Осыдан біршама уақыт бұрын Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов «Маңғыстау облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы» мекемесінің басшысы Мәди Ташовты қабылдаған болатын. Осы қабылдауда М.Ташов отырарлық жаны жайсаң, қолдары ашық, тарыққан жандарға көмек қолын созуға даяр аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлеріне арнайы алғыс айтқаны белгілі. Сол кезде аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы бұл балаларға алдағы кезде де көмек қолын созатынын, имандылық пен ізгілікке толы қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізген еді.
Бүгін Алматы қаласында жазғы демалыстарын өткізіп, Ақтауға қайтып бара жатқан осы мекеменің балаларын «Алматы-Маңғыстау» жолаушылар пойызынан Шымкент және Темір стансасынан бір топ отырарлықтар күтіп алып сый-сияпаттар жасады.
Аудандық мәслихаттың депутаттары Болат Тұрмаханбетов пен Жолбарысхан Мырзапейіс, жеке кәсіпкерлер Есбол Қамбаров, Мейрамбек Жанатаев және бір топ отырарлық азаматтар Жұмабай Сәрсенбаев, Сандуғаш Төрегелді, Нұрсұлтан Ахаев, Айдос Ерқұлов, Нартай Өтегеновтер жеміс-жидектер, қауын-қарбыз, түрлі сусындар мен палау дайындап, өмірдің ащы дәмін жастай сезінген балаларға ұсынды.
Жаны жайсаң, қолдары ашық отырарлық азаматтарға ізгі тілегі мен алғысын айтқан балалар сапарларын одан әрі жалғады.
Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі