Апат айтып келмейді

апат айтып келмейд3.jpg

Апат айтып келмейді. Тасқын да, өрт те табиғаттың тілсіз жаулары. Жауған жауын салдарынан орын алған тасқын судың зардабын тартқандар қатарынан Қазығұрт та табылды. Толассыз жауынның салдарынан аудандағы екі ауылдық округтегі тұрғын үйлердің ауласын су шайып, біраз әбігерге салды.

Әуелі Қазығұрт аудандық өрт сөндіру бөлімінің байланыс торабына Алтынтөбе, Жігерген ауыл округ тұрғындарынан жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар келіп түскен болатын. Оқиға орнына Қазығұрт ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері дер кезінде шығып, Алтынтөбе ауыл округі, Қаржан елді