Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толды. Атаулы датаны облыс тұрғындары атаусыз қалдырмай, кең көлемде тойлады. Түркістандықтар мен қала қонақтары «Есімхан» алаңында Түркістан облысынан шыққан өнер жұлдыздарының «Ән шашуым өзіңе, Түркістаным!» атты мерекелік кешін тамашалады. Гала концертте Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Сейфуллин Жолбарыс, Дана Кентай, Қанат Үмбетов, Әлия Әбікен, Айгерім Қалаубаева, Зарина Омарова және «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев барша тұрғындарды мерекемен құттықтады. «Көне шаhар күннен-күнге көркейіп, заманауи келбетке ие болып келеді. Бүгінгі таңда, құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 130-дан астам нысан салынып жатыр. Осы орайда, мен қаламыздың көгалдануы мен тазалығына мән беріп, азаматтық белсенділік танытып жүрген қала тұрғындарына өз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, киелі мекеннің гүлденуіне атсалысып келе жатқан күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген инвесторларды марапаттағым келеді,» – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиында Түркістанның құрылысына үлес қосып жатқан әкімдіктер мен компаниялар түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік инвестор» номинациясы – «Медиа-орталықтың» құрылысы бойынша Алматы қаласының әкімдігі, «Шығыс моншасының» құрылысы бойынша Қызылорда облысының әкімдігі, Әуенді субұрқақтың құрылысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Көпсалалы «Конгресс орталығы» кешенінің құрылысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ-ға бұйырды. «Үздік демеуші» номинациясы – Түркістан қаласындағы Халықаралық әуежайдың құрылысына демеушілік еткен «Yda insaat sanayi veticaret anonim sirketi» АҚ және «RIXOS Khadisha TURKESTAN» қонақүй кешенінің құрылысына демеушілік еткен «МұнайқұрылысСервис» ЖШС-на берілді. Ал «Үздік құырылысшы» аталымымен – Түркістан қаласының орталығындағы көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізген «Ақжол» ЖШС марапатталды.
Сондай-ақ Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан үшін Түркістан қаласының «Ақ мақта» мөлтекауданы ауыл биінің орынбасары Сырым Исмайлов, «Сауран» мөлтек ауданы ауыл биінің орынбасары Дилара Батырова, «Бекзат» мөлтек ауданы ауыл биінің орынбасары Сейілхан Саттарханұлы, Түркістан қаласының кәсіпкері Нуриддин Шәмшидинов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Гала-концерттің соңы отшашумен аяқталды.