Түркістан облысының Арыс қаласында жаңадан ашылған «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық ортаға бейімделуіне ықпал етіп келеді. Орталықта әлеуметтік педагогтар жалпы сегіз бағыт бойынша жұмыс істейді.
Елге қызмет ете бастағанына көп болмаса да «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы көптің ризашылығына бөленіп үлгерген мекеме. Оның қызметіне халық дән риза. Мекеменің қызметін мүмкіндігі шектеулі 400-ден астам азамат пайдаланып келеді.
Орталықта массаж қызметі, кітапхана мен жүгіру құрылғысы, шахмат, дойбы және зағип жандарға арналған үстел теннисі ойындары бар.
– Денсаулығына байланысты Нұрмұхамед немеремді өз қамқорлығыма алғанмын. Қызымның бұдан басқа алты перзенті бар. Осы орталыққа келгелі балам көпшілік ортаға бейімделе бастады. Ол сыртқа жиі шығып бір сәт серігіп келетін мүмкіндік болмаған соң психологиялық жайсыздықтан көбірек ашуға бой алдыратын. Ал енді орталық ашылғалы инвотакси келіп, үйден алып кететін күнді тағатсыздана күтеді. Осы жерде жасаған іс-әрекеттерін апта бойы үйде айтып мақтанып жүреді, – дейді Ақдала ауылының тұрғыны Мейрамгүл Төлебаева.
«Тең қоғам» әлеуметтік орталығыдағы кітапхана қорында 1671 дана кітап бар. Сондай-ақ, 230-дан астам аудиодискпен сақталған әлемге әйгілі классикалық шығармалардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармаларын кездестіруге болады. Ал, зағип жандарға арналған Брайль әліпбиі негізінде жазылған 144 кітаптың 26-сы орыс тілінде жазылған.