Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында денсаулық пен білім саласына ерекше басымдық беріп отыр. Ия, медицинасы дамыған өңірдің экономикасы, әлеуеті мен туризмі де қоса дамитыны сөзсіз. Ал ең бастысы сапалы медициналық көмек қоғамның басты байлығы – адамдардың саулығын сақтауға жол ашады.
Осы орайда Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Ескі Иқан ауылында «AVICENNA-A» медициналық орталығы бой көтерді. Құрылтайшысы кәсіпкер Адилжан Усманкулов жобаға 2 миллиард 400 миллион теңге жұмсаған көрінеді.
Негізінен диқаншылықты кәсіп ететін «Жаңа Иқан» және «Ескі Иқан» ауылдық округтері мен жақын маңдағы 35 мыңдай халық тұратын аумақтағы бейнеткеш тұрғындардың 7 мыңы МӘМС жүйесі арқылы тіркеліп, ем алуда. Кәсіпкер емханаға қосымша құрал жабдықтарды жеткізуге кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген жеті пайызбен 700 миллион теңге несие алған екен.
Емхана ұжымы республикалық деңгейдегі дәрігерлердің қолымен лазерлік, эндескопиялық оталар жасай алады. Емхананың физиотерапия, оңалту, гинекология, урология, зертхана бөлмелері соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуда. Жан сақтау бөлімі бір мезетте төрт адамды қабылдау мүмкіндігі бар.
Бас дәрігер Әкежан Сакашевтің айтуынша, білікті медбикелердің айлық жалақысы 250 мың теңгеге дейін болса, республикалық дәрежедегі оташылардың айлығы 600 мың теңгеге дейін барады екен. Мұнда қызмет етуге өңірдегі ең білікті мамандар тартылуда.
Құрылтайшы Адилжан Усманкулов Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан дәрігерлердің дәрежесін көтеру мәселесіне іспен жауап беріп отырғандығына риза.
- Мен Астанада жиырма жылдай кәсіпкерлікпен айналыстым. Әке-шешем осы Ескі Иқанда тұрады. Қажылыққа барып келген қарт кісілер. Біздің ауылдағы адамдардың барлығы да үлкен құрметке лайық. Себебі, барлығы диқандар. Қысы-жазы далада жұмыс жасайды. Көбі ыстық-суықтан зардап шегеді. Дамыған елдердегі президенттер сайлауға түсерде алдымен тұрғындардың денсаулығын түзеуге уәде беретіндігін оқыдым. Сондықтан осындай шешімге бел байладым. Бас дәрігер Әкежан Сакашевпен ақылдасып, медициналық құрал-жабдықтарды Жапониядан алдыртып жатырмыз,-дейді Адилжан Усманкулов.
Таяуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпұхар Жолдасов Ескі Иқан ауыл округіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралаған кезде, осы мекемеге де ат басын бұрды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпұхар Жолдасов пен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев жаңа емхананың ішін аралап көрді. Емханада басы ауырып, балтыры сыздап келген науқасқа барлық жағдай жасалынған. Онда заман талабына сай лазерлік индескапиялық соңғы үлгідегі аппараттар қойылған. Емхана тәулігіне 500 адамды қабылдай алады.