Коронавирус инфекциясының кең таралуының алдын алу үшін ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, көптеген салалар мен адамдардың жүріс-тұрыстарына шектеулер қойылды. Әрине бұл сәтте ең маңыздысы - бірге болу, бірлікте болу, «үйде болу».
Бүгінде Түркістан облысы Түлкібас ауданында медициналық бетпердеден тапшылық жоқ. Коронавирус қауіпі әлі сейілген жоқ. Сондықтан қызметіне оралған барлық аталған мекемелерде санитарлық-эпидемиялық шаралардың толық сақталуы міндеттеледі. Әр қызметкердің дене қызуын өлшеу, бетперде мен қолына қолғап кию тәртібін сақтау жауапкершілігі ұйым басшылығына да, әр жұмысшыға да артылады. Осы орайда аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан аумағындағы құрылыс нысандарында жұмыс істеп жатқан құрылысшыларға, аудандық емхананың медецина қызметкерлері мен емханаға келген тұрғындарға 3000 дана ауданымыздың ерікті тұрғындары тарапынан тігілген бетперделер тегін таратылды.
Сонымен қатар емхана әкімшілігіне бетперделер беріліп, алдағы уақытта емханаға келген тұрғындар мен медецина қызметкерлеріне тегін таратылатын болады. Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін атқарылатын игі істер тек мұнымен тоқтап қалмайды.
Игі іске аудан тұрғындары ризашылдықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Бетпердені тарату жұмыстарына аудан әкімдігінің қызметкерлері белсене ат салысты. Тірліктің көзі береке-бірлік, татулықта. Қазір ел болып, жұрт болып, биліктің айтқанына құлақ асып, сақтық шараларын ұстану қажет.