Отырарда «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» мекемесінің жанынан ашылған «Күндізгі қатынау бөлмесі» жұмыс істеуде. Бұл орын тумысынан жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған балалар үшін тиімді болып отыр. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ашылған орталыққа биыл 5 жыл толып отыр. Бұған дейін тиісті мамандар дертке шалдыққан балғындардың үйлеріне барып, қызмет көрсететін еді. Соңғы 1 жыл көлемінде арнайы орын дайындап, «күндіз қабылдауға» көшті. Ондағы мақсат – балаларды көпшілік ортаға үйрету.
«Мекеменің негізгі міндеті – үйде отырған балаларды алып келіп, бір-бірімен таныстыру. Мұнда барлық жағдай жасалған. Керек ойыншықтардың барлығы бар. Арнайы әдіскеріміз бар. Психолог, невропатолог, массажист, логопед мамандары жұмыс істейді»,- дейді Отырар аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Үйде қызмет көрсету» мкқм директоры Сәкен Кішібаев.
Кенжегүл Қалдыбаева осы орталыққа Арсен атты 7 жасар немересін әкелген. Тумысынан сал ауруына шалдыққан бүлдіршіннің қазір өздігінен ойын жеткізіп, түстерді ажырату қабілеті артқан. Мекемеде Арсен сынды 22 бүлдіршін бар. Олар мұнда екі ауысыммен келеді.
Айтып өтейік, аудан аумағында 89 бала арнайы күтімге алынған. Оның 62-сінің тірек қимылы бұзылған. Тағы 17-сі психоневрологиялық ауруға шалдыққан. Осыны ескерген жергілікті билік аудан орталығындағы нысанның ауыл-аймақтарда арнайы кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр.