Климаты құрғақ, шөлейтті болса да созақтық диқандар қарап отырған жоқ. Мұнда қауын-қарбыз егіп, пайда тауып отырған қожалықтар жетерлік. Солардың бірі «Болыс ата» шаруақожалығының өзі биылғы жылы 200 тонна өнімін Ресейге шығарып сатқан. «Өткен жылы «Нұрмағамбет» шаруақожалығы 300 тонна өнімді шет елге экспорттаған болатын. Дәл сондай тағы 4 қожалық бар жұмысы қарқынды. Ал, «Болыс ата» шаруақожалығы Ресейге 200 тонна бақша дақылдарын экспорттауда»,- дейді Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов.
Бұл шаруа қожалықтың қарамағында 10 гектар жер бар. Онда бақша дақылдарын егіп, оның ішінде 6-гектар жеріне қарбыз, 4 гектарға қауынның 4 түрін жерсіндірген. Шетел мен қатар ауыл тұрғындарын да бақша өнімдерімен қамтуға қауқарлы қожалықтың бүгінгі таңда жұмысы қызған.
«Биылғы екенніміз шетелдік сорттағы қарбыз. Нәтижесі өте керемет. Алды 20 кг болып жатыр. Егінге біздің ауа райы өте қолайлы. Бұл 75-80 күн ішінде жерсініп пісті. Бұл қарбыздың атын Теріскей деп атасақ деп отырмыз»,- дейді«Болыс ата» шаруақожалығының төрағасы Шәріпхан Ырсыметов.
Мұндағы өнімдердің бірнеше сорты бар. Мамандар сапасы жақсы, тұтынушылардың көңілінен шығып отырғандығын айтады.