Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс аптасы өте қауырт болды, деп хабарлайды ҚР Президентінің кеңесшісі — Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
Оның сөзінше, апта құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінен басталды. Президент «Заң мен тәртіп» қағидатына сай қоғамда құқықтық мәдениет қалыптастыру мәселесін көтеріп, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының жұмысын одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттарын айқындады.
Мемлекет басшысы «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелері тобының төрағасы Эльжбета Франков-Яскевичті қабылдап, сол күні кешке Полиция күніне арналған концертті тамашалады.
24 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысы өтті. Жиында Президент инвесторларға жасалатын қолайлы жағдай мен жеңілдіктерге тоқталып, экономикалық өсім әкелетін әлеуетті салаларға назар аударды. Іс-шара аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президентімен, сондай-ақ елімізге инвестиция салған бірқатар шетелдік компания жетекшілерімен кездесіп, бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Түстен кейін Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады. Сонымен қатар сот жүйесі қызметінің биылғы бес айдағы қорытындысы жөнінде Жоғарғы сот Төрағасы Асламбек Мерғалиевтің есебін тыңдады.
25 маусым күні Президент Ақтөбе облысына сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе қаласындағы мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті. Содан кейін Мемлекет басшысы XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашты. Қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған жиынға биыл өз өрендерімізбен қатар достас Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және Әзербайжан елдерінен 800-ге жуық жас қатысты.
26-27 маусым күндері халықаралық іс-шаралармен жалғасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IV Еуразиялық экономикалық форумға және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Беларусь астанасына сапарлады. Минск төріндегі форумда Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің келешегі жөнінде ой-пікір білдіріп, осы стратегиялық маңызды саладағы әлеуетті нығайту үшін елімізде атқарылып жатқан шараларға тоқталды. ЖЕЭК-тің кезекті отырысында экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту перспективасы, сондай-ақ Бірлестіктің негізгі серіктестерімен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы сенбі күні де жұмыс істеді. Уолтер Эдуард Денди атындағы нейрохирургия қоғамдастығының дүниежүзілік Х конгресіне қатысу үшін Астанаға келген белгілі медицина мамандарымен кездесті.
— Жалпы, Президент бір апта ішінде 3 ірі жиын, 8 кездесу өткізді. Бір мәрте өңірге сапарлап, шетелде өткен 3 халықаралық іс-шараға қатысты. Сондай-ақ апта ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембург, Словения, Мозамбик елдерінің басшыларына құттықтау хатын жолдап, Қатар Мемлекетінің Әмірімен телефон арқылы сөйлесті, — деп атап өтті Руслан Желдібай Telegram-дағы парақшасында.