«Жастар» жылы түркістандық жастар үшін мүмкіндікке толы, табысты жыл болмақ. Себебі Түркістан облысын дамытуға арналған жас мемлекеттік қызметшілер әзірлеген үздік жобалар әкімдік тарапынан толық қолдау табатын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жинында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
Түркістанның ыстық климатына арналған «I-Shatyr» жобасының авторы Жанбота Оразбаева. Ясауи кесенесі аймағында ыстықтан қорғайтын смарт шатырлар туристерді жаздың күні күннен қорғап, көлеңкелеуге арналған. Жобамен танысқан облыс әкімі жаңа жүйені күз мезгіліне қарай іске қосу қажеттігін тапсырды.
«EKO-Jai» бұл – Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі айланасында туристер үшін экологиялық шағын демалыс үйлерін салу жобасы. Жоба авторы Мәмет Нұрболдың айтуынша, экологиялық үйлерде туристерге барлық жағдай жасалады. Жалпы құны 50 млн. теңгеге 10 үй салуды ұсынып отыр. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына жобаны жоспарға енгізіп, алдағы уақытта жүзеге асыру керектігін жүктеді.
Саматулла Нуриланың жобасы ерекше екен. «Zhan-Uia» деп аталатын жоба өңірдегі қарттар үйі мен балалар үйін біріктірмек. Мейірімге мұқтаж жандардың бір шаңырақ астында өмір сүруі олардың өмірге деген құлшыныстарын арттыра түспек. Канадалық жобаны жүзеге асыру үшін келесі жылы Түркістан қаласында ғимарат бой көтермек.
Туризмді дамтытатын келесі жоба «EthnoVillage» деп аталады. Жоба авторы Қоспаева Айжанның айтуынша, жалпы құны 40 млн. теңгені құрайды. Ясауи кесенесі аймағынан бой көтеретін этноауыл келуші туристерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тағамдарын, төл ойындары мен қолөнерін таныстыратын болады. Жоба алдағы уақытта жүзеге асатын болады.
Жиында осы және өзге де тиімді, пайдалы жобалар ұсынылды. Айта кетейік, бұл жобаларды ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалында қайта даярлаудан өткен жас мемлекеттік қызметшілер ұсынып отыр.