Темекі – жүректің жауы!

Cigarette_smoke.jpg

Қазіргі таңдағы әлемдік медицина саласындағы  алдыңғы орындағы проблемалардың бірі – жүрек-қан тамыры жүйесі ауруларының көбейе, әрі «жасара» түсуі. Бұл сырқаттар бүгінгі ересектер арасындағы науқастанудың, мүгедектіктің және өлім-жітімнің негізгі себепшісі болып отыр. Жүректің ишемиялық ауруының негізі болып табылатын атеросклероз адамның балалық шағынан-ақ дами бастап, ұзақ уақыт бойы симптомсыз жүретіні белгілі болды. Атеросклероз және жүректің коронарлық қан тамырлары қызметтерінің жеткіліксіздігі салдарынан жүрек ишемиясы мен миокард инфаркті аурулары пайда болады. 

Ишемия деген сөз латын тілінен аударғанда ағзаның қанмен және оттегімен қамтамасыз етілуінің бұзылуы, яғни тұншығуы. Жүрек организмдегі қан айналым жүйесінің ішінде өмір бойы тынбастан жұмыс істейтін орган. Оның бұлшық еттері үздіксіз ырғақпен жиырылады Ересек адам ағзасындағы қанның мөлшері шамамен 5-6 литрдей, бұл дене салмағының он үштен бір бөлігі, қан тамырлары арқылы түрлі шапшаңдықпен, әртүрлі қысымымен ағады. Дені сау адамның жүрегі минутына 60-80 рет, жас балаларда 110-120 рет жиырылады. Бір минут ішінде қан жүрек арқылы 2 рет өтеді. 

Жүректің ишемиялық ауруларына яғни бұл ауруға шалдыққанда негізінен жүрек тұсы қатты шаншып ауыратындықтан сырқат адам дәрігерге келуге мәжбүр болады. Кейбір адамдар жүректің ишемиялық ауруы кезіндегі алғашқы ұстамадан-ақ, тіпті дәрігердің жәрдеміне үлгерместен, кенеттен өліп кетеді. Жүрек ишемиясы ауруын тудыратын факторларды біліп, одан сақ болған жөн. Шылым шегу өте зиянды әдет. Шылым шегуді тоқтату миокард инфарктісіне ұшырау қаупін 20-50 пайызға кемітеді. Шылым шегу, денедегі май алмасу процесінің бұзылуы, артериялық қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті және т.б жайттер жүректің ишемиялық ауруының дамуына әсер ететін негізгі факторлар болып саналады. Адамның шектен тыс семіруі, аз қозғалуы, эмоциялық стрестер де қосымша үлес қосады. Кейде бір мезгілде қауіпті факторлардың бірнешеуі қосылса жүректің ишемиялық ауруының туындау қаупі жоғарылай түседі.

Салмақтың артуы ағзада ең алдымен май алмасу процесінің бұзылуы, денеде майдың жиналып қалуы деген сөз. Семіздік ауруы кезінде жүрек біріншіден, ағзадағы барлық клеткаларға қанды толық жеткізу үшін нормадан тыс жұмыс істейді. Соның салдарынан бұлшық еттеріне артық күш түседі де ол ісінеді, сөйтіп жүрек гипертрофиясы пайда болады. Дене салмағын азайту және гиперлипидемияны болдырмау үшін қажетті ем-дом шараларын ұстану науқастар арасындағы өлім-жітімді азайтуға (25%), ықпал етеді.

Ем-домдық шаралары ойдағыдай болу үшін мыналарды жүзеге асыру керек:

- қаныққан майларды қолдануды азайту;

- өсімдік майын көбірек қолдану; 

- өсімдік клеткаларын қабылдауды жас көкөністер мен жеміс-жидектер есебінен күніне 50 гр -ға дейін арттыру.

Жүректің ишемиялық ауруының қауіпті факторлары бар адамдар аурудың алдын-алу жөніндегі дәрігерлік кеңестерді орындап, жыл сайын денсаулығын түзету үшін емханаға барып, тексеріліп отырғаны абзал. Қорыта айтқанда, денсаулыққа зияны көп аталған факторлардан сақтану – әрбір адамның өз қолында. «Жаны саудың тәні сау» деген қағиданы естен шығармайық. 

Ұ.АХАТАЕВА,

Созақ аудандық орталық ауруханасының кардиолог дәрігері  


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Темекі – жүректің жауы!
  • «Куәгерлердің» қатарына кірмегенім үшін отбасымнан ажырадым
  • Түркістанда бірнеше отбасы алаяқтарға алданып қалды
  • 60 қойын сатып, 2 млн теңге шығынға батырды
  • 213 МЛН. ТЕНГЕ ПОСТУПИЛО НА СЧЕТ КОРПОРАТИВНОГО ФОНДА СОЦИАЛЬНОГО РАЗВИТИЯ «ТҮРКІСТАН» ДЛЯ ПОСТРАДАВ
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер