Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының жылдық жоспарына сәйкес, «Инновация және стратегиялық жоспарлау» кафедрасының бастамасымен «Инновациялық менеджмент: трендтер мен перспективалар» тақырыбында онкүндігі басталды. Аталмыш іс-шара «Білім беру ұйымдарын инновациялық негізде басқару» тақырыбындағы облыстық әдістемелік вернисаждан бастау алды. Бұл жиынның мақсаты – аудан, қала, ауыл мектептерінің, әдістемелік кабинет әдіскерлерінің білім беру ұйымдарының инновациялық, шығармашылық зерттеу, жобалық қызметін жетілдіру сонымен қоса білім беру ұйымдарының басқару сапасын жетілдіру, әдістемелік көмек пен қолдау болып табылды.
Кентау қаласы, Ә.Молдағұлова атындағы №19 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде өтілген бұл семинарға Жетісай ауданының білім бөлімінің атынан әдістемелік кабинет әдіскері Мырзалиева Ұлжан Бахытқызы, №7 "Тұран" мектеп-гимназиясының директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Т.Аралбаев, №11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясының директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары М.Мырзагелдиева, М.Горький атындағы №1 мектеп-гимназиясының директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Г.Жетебаевалар қатысты.
Облыстың барлық аудандарының әдістемелік кабинет әдіскерлерінің, директордың бейіндік оқу ісі орынбасарларының, кәсіптік бағдар беру педагогтерінің басын қосқан бұл семинарда біздің ауданның атынан үш жоба ұсынылды. Атап айтқанда, "Педагогтердің зияткерлік қабілетін дамытуда "Инновация интеллектуалды алаңда" жобасының үлесі" туралы жоба таныстырылымын Табиғат Маратұлы қорғады. Х ұрпақтан тәлім алып Y ұрпақ болып өсіп Z ұрпақты тәрбиелеуде минут сайын дамып келе жатқан әлемде біржақтылықтан жан-жақтылыққа көшетін уақытта мұғалім инновациялық тұрғыдан біліммен қаруланғаны дұрыс деп қорытынды жасады.
Маржан Құдайбергенқызы «Идеядан –іске» жобасы арқылы мұғалімдердің ғылыми-зерттеу әлеуетін қолдау» тақырыбындағы шығармашылық-зерттеу жобасы әріптестері тарапынан қызу талданып, ұсынылған және практикадан өткен табысты жоба деп танылды. Мектепті инновациялық тұрғыдан басқаруды тиімді ұйымдастыру өз деңгейінде үйлестіріліп, мектеп мұғалімдері мен оқушыларының ғылыми-зерттеу потенциалы жоғары деңгейде екендігін көрсете алды.
Гаухар Бердібекқызы «Педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыруда платформаларды тиімді қолдану» тақырыбындағы өз жобасын таныстырып, инновациялық технологиялар түсінігін нақтылау және инновациялық педагогикалық технологияның тиімді әдіс-тәсілдері бойынша әдістемелік шеберлігін көрсете алды.
Әдістемелік вернисаждың қорытынды бөлімінде барлық жобалар талданып, нәтижелі жұмыстар деп танылған жұмыстар онкүндіктің қорытынды бөлімінде озат тәжірибе ретінде таратылып, марапатталатын болды.
Инновациялық менеджмент, басқару мен бақылау, қолдау мен көмек көрсетуді мақсат тұтқан бұл шараны ұйымдастырушы Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының «Инновация және стратегиялық жоспарлау» кафедрасы. Кафедраның меңгерушісі Назым Досжанқызы.