Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында цифрландыру ісін дамытуға, әрі сандық жүйені әрбір салаға ендіру ісін жеделдету керектігін баса айтқан болатын. Бүгінде жолдау жүктеген міндеттер жергілікті жерде жоспарлы түрде іске асып жатыр.
Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны Шамбек Рахманова онлайн режимде Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағына қатысты.
- «Халық санағының өткені жақсы. Себебі осы арқылы халқымыздың шынайы саны белгілі болады. Адамдардың тұрмыс деңгейі, әлеуметтік мәселесі санақ барысында анықталады деп ойлаймын. Сондықтан бұл науқанға бәріміз қатысқанымыз жөн. Мен өзімнен тараған үлкен әулетті халық санағына қатыстырдым. Сіздер де белсенді болыңыздар», – деді 105 жастағы әже.
Әжеміз жастық шағын Ұлы Отан соғысы жылдары тылда өткеріп, кейіннен совхозда жұмыс істеген. Шамбек Сатенқызы 1936 жылы тұрмыс құрып, 10 бала-шағаны баулып өсірген көпбалалы ана.
Бүгінгі таңда олардан 29 немере 69 шөбере, 15 шөпшек барлығы 113 немере, шөбере, шөпшек сүйіп отыр.
Айта кетейік, бүгінде аудан көлемінде ғасыр жасаған 10-ға жуық ата-әже түгелдей дерлік әлеуметтік сауалнамаға тіркелді. Арнайы мамандар жүз жасаған тұрғындардың мекен-жайында болып, тіркеу жұмыстарын жүргізді.