Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында TikTok әлеуметтік желісінің зиянын айтып, бұл әлеуметтік желіге тыйым салуды ұсынды деп хабарлайды Rgmedia.kz тілшісі.
Бүгінде танымал желіге соңғы екі жылда 14,1 миллион қазақстандық тіркеліпті.
Депутаттың айтуынша, TikTok қазіргі таңда жастарды тәрбиелейтін басты құралға айналып барады, бірақ бұл тәрбие ұлттық құндылықтарды емес, арсыздық пен әдепсіздікті насихаттайды.
– Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр.
Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралуда. Жасөспірімдер TikTok-та көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес, – дейді депутат.
Жанарбек Әшімжан жастар арасында жаппай белең алған трендттерді атады. Олар:
* "Мысық серуені" челленджі – еш мән-мағынасыз, көшеде подиумдағыдай жүруді талап етеді. Бұл челлендж 500 миллион қаралым жинаған.
* Әдепсіз билер – жас қыздарды дене пішінін ерекшелеп, бөксемен билеуге шақыратын контент қаптап кетті.
* Құмар ойын, стриминг, боқауыз сөздер – желіде заңсыз ойындарды жарнамалау мен әдепсіз әрекеттер көрсету белең алған.
* Суицидке, радикализмге шақыру – TikTok-та жасөспірімдерге өзін-өзі өлтіруге шақыратын видео-материалдар жиі кездеседі.
* Көз ауруларының көбеюі – соңғы бес жылда балалардың арасында көз аурулары күрт артқан, офтальмологтар мұны телефонға тәуелділіктен көреді.
Депутаттың ұсыныстары:
1. TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүрге қарсы контентке қатаң шектеу қою.
2. TikTok-ты 18 жасқа толмаған балаларға пайдалануға заңмен тыйым салу тетіктерін қарастыру.