Сайрам аудандық әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІІІ тоқсандағы отырысы өтті. Аталған жиынға Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев, қоғамдық кеңестің мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен жетекшілері және «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер:
1.Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының 7 айда атқарылған жұмыстары жөнінде ақпарат.
«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы баяндама жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы 25 сәуірде «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтылған қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге кеңінен тоқталды.
«Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады»,- деп онымен күресу керектігін баса айтқан болатын.
Сонымен қатар Президент: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.
Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?»,- деген болатын.
Қоғамдағы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу, қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн.
Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет.
Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет – деп, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық құрылымдардың жұмысын үйлестірушісі ретінде алдағы бағыт-бағдарларымен бөлісті.
Іс - шара барысында сұрақ-жауаптарға кезектер беріліп, жиналғандар тиісті деңгейде ұсыныс пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары М.Әліпов - Елдің бірлігі мен бірегейлігін сақтау, өскелең ұрпақ тәрбиелеу, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Қатысушыларды еліміздің ертеңі мен мемелекетіміздің болашағы үшін осы бағытта шаршамай, жүйелі жұмыстарды бірге жүзеге асыруға шақырды.