Адамдардың Құдай жөніндегі түсінігі ортақ. Бірақ Құдай туралы танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері әртүрлі. Адам діні арқылы өз жаратылысына сай ілім іздеп, жетілуді көздейді. Хикмет кеудесін абаттандыру үшін түрлі рухани білім алып пайдалы болғысы келеді. Пайданы емес арды ойлайтын адамзат бүгін – адам , ертең – топырақ. Қоғамда сан қилы тағдыр бар. Барлығын «Біз» ұғымы тұтас етеді. Мақаламызға тағдыры арқау болған кейіпкеріміз көңілдегі бір тамшысын кеудедегі күрсінімен шығарды. Тарамы көп тағдырдың бір парасын назарыңызға ұсынамыз!
Сурет ашық дереккөзден алынды
Жалғыздық жанымды жеп бітті. Елуден асқанда бес балам бола тұра жалғыз күн кешем деп еш ойламаппын. Табанымнан тозып, үй бетін көрмей баламды қайтсам бағам деп жастығымды арнадым. Адамның тәнін баққанмен, мәселе жанда екенін ел ағасы болар шақта ұқтым. Қашағанның:
«Қырға шықса, белім деп,
Ойға түссе, тізем деп,
Келін менен балаға
Қонақ болған уақытта,
Басынан билік кеткен соң,
Кемпір менен шал жетім»,- дегені ойыма көп оралады. Осы сөзді қалай біліп айтқан? Ойлаушы едім, «жетім» деген ата-ана мейірімінен тыс қалған күй деп. Оным бекер екен. Нағыз жетімдік – жақыныңның жат болғандығы. Өзіңнің теріс әрекетің тағдырыңа өкім оқыса қабылдарсың, өзгенің шешіміне шараңның жоқтығы қинайды. Арадан сусып жеті жыл өткенмен, өмірімнен кеткен жарым мен балаларымды қайта келмейді деуге көңілім қимайды. Өзге діннің «патшалығына» бару үшін, жаратқаннан кейінгі ет жақынының көңіл патшалығын талқандап кеткен сенімді қанша тырыссам да, ақтай алмадым.
Теледидардан «Жусан» операциясымен елге келген бауырларымызды көргенде, сынығым бүтінделгендей қуанамын. Жат ағымның жетегінде демі үзілмегені үшін жаным жадырайды. Жаратқан берген мүмкіндіктің бағасын білер деп келер уақытқа үміт артамын. Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» текке айтпаған ғой. Мен де солай сүйемін. Бір аспанның астында сан түрлі адам күн кешеміз. Барлығының таңдауы мен қалауында гармония сақталғаны – ғаламға біткен бақ болар. Жарым мен балаларым ойыма оралса, өз бағымның бұрынырақ бастан тайғанын нық білем. Адамның туғаны мен не үшін туғанын ұғуының арасында зор ауқым бар ғой...
Сонау 1990 жылы жаны көркемдікке жақын қолөнерді серік еткен тігінші қызбен отау құрдым. Арадан бір жыл өткен соң, дүниеге қызым келді. Менен асқан бағының бәсі жоғары адам бар десе, сенбес едім. Кеудемде қуанышпен қатар жауапкершілік жүгі орнықты. Алмағайып заманда, азық табу да ауыр еді. Қара жұмыстан қашпадым. Тиыннан теңге құраған, көңілдің тоқтығын медет еткен күн артына күн ілесе берді. Араға төрт жыл салып отбасымыз сүйкімді қызбен толықты. Келіншегім 1997 жылы ұл баланы өмірге әкелді. Декреттік демалыста болатын. Жоққа сабыр, барға қанағат еткен отбасымда барлығы орнықты көрінетін.
Өмір өзенімді басқа арнаға бұрған оқиға сол кезде орын алды. Бір күні жұмыстан оралғанымда көшеде жолығып қалатын кейпі таныс әжейдің төрімде шәй ішіп отырғанын көрдім. Көңіліме секем алғам жоқ. Жұбайым ол кісінің отбасы құндылықтары туралы насихат айтқандығын жеткізді. Күдікке бой алдырмадым. Кейіннен үйімізде «Ехоба» сөзі жиі кездесетін кітаптар пайда болды. Ол кітаптардың саны артқан сайын тұрмысымыздың реңкі өзгерді.
