Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай «Болашақ» колледжінен арнайы грант иеленген көпбалалы, тұрмысы төмен отбасынан шыққан 10 баланы ата-аналарымен бірге арнайы қабылдап, ізгі тілегін білдірді. Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
-Бүгінде мемлекет тарапынан жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударылып, олардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Еліміздегі игіліктердің барлығы – жас ұрпақтың келешегі жарқын болуы үшін жасалынуда. Аудандық білім бөлімі мен «Болашақ» жоғары колледжі бірге жұмыс жасау негізінде биыл үшінші жыл мектеп бітірушілерді облыстық бюджет есебінен тегін оқытуда. Сіздерді қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай-талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспін, - деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Аудан әкімінің қолынан Егізқұм жалпы орта мектебінің 11 сыныбын бітірген Ардақ Әндеш және Ұлбосын Әндеш, Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінің 9 сыныбын бітірген Мұхит Арынша, №12 жалпы орта мектебінің 9 сыныбын бітірген Мұхтар Бауыржан мен Оразкүл Темірхан, «Шардара» мектеп-лицейінің 9 сыныбын бітірген Дидар Камалбай, осы мектеп-лицейдің 11 сыныбын бітірген Айтолқын Жүсіпхан, Сырдария жалпы орта мектебінің 11 сыныбын бітірген Жанерке Дүйсен, №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 9 сыныбын бітірген Ролан және Долан Ермекбаев есімді жастар колледжге жолдама алды.
Өз кезегінде ата-аналар атынан сөз алған қала тұрғыны Арыс Сәдуов әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жасалынып жатқан осынау қамқорлыққа ризалығын білдіріп, алғыс айтты.