«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында төтенше жағдай кезінде атқарылатын шаралар жөнінде қалалық төтенше жағдай басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен түсіндірме жұмыстары және оқу-жаттығу жиыны өтті.
Шара барысында қорық-музей директорының орынбасары С.Үркімбаев мекеменің жылдық жоспарына сәйкес өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдай кезіндегі қызметкерлердің іс-әрекеттері, эвакуациялауға байланысты төтенше жағдай басқармасы қызметкерлерімен іс-шара өткізудің маңыздылығына тоқталды. "Жалпы қорық-музейге қарасты ғимараттарда мәдени құндылықтарды эвакуациялау іс-шараларын ұтымды іске асыру мақсатында арнайы бұйрық әзірленіп, азаматтық штаб тобы құрылған. Төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ететін музей бөлімдерінен жасақталған 4 топқа жетекшілер де тағайындалған» - деді, С.Үркімбаев.
Облыстық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Ғ.Жолдасбеков және бас инженер М.Қуанышбаев төтенше жағдай кезінде мекемеге қарасты ғимараттарда эвакуациялық шығу есіктері ашық болуын, сонымен қатар эвакуация сызбаларының үлкен көлемде әр ғимараттың көрнекі жерінде ілініп тұруы қажеттігін түсіндіріп, өрт сөндіру құралын пайдаланудың ережелері жөнінде де мағлұмат берді.
Жиын соңында 4 топ жасағы өз нысандарында мәдени құндылықтарды белгіленген қауіпсіз аймаққа шығару жұмыстарын ұйымдастырды. Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Ғ.Жолдасбеков пен бас инженер М.Қуанышбаев оқу-жаттығу шаралары талапқа сәйкес өткізілгендігін атап өтіп, оң бағаларын берді.