Түлкібас ауданының орталығында «Мектепке жол» жәрмеңкесі өтті. Аталған акция, Түлкібас ауданы әкімдігі мен білім бөлімінің ұйымдастыруымен қолға алынды. «Менің Түлкібасым» арбатында өткен жәрмеңкеге Шымкент қаласындағы «Автонұр» базарының кәсіпкерлері шақыртылып, өз тауарларын жеңілдетілген бағада аудан тұрғындарына ұсынып отыр.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде қалам-дәптерлер мен оқушыларға қажетті құрал-жабдықтың дерлік барлық түрі бар. Сондай-ақ мектеп формасы, киім-кешек, аяқ киім үлгілерінің сан түрі кездеседі. Аталған жәрмеңкеде отандық өнімнен басталып, Қытай, Қырғыз және Түркиялық тауарлар да кездеседі.
Айта кетейік, жәрмеңкедегі дәптер бағасы 15 теңгеден болса, жейделер мен мектеп формасы 2000 теңге мен 10000 теңге аралығында саудаланып, аяқ киім түрлері 3000 теңгеден басталып, 10000 теңге шамасында сатуға қойылған.
Бұдан бөлек, Түлкібас ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Састөбе кентінің мәдениет үйінде«Мектепке жол» акциясы аясында «Балаларға бірге көмек берейік» атты іс-шара «Жақсылық жасайық!» ұранымен өткізілді. Оған Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы мен Састөбе цемент зауыты демеушілік көрсетті.
Акция барысында А.Макаренко атындағы жалпы орта мектебінің 350 оқушысы жалпы 10 миллион теңгені құрайтын қаржыға жаңа оқу жылына арналған мектеп формасы, аяқ киімдер, сөмкелер мен оқу құрал-жабдықтарын, сыйға тартты. Бұл іс-шараға Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов, Қазақстан Жазушылар орталығының мүшесі, Абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, Түлкібас ауданының «Құрметті азаматы» және игі бастамаларға бастамашыл болған қор төрағасы Қайрат Айтбай, Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы, Састөбе Цемент зауытының басшылары – Александр Бартенов пен Асхат Байжанов қатысып, балаларға жаңа оқу жылында жетістіктер тілеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Акцияның мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен қажеттілігі бар оқушыларға және жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету, оларды қолдау.