Аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды деп айыпталған Астананың мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұлов сот отырысында соңғы сөзін айтты.
Ол тағылған айыптар бойынша өз кінәсін толығымен мойындамады.
"Мұның бәрі ойдан шығарылған, ешқандай дәлел жоқ. Өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Оның үстіне кінәсіз екенім сотта толық дәлелденді. Сонда да сынбаймын. Өз шындығымды соңына дейін дәлелдеймін, өйткені балаларыма керекпін. Маған тағылған айыптың бәрі негізсіз. Іс материалдарында менің шотыма ақша аударылғаны немесе менің тарапымнан заңсыз баю жағдайы анықталған жоқ. Банктердегі барлық шот тексеріліп, заңсыз алынған мүлік табылмады", - деді Мажағұлов соңғы сөзінде.
Сот үкімі бүгін сағат 15:00-де шығады.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы экс-шенеунік Болат Мажағұловты 10 жылға соттауды сұраған еді.
Еске салайық, Астанадағы субұрқаққа қатысты сот 2024 жылғы желтоқсанда басталды.
2024 жылы қыркүйекте Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды.