Жыл сайынғы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы ел Президентінің халыққа Жолдауымен басталады. Осы тұста Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауы талқыланды.
Мәжіліс залындағы отырыста мектептің тарих пәнінің мұғалімі Бақытжан Дүкенбай жолдауда басымдық берілген бағыттарға байланысты баяндама жасады. Мемлекет басшысы жолдауда білім саласына қатысты қамқорлықтың едәуір артқанын жеткізді. Сондай-ақ, білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ең басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осы орайда мектептің ұстаздар қауымы жолдауды жүзеге асыруды өздеріне берілген жауапты міндет деп қабылдады. Сонымен қатар заманауи білім беру стандарттары туралы ұстаздардың ой-пікірлері ортаға салынды.
«Жолдауда «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – "сапа". Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.
Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек»,- делінген. Сондықтан біз санға емес сапаға жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана білімді, салиқалы ұрпақ тәрбиелей аламыз»,- деді өз сөзінде Б.Дүкенбай.
Ұстаздар қауымы бас қосқан алқалы жиында ел президенті халыққа арнаған жолдауында айтылған межелерді орындауда ұжым болып бірлесе атсалысуды мақсат қойды.