Балаларға дүниенің түрлі бояуын, қоғамдық құбылыстарды көрсетіп өсірген жақсы ғой. Таңдау еркі арқылы өзіне ұнамдысын сұрыптайды. Перзенттерім таңдаудан ұзақтай бастады. Келіншегім туған күнді атап өту, жақыныңның қуанышына ортақтасу секілді сыйластыққа кеп тілелетін мәселелерден тыс қалды. Аптасына екі рет « Иегова куәгерлерінің патшалық сарайына» баратын. Отбасылық сыйластықтың, үйлесімнің жоғалуы жайлы жақ ашсам болғаны менің де сол дінді қабылдауым керектігін алға тартатын. Қамсыз тіршіліктен емес, бақыттың тап сол жолда екеніне жарымның еш күмәні болған жоқ. Бейбіт тұрмысымызға оралуға қанша тырыссам да, әрекетімнен түк шықпады. Перзенттерім әнұранын әуелете шырқамайтын күйде қалды.Иегова куәгерлерінің ұстанымы ҚР конституциялық құрылымдарына қарсы келетінін мен кейін білдім. Ән ұран орындауға рұқсат бермейтін, әскерге жібермейтін, қан құюға тиым салған ұйым өкілдерінің ұстанымынымдары тым оғаш көрінді.
Куәгерлер қатарына қосылмағаным үшін әйелім көп жазғыратын. Тіпті жұмысына өзім алып барып, алып қайтқан күндер болды. Сонда да ебін тауып, куәгерлердің жиналысына барып қайтатын. Тым болмаған да, балалардың бұл соқпақпен жүргенін қаламадым. Бірақ онымнан түк шыққан жоқ. Ет айныса тұз себеді, тұз айныса не себеді. Баланың тәрбиесі анасын таңдағаннан басталады. Әу баста тал бойында бір мін жоқ деп жар таныған адамымның өзгергені жанымды қинайды. Отбасыдағы кикілжіңнің бірінде үйден шығып кеттім . Осындай қатты ашуға берілген күннің бірінде көлік апатына ұшырадым. Жиырма жылдан аса жүргізушілік еткен шағымда мұндай жайт орын алмаған еді. Ашумен көлік тізгіндеудің ақыры оңдырмады. Апаттан соң тізем жарақат алып, бүгілмейтін болып қалды. Бірақ көрерім алдымда екен. Келіншегім «Иегова куәгерлерінің» қатарына қосылмасам, балаларымнан, баспанамнан айыратынын айтып қорқытып бастады. Бұл сөздер зәредей әсер еткен жоқ. Болмашыны желеулеп, түрмеге 2-3 күн тоғытқан кездер де болды. Ойдың түрмесінде жүрген мені ол жайт алаңдатқан жоқ. Кейіннен 3 жыл еш жерге жұмысқа алмай әуреге салғаны болмаса...
Үш ұл, екі қызымның жауапкершілігін мойныма жүктеп, отбасымды сақтағым келді. Әйелімнің тарапынан ажырасуға арыз жазылыпты. Қолымды бір-ақ сілтедім. Аңдысқан жау алмай қоймайды екен. Шаңырақ үшін ең ауыр өкімдей көрінетін ажырасу өз отбасымда орын алды. Мектеп жасындағы екі ұлым екі жылдай менімен тұрды. Үмітті едім. Көп өтпей олар да әйелімнің жетегінде кетті. Барымнан айрылдым. Үйді балаларым үшін әйелімнің атына аударып бердім. Ішінде жаныңа жылу сыйлар отбасың болмаған соң, үйдің де мәні жоқ қой...
Бұрынырақ : «Құдай барына сенесіз бе?» деп ашық сұрап жүретін топтан отбасымды уақтылы арашалай алғанымда ғой. Бұл жайттардың бәрі көрген түстей өте шықса ғой деп кейде ойлаймын. Сағымды сәуле етіп көргеннен әуреге түскенің ғана қалады екен. Құдайды көктен не патшалықтан емес, адамдар өз жүрегінен таба білгені абзал. Жаратқанның хақ жолынан адасып, өмір сыйлаған бағалы жандардың арасына жік орнамаса екен деп тілеймін!