Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында өндірісті ұлғайтып, кәсіпкерлікті дамытуға және елге қажетті жобаларды жүзеге асыруға үлкен басымдық берді. Бүгінде жолдау жүктеген міндеттер жергілікті жерде жоспарлы түрде іске асып жатыр.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен бастау алған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында көмекке зәру жандарға қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтсақ, Ақсу ауылы, Ибн Сина көшесі бойында орналасқан жалпы көлемі 3256 ш.м. жер телімінің құжаттары Ақсукент ауылдық округі әкімі аппаратына рәсімделіп, демеушілер тарапынан 4 отбасыға арналған «Қамқорлық үйінің» құрылысы жүргізілуде. Ондағы мақсат – үй-күйі жоқ, көмекке мұқтаж отбасыларын қамқорлыққа алып, жан-жақты қолдау көрсету. Тұрмысын түзеп, қалыпты жағдайға бейімделуіне көмек беру. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібекұлының жіті бақылауында.
Жалпы облыс көлемінде екі жыл ішінде «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 60-қа жуық отбасы баспаналы болған. Бағдарлама аясында көмекке аса зәру 2000-ға жуық отбасы тізімге алынып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Айта кетейік, бұл бағдарламаны облыс әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы бірлесіп жүзеге асырып келеді.