Түркістанда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтті

image.png

Бүгін Түркістан қаласында «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» тақырыбында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтті.

Cессияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, сондай-ақ ҚХА Кеңесінің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым, аудан, қала әкімдері, Түркістан облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және мүшелері, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Сессия отырысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсен Дәулетұлы модераторлық етті.

image.png

Сессия шеңберінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Онда заңнамалық талаптарға сәйкес ротация тәртібімен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасарлары қызметіне «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысындағы филиалының төрағасы Сафаров Сарманбай Қошалыұлы мен Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирсметов Бахадир сайланды. Кеңес мүшелері жаңа лауазым иелерінің өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.

image.png

Сессия барысында сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ҚХА-ның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жүктелген мақсат-міндеттерге тоқталды.

Президент  сессияда : «Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», –  дей келе,  «Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет» – деп нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Сондай-ақ ҚХА Төрағасының орынбасары күрделі кезеңде тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсеткен барша түркістандықтарға алғыс айтты. Айта кету керек, ҚХА-ның «Жүректен – жүрекке» ауқымды акциясы аясында Түркістан облыстық Ассамблеясы осы игі миссияның көшбасшысы болды. Түркістандық Ассамблея құны 150 миллион теңгеге жуық 630 тоннадан астам гуманитарлық жүк жіберді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.

Сессия мәжілісінде «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Саражова Венера Мұхамедқызы, Төлеби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Кадиров Жамал Османәліұлы, Түркістан облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Стребкова Елена Николаевна облыс көлемінде жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жалпы ахуал, медиация және тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дамуына жастардың қосқан үлесі жайында мазмұнды баяндама жасады.

       Сөз қадірін бағалай білген қазақта «Бірлігі бар ел – бақытты ел» деген бағзыдан келе жатқан ұғым бар. «Бақыт қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, тағат-ғибадат тірлігі, ұйымшыл елге барамын!» деген мағынасы астарлы сөз де бұрыңғылардан қалған. 

      Ұлтымыздың ұлы мирасына айналған алтын арқаулы осы қағидаттар Қазақ елінің берік іргесі болып қаланған. Бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз – біздің баға жетпес байлығымызға айналған. Тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз – құнды қазынамызға баланған.

   Түркістан топырағы көне заманнан бері бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған.  Киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған қастерлі шаңырақ болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді деген сенімдеміз.

       Бүгін¬де Ассамблея Қазақстан халқының ортақ мінберіне айналып, әлеумет¬тік мәні зор мәселелер кеңінен талқыланатын болды. Аталған қоғамдық инс¬титут этносаралық және конфес¬сия¬аралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарып келеді. Бірегей инсти¬тут¬тың құқықтық мәртебесі кеңейіп, ұйымдық жағынан күшейді.

      Бұдан соң, Марат Әзілханов пен Бейсен Тәжібаев өңірімізде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтарды арнайы марапаттады.       

image.png     

Сапар аясында Марат Алмасұлы Түркістан қаласында Президент тапсырмасына сай салынып жатқан "Достық үйінің" құрылысымен танысты. Аталған ғимарат биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 

      «Бақ бағалағанның басында тұрады» деп білетін халықтың ұрпағы ретінде ішкі бірлігімізді сақтау – бабалар алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақ алдындағы зор аманат екенін ұғамыз.  Тыныш елде тоқшылық болатынын әйгілі Күлтегін бабамыз айтқан. Бабалар өсиетіне ой жүгіртіп, ынтымағымызды ыдыратпай, алдыңғы буынның бақыты үшін қажыр-қайратымызбен еңбек етуіміз керек. Жиынға қатысушылар сөз соңында барша ағайынды берекелі, бірлікті көздің қарашығындай қорғап, татулық пен ынтымақ жолын жалғауға үлес қосуға шақырды. 

image.png


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер