Қарттар үйі десе бірден аянышты кейіптегі мұңайған жүзді қарияларды елестетініміз рас. Өткен аптада біздің «Рейтинг» газетіне бір топ студенттер тәжірибеден өтуге келді. Соның ішінде Қарлығаш есімді қыз осы мекемеге барып, заңгерімен сөйлесіп мақала дайындады. Іргемізде тұрса да «Қарттар мен мүгедектер үйінің» ішкі ахуалына біразымыз қанық емеспіз. Бір шетте өзімен-өзі бұйығы жатқандай көрінетін мекеме болғанмен, тіршілік ол жерде де жалғасып жатыр. Оны Қарлығаш түсіріп келген мына суреттерден байқауға болады. Таза, жайлы бөлмелерге қарап көңілің жайланғандай болады. Әрине, оның бәрі құтты шаңырақты, берекелі дастарханды, келіннің күрең шайы мен немеренің қызығын сыйламасы анық. Бірақ, жарымжан көңілді ата-апаларға деген бұл да болса үлкен құрмет қой. Балалары бары бар, жоғы бар. Олар тек бала өсіріп қана емес, елдің дамуына да үлес қосқан жандар. Сондықтан, қартайғанда елінің қамқорлығын сезініп жатқаны қуантады. Бұл да болса жыртық көңілге жамау. Қарттар үйіндегі тіршілікпен таныса отырсын деп мақала авторы түсірген суреттерді жариялағымыз келді.
«Қатты бар үйдің қазынасы бар» деген сөздің осы заманда мағынасы жоғалып бара жатқандай. Себебі, не дейсіз бе? Өз әке-шешесін үйінен бездіріп, жүректері сыздамай қарттар үйіне өткізетіндер әлі азаймады. Ертеректе бізде «Қарттар үйі» деген ұғым жоқ еді. Жаман әдет жұққыш келеді. Батыстан басталған бұл үрдіс бізге де жетті.
Қаншама қариялар бейнеттің зейнетін көріп, ақыл айтып отырар шағында осы мемлекеттік мекемені паналауда. Қартын қазынаға, ақсақалын абызға теңеген текті елдің ұрпағы қазір осы күйге түскен. Сонда біздің тектілігіміз қайда қалды? Мұның бәрі түптеп келгенде имансыздықтың белгісі. Қартайғанда қарттар үйін мекендеген қариялар әр таңына үміттене қарап «ұлым келе ме екен... Қашан немеремнің маңдайынан иіскеймін?» деп елеңдеп жүреді. Қауқары кетіп, жасы келген адамдарға бұл үлкен соққы. Олардың қазіргі жағдайға түсуі әлсіздігі немесе дәрменсіздігі емес. Бұған безбүйрек ұлы мен қатыгез келіні себеп болатын шығар. Қарттығын қарттар үйінде өткізіп жатқан қариялардың арманы балаларының қолында, өзінің қара шаңырағында, немерелерінің ортасында отыру. Ата-әже институтының бала тәрбиесіндегі орнын алмастыратын қайнар әлі ойлап табылған жоқ. Қарт бар жерде береке бар. Олар айтатын ақылдың құны ерек, олар көрсететін жолдың жөні басқа. Қарттар үйіндегі қариялардың қазіргі жағдайы қандай деген оймен біз Шымкент қаласындағы Қарттар және мүгедектер үйіне бардық. Мекеменің заңгері Фатима Орынбасарқызының айтуынша, өздері әлеуметтік қызмет орталығы деп атайтын мекемеде қарт кісілер мен 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрады екен. Талапқа сай күніне төрт мезгіл тамақтанады. Ас мәзірлері жыл мезгіліне орай ауысады. Сүт өнімдері, ет, балық, тауық еті, көкөністер, жеміс-жидектермен құнарлы да тойымды тамақтармен толық қамтамасыз етілгенін айтуда. «Бұрындары жылына осы мекемеге 30-40 адам келетін болса, қазіргі ол сан 15-20-ға азайған. Аты айтып тұрғандай, мұнда ешкімі жоқ, жалғыз басты кісілер келеді. Психолог мамандар қарттарға психологиялық тренинг, семинар сабақтарын өткізу арқылы, қариялардың басынан өткізген жағдаймен таныс болады. Жасы келген апаларымыз кезінде отбасын құрмаған немесе құрсақ көтеріп, перзент сүймеген. Ешкімі болмағандықтан орталыққа келуге мәжбүр. Тіршілік олар үшін кейде тоқтап қалғандай әсер беретіні рас. Сондықтан, көңілдерін аулау үшін үйірмелерге қатысады. Арнайы ансамбльдері бар. Бірі – домбырада, екіншісі – қобызда, үшіншісі – баянда ойнайды. Арасында мектеп оқушылары, жоғарғы оқу орындарының студенттері және мәдениет сапасының қызметкерлері де келіп көңілді кеш сыйлайды. АКТ залында кино көріп, караокемен ән шырқайды. Апта сайын өздерінің арасынан концерт ұйымдастырады.
«Бұл мекемені паналаған қарттардың ішінде ұлты орыстар көп. Себебі, балалары Ресей немесе Германия сынды елдерге қоныс аударғандықтан, жалғыздың күнін кешпес үшін құжаттармен бірге бізге келеді»,-дейді заңгер.
Қарттар үйін аралап жүргенімізде алдымыздан Зәуре Есенбекова есімді апаға жолықтық. Ол кісі 2013 жылы келіпті. «Өзім перзент сүймеген соң ажырастым. Араға уақыт салып екінші рет қайта тұрмыс құрдым. Ол кісімен он бір жыл бірге тұрғанмен, балаларына сыймадым. Сосын амалсыз осында келдім...»,- дейді Зәуре апа.
Бұл киіз үйдің ішін апалар жасандырыпты. Қарлығаш сөйлескен Зәуре апа көбіне уақытын осында тігіс тігумен өткізеді екен
Қариялар қолдан жасаған түрлі қолөнер заттары
Іш пысқанда кітапханадан кітап алып оқиды
Дәліздің өзінде қолөнер бұйымдарымен безендірген
Әжелердің тігін тігетін бөлмесі
Арнайы массаж жасайтын бөлме
Барлығы бірге теледидар көретін зал
Жатын бөлме
Денсаулықтарын осында тексертіп кетеді
Сұхбаттасқан Қарлығаш МЫРЗАБЕК,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 2 курс студенті, «Рейтинг» газеті