Сайрамдағы келелі кездесу

image.png

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жалғасуда.  

Кезекті кездесу Сайрам ауданының Аксукент ауылы Қ. Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде және Ақбай ауылында фокус зерттеу жұмысы өтті. Аталған кездесу мен фокус-топтық зерттеу жұмыстарына «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиал басшысы Базарбай Айтбаев, этномәдени бірлестік төрағалары мен белсенді өкілдері, жергілікті тұрғындар, ауыл билері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аналар кеңесінің мүшелері, беделді тұлғалар және жастар қатысты.

Бұл ретте, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер «Ұлтты сүю түсінігі. Ұлтшылдық және ұлтжандылық», «Діннің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді реттеуде алатын орны» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.

Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы мемлекет екені анықталған. Демек, заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дін өрісіне мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады. Сондықтан дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі.

Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор.

Дін - адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін - имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ.

Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек.

Дін – Алла Тағаланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Дінді тану – бір Жаратушының бар екенін тану. Таныған жаратушымыз кім десек, ол – күллі ғаламның, барлық жаратылыстың иесі болған Алла тағала. Мейірімі шексіз Жаратқан иеміз адамзат баласын махаббатпен жаратты, басқа жан иелерінен артық етіп ақыл берді. Сондықтан ислам діні кейбір замандастарымыздың санасында қалыптасқандай дінтанушы-молдалардың ғана ісі емес, Алла тағаланың пендесіне берген, ақ пен қараны ажыратып, ақиқаттың жолына салатын ғажайып сыйы. Қараханид дәуірінде қанатын кеңге жайып, қазақ даласына енген Ислам діні салт-дәстүр, таным-түсінігімізбен біте қайнасып, болмысымызға етене жақын болды. Сондықтан кеңінен насихатталып, бірден тарады. Осылайша, кешегі он екі ғасырдан аса уақыт ішінде Ислам мұсылмандығымыздың мызғымас діңгегіне айналды.

Дін өзінің ақиқат болмысымен жақсылық жөніндегі шым- шытырық түсініктерді бір ізге салып, оны  бірден-бір тура жолға айналдыратын кемел ілімге айналса, ақиқат  өзінің дін ретіндегі көрінісімен адам жанына кір шалдырмай, оны үздіксіз тазартып отыратын, оның мәңгілік табиғатын жалғандық қоспалардан аршып, оны нұрландыратын нақты амалға айналады.

Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемелекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.

Еске сала кетсек, 2022-2024 жылдарға арналған «Түркістан облысында толерантты сананы қалыптастыру мен әлеуметтік шиеленістің алдын алу» өңірлік тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шара жоспарына сәйкес аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендерінде тұрғындармен кездесу өткізу мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер