Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «ІІІ ЫБЫРАЙ ЖАЗУЛАРЫ» тақырыбындағы дәстүрлі облыстық жазба жұмыстары байқауы басталды.
Байқау мақсаты: педагогтер арасында ең алғаш қазақ даласына мектеп ашқан, орыс жазу таңбалары негізінде қазақ әліпбиін құрастырушы – Ыбырай Алтынсариннің тарихи-әдеби еңбектерін насихаттау; педагогтардың шығармашылық қабілетін арттыру, қазақ даласында «Қара шаңырақ», «Алғашқы қарлығаш», «Дала қоңырауы», «Педагогиканың таза бұлағы» атанған ұлт ұстазының еңбектерін зерттеп, терең меңгеруге қызығушылығын ояту; қазіргі өмір ағымының, техниканың қарқынды дамыған тұсында, сауатты тұлғаны қалыптастырушы педагогтардың мемлекеттік тілде оқу, жазу сауаттылығын арттыру.
Байқауға білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, өзбек, тәжік тілдері мен әдебиеті, ағылшын тілі және жалпы пәндер (тарих, география, химия, биология, математика, физика, көркем еңбек) мұғалімдері қатысуда.
Сондай-ақ, 5 секция бойынша жұмыс жүргізілуде.
Байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған жұмыстар Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының Бас жүлде-біреу, І (біреу), ІІ (екеу), ІІІ (үшеу) дәрежелі дипломдарымен, «Алғыр ұстаз», «Ізденімпаз ұстаз» «Үздік тілмаш» номинацияларымен марапатталатын болады.
Айта кетейік, аса көрнекті демократ-ағартушы әрі жазушы Ыбырай Ал-тынсарин қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін дамы¬туда екі салада зор еңбек сіңірді: бірі – жазушылық қызметімен, екіншісі – ағартушылық қызметімен.
Қазақ халқының қалың бұқарасының сауатын ашып, көпшілікті оқу-білімге тарту – Ыбырайдың қоғамдық және азаматтық борышы мен қызметі болды. Ол өз тұсында болып отырған діни оқуды емес, азаматтық оқу-білімді қоштады және білімді калың жұртшылыққа таныс халық тілінде (ұлттық тілде) беруді шарт етіп қойды.
Ыбырай Алтынсариннің қазақ тілін дамытудағы рөлі оның ағартушылық қызметімен тікелей байланысты. Ыбырайдың әдеби шығармалары, әсіресе прозалық туындылары оқу кітабы ретінде арнайы жазылған. Бұл тұста Ыбырайға екі түрлі жүкті тұңғыш рет арқалауға тура келді: бірі – қазақ әдебиетінде бұрын жоқ проза жанрын бастау, яғни қазақ әдеби тілінде бұрын болмаған шағын әңгімелер (новеллалар) стилін жаса¬ды, екіншісі – өз өлеңдері мен қазақтың ауызша тараған мол көркем әдеби үлгілерін оқушы жастарға ұсыну.
Ыбырай – қазақ әдебиетіндегі көркем прозаның негізін са¬лушы[1], демек көркем проза стилін бастаушы. Оның ішінде мектеп оқушыларына арнаған әңгімелер жанры болғандықтан, олардың көлемі шағын, тілі мейлінше түсінікті болуды көздеген. Ол үшін сөйлемдері қысқа болып, ауыр әшекейлі фразалары өте аз келеді. Керісінше, Алтынсарин ұсынған бұл стильде халықтың сөйлеу тіліне мейлінше жақындату принципі күшті. Сондықтан да Ыбырай тіліндегі фразеологизмдердің баршасы дерлік халықтың сөйлеу тіліне тән.
Ыбырай алдына қазақ поэзиясын жаңғырту, жаңа сатыға көтеру, көркемдеу тәсілдерін жетілдіру, түрлендіру сияқты міндеттерді қоймаған: ол өз поэзиясын ақындығынан емес, ағартушылығынан ұсынған, яғни ол өлеңдерін жалпы жан сүйсіндірерлік эстетикалық дүние деп емес, мектепте оқуға арналған материал ретінде ұсынған. Мұндағы мәні бар факт – Ыбырай ұсынған өлеңдердің тілінің «жалпақ жұртқа», «қарапайым оқушыға» түсінікті қазақтың халықтық тілінде жазылуы. Бұл өлеңдердің бұрынғы қазақ поэзиясы үлгілерінен алшақ кетпеуі – Ыбырай Алтынсариннің қазақ жазба әдеби тілінің негізін таңдаудағы принципін көрсететін белгі.