«Ел рәміздері – еркіндік нышаны»

image.png

Сайрам ауданының орталық саябағында 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Ел рәміздері – еркіндік нышаны» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын мереке қарсаңында «Рәміздер» алаңы жаңа орынға ауыстырылған болатын. Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесін көтеруге арналған жиынға мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, аудан жастары мен тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында алдымен жастар патриоттық әуендерді шырқады, қонақтарды қарсы алды. Бұдан соң аудан әкімі Арман Сәбитов барша қауымды айтулы күнмен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігімізді бүкіл әлемге танытушы және мемлекетіміздің жарқын көрінісі. Талай елдің төрінде Әнұранымыз айтылып, көк Туымыз желбіреген Қазақстанды төрткүл дүние таниды десек артық айтқанымыз емес. Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық патриотизм, туған жерге деген қастерлі құрмет – әрбір адамның рухани болмысын бағамдайтын ұлағатты ұғым. Ал Отанға деген сүйіспеншілікті әрбір адамның бойына сыйлайтын сол елдің нышандары екені сөзсіз. Қастерлі құндылықтарымыздың халықаралық ареналарда әрдайым абыройы асқақтай берсін! Халқымыздың тыныштығы мен татулығы, берекесі мен бірлігі бекем болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! – деді аудан әкімі.

Мерекелік шара шеңберінде әскери сарбаздар Мемлекеттік Туды салтанатты түрде алаңға алып шығып, еліміздің Әнұраны шырқалды. Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының жігер сыйлайтын, отансүйгіштік сарындағы ән-жырларымен жалғасты.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — әрбір азаматтың борышы. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы, оның өлшемдеріне қарамастан ұлттық стандарттарға сәйкес келуі қажеттілігін ұмытпайық. 

Рәміздер — мемлекетіміздің негіздерінің бірі. Әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді аялауға, жанашырлықпен қарауға, құрметтеуге, сонымен қатар жұмыс орнында дұрыс қолдану мен насихаттауға жүктелген жауапкершілікті түсінуі тиіс. Мемлекеттік Тудың түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын қадағалап, бақылау жұмыстарын жүргізуі қажет.

Ұлттық рухымызды асқақтататын қазақ елінің рәміздерін әрқашан биік ұстайық

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер