Бүгін «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық – музейінде «Дала археологы», «Музей – адам» атанған Асантай Әлімовтің 90 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов және музей ардагерлері Н.Алдабергенов, А.Жұмашов пен Темір ауылының Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сыйқымбаев «Рухы музей деп жаралған жан» атты тақырыптық көрменің лентасын қиды. Отырар жәдігерлерінің жанашыры Асантай Әлімовтың рухы мен тарихи іздерін жаңғыртуға арналған шарада көпшілікті айтулы басқосумен құттықтаған аудан басшысы дара тұлғаның даңқы отырарлықтардың ғана емес музей саласының мақтанышы екенін жеткізді.
- "Қарапайым мұғалім бола жүріп, мектеп оқушыларын жұмылдырып, бүкіл демалысын өлке тарихын зерттеуге, айлық жалақысын көне жәдігерлерге жұмсаған, еліміздің зиялы қауымы арасында есімі ілтипатпен аталатын Асантай Әлімов ағамыздың 90 жылдығы аудан халқы үшін айтулы мерейтой. Тереңнен тамыр тартқан Отырар тарихын түгендеп, шәкірттерін жәдігерлерге деген жанашырлыққа, ізденімпаздыққа баулыған музей адамының ізін өкшелеген жанның бірі - Абдулла Жұмашев ағамыз. Тарих ерлерінің төл есімдері мен істері ұрпақ үшін мәңгілік үлгі болып қалуы тиіс",- деді аудан әкімі Ерлан Айтаханов.
Туған өлкесіндегі көптеген заттық-тұрмыстық мәдениет ескерткіштерін жинақтап, ғылымға «Отырар-Қаратау археологиялық мәдениет ескерткіштері» деген атпен тарих пен мәдениет құндылықтарын енгізген өлкетанушының өмір жолы, ғылыми еңбектері, мақалалары қойылған көрме көпшілікке таныстырылды.
Шара «Музей адам - Асантай Әлімұлы» тақырыбындағы дөңгелек үстелге жалғасты. Жиынға қатысушылар Асантай Әлімов жөнінде түсірілген бейнефильмді тамашалап, өзі ұстаздық еткен Темір орта мектебінің директоры А.Қасымбек өмірі жөнінде, музейдің ғылыми қызметкері М.Байтас ғылыми еңбегі турасында баяндама жасады.
Жиынға қатысқан Асантай Әлімұлының шәкірттері мен балалары, музей ардагерлері естеліктерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.Шара соңында Асантай Әлімұлына арналып ас беріліп, құран бағышталды.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі