ерекше болды. Бір-біріне мүлде ұқсамайды. Және ұмытылмас естеліктерге толы. Болу қаласында келіп түстік. Атмосферасы да мүлде бөлек. Кешкісін қаланы аралау басталды. Аты аңызға айналған Түрік кахвесінің дәмін таттық. Бір қызығы ол жақта кешкі асты бестер шамасында ішіп алады екен. Сол жағынан кішкене қиналдық. Ал тоғыздарда тортпен тәтті шәй береді. Асхана тәртібі солай, оған да үйрендік. Болу қаласында атақты «Гөлжук» көлі бар. Онда жылдың барлық мезгілінде туристер таусылмайды. Көмкерілген көлдің ортасында ағаштан жасалған бір ғана үй бар, айналасы ағашқа толы. Көрінісі көздің жауын алғандай. Анкара қаласы мемлекет астанасы болған соң ресми ғимараттар көп екен. Президент резиденциясында болдым. Мевлана кесенесіне жолымыз түсті. Ол жерде Пайғамбардың (с.ғ.с) сақалы сақталған орынға табанымыз тиді. Мұнда халықтың қарасы қалың. Анкарада ғана ерекше әдіспен дайындалатын «Етлі екмек» тағамынан дәм таттық. «Алтын йылдыз» және «Дамат» сауда белгілері ұсынған Түркияның сапалы киімдерінен бірер сауда жасадық. Туристік компанияның тікелей ықпалымен біздер үшін көптеген жеңілдіктер жасалды. Мұның өзі Түркияға турист болуға деген ынтаны арттырады. 20 миллион тұрғыны бар Стамбул қаласындағы күндерім өз алдына бір төбе.
Оның 5-6 миллионы шет елдік қонақтар. Туристік нысандар көп орналасқан. Және барша Түркияның мақтанышы Хазірет сұлтан мешіті де осында. Ол мешітке шет елден келушілер туралы айтпасақ та түсінікті. «Татлы пазар» дейтін түрлі десерттер мен тәтті бәліштер базары бар. Ол жердегі тәттілерден дәм татпау мүмкін емес. Өзінің зергерлік бұйымдарымен ел ішінде есімі белгілі Кападокия қаласына да сапар шектік. Ескі шехир аймағына да жол жүрдік. «Ескі шаһар» деп аты айтып тұрғандай тарихи жәдігерлерге тұнып тұр. Бұл қаладағы ескерткіштер жыл сайын әлем елдерінің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристерді өзіне еріксіз тартады. Акша Кожа қаласында өткізген күндерде ұмытылмайды. Ол қаланың теңізі өз алдына бір бөлек әңгіме. Ең қызығы сонда ғана әлемдегі ең қымбат балық еті дайындалады. Акша Кожа қаласы әкімінің есебінен балық өнімдері біз үшін қол жетімді болды. Қала әкімінің бұл жомарттығы біз сияқты туристерді одан сайын Түркияға қызықтырды.
– Әділ, Түркиядағы сапарыңды керемет баяндап бердің. Ол жақтан көрген қандай ерекшеліктерді Түркістаннан көргің келеді?
– Біздің халық туристер көбірек келсін десе әуелі мәдениетті болуды үйренсе екен. Сосын қонақжай болуды тек ауыл арасында емес, саяхатшыларға да көрсеткені абзал. Қолда бар жауһарларымызды ұтымды пайдалансақ ол да – табыс көзі. Мысалы Түркия өзінде бар теңізін өте тиімді пайдалануда. Теңіз жолы өте қарқынды дамыған. 3 қабаттан тұратын су асты жолы бар. Ең жоғарғы қабатында жеңіл көліктер, екінші қабатында автобустар, төменінде пойыз рельстері орналасқан. Техникалық тұрғыда дамудың тағы бір жетістігі деп осыны айтар едім. Бізде сонымен қатар жоғарғы санаттағы қонақүйлер болса жеткілікті.
– Уақыт бөлгеніңе рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрсұлтан НӘРЗІЛДА, ХҚТУ-нің 2 курс студенті.