Қазақстанда коронавирусқа қатысты «Б» жоспары іске қосылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпараттық агенттігі.
– Коронавирус жұқтырған азаматтар Алматы қаласындағы инфекциялық стационарда жатыр. Бұдан бұрын айтқанымыздай, елімізде коронавирус тіркелген жағдайда Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия тиісті іс-шаралар жоспарын бекіткен еді. «Б» жоспары бүгін күшін енді. Бірінші пациент 9 наурызда, екіншісі 12 наурызда келген. Олардың кім екенін жариялай алмаймыз. Бір ер адам мен бір әйел. Екеуі де Қазақстанға ұшақпен ұшып келген. Бортта коронавирусты жұқтырғандармен бірге болғандардың бәрі де карантинге жатқызылады. Яғни, 9 наурызда бірге ұшқан 73 адамның кім екені анықталды. Олар бақылауда. Қайда екенін білеміз. Карантинге жатқызу шараларына кірістік. Олар ауру адамдар емес, – деді министр.
Біртанов бортта екі қазақстандықпен ұшып келген жолаушылардың тізімі бар екенін жеткізді. Сол ұшақтардың біріндегі 12 азамат қазіргі таңда карантинде жатыр.