Былтырдан бастап Түркістан облысында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапмырмасына сәйкес бір алқаптан үш өнім алу жобасы іске асырылуда. Жаңа технологияларды жатырқамай қабылдайтын Оңтүстіктің шаруалары аталған әдісті тез игеруде. Мәселен Сарыағаш ауданы бойынша 450 шаруа қожалықтың жерінен жылына 2-3 өнім алу жоспарын іске асыру межесі бекітілген.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы аясында жалпы аудан бойынша 499 шаруа қожалығы ниет білдіріп, жалпы егіс көлемі 1010 га болатын инновациялық жобасы іске асырылуда.
Айта кетері, биыл көктемде Сарыағаш ауданы «Жартытөбе» ауылдық округі «Тәуекел» шаруа қожалығында «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыруда – бір алқаптан 2-3 өнім алудың тиімділігі» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өткен болатын. Ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, ғалымдар, аудан/қала, ауыл округтері әкімдері, агроқұрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Жоба бойынша жылына 1 гектардан 7 - 8 миллион теңгеге дейін табыс түседі. Бұл дегеніңіз қалыпты жағдайдан 2- 2,5 есеге артық өнім алуға болады.
-Бір алқаптан 2-3 өнім алуды қолға алғанда көбі сенімсіздікпен қараған болатын. Қазір біз осының тиімділігін дәлелдедік, -деген болатын жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.