Қазақстанда Парламентаризмді қалыптастыру қорының президенті Зауреш Батталова «НұрОтанды» партия деп санамайды. Ол сайлау туралы заңды өзгертпей елде әділ әрі ашық демократиялы сайлау өтпейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Түркістан қаласында «Рейтинг» газетіне арнайы берген сұқбатында айтты.
«Енді мәслихат депутаттары да Мәжілістегідей партиялық тізіммен жасақталмақ. Мұны сайлау деуге бола ма?» деген сауалға Зауреш Қабылбекқызы былай деп жауап берді:
– Сайлау туралы, саяси партияларға арналған заңдарды өзгертпейінше бұл сайлау емес, бұл тағайындау! Қазақстанда партия жоқ! Анау Парламентте отырған партия емес! Ол солардың сол жерде отырғызып қойған өкілдері. Түсінесіз бе?! Қалай айтады, солай жасайды. Партиялық бәсеке, партиялар арасында пікірталас болуы керек. Бізде ондай жағдай жоқ. Оппозицияны біресе жауып, біресе бір-бірімен таластырып, жау қып қойды. Соңғы сайлау соны көрсетті. Сондықтан мен қазір азаматтық қоғамға ғана сенемін. Партияның бәрі жасанды. Қазақстанда қолданыстағы мына заңмен ешқандай партия тіркеле алмайды. Өйткені ережесі өте қатал. Мұндайда тек биліктің сойылын соғатын партия ғана тіркеле алады. Кезінде Қазақстанның демократиялық таңдау оппозициялық партиясында, 2017-18 жылдары Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясында болдым, бірдеңе бола ма деп. Өкінішке қарай, партияда 10 жылдан бері отырған басшылардың халықпен қарым-қатынасы жоқ. Бұл мені қызықтырмайды. Меніңше, не істесек те халық үшін істеуіміз керек. Не істесек те жағдайымызды жақсартуға бағыттауымыз қажет. Біреудің жалауы не болмаса біреуге жасанды сайлауды ұйымдастыруға көмекші болу маған жарамайды. Ондай сайлауға қатысуға да құлқым жоқ. Мен әр сайлауда айтам, «осы сайлаудың ашық, мөлдір өтетініне және халықтың нағыз қалаулыларының өтетініне сенбеймін. Сондықтан нақты сайлаушы ретінде қатыспаймын. Егер барсам бәріне қарсы дауыс беремін» деп. Президенттік соңғы сайлауда да сондай үндеу тастадым. Ал, алдымызда болатын сайлауды айтсақ, өкінішке қарай, бүгінде біздің партиямыз жоқ. Лауазымды, беделді, өзінің білімі бар, тәжірибесі мол адамдар партияда жоқ болса, парламентке біреуі де өте алмайды. Сондықтан Қазақстанда сайлау туралы заңды өзгертпей, саяси партиялар туралы заңды өзгертпей және саяси бәсеке арқылы жаңа партиялар құрылмайынша ештеңе болмайды. Қазақстанда мына билік кетпей, мына жүйені өзгертпей, жүйені өзгерту үшін ашық таза демократиялық механизмдерді енгізбей, өзгерісті біз күте алмаймыз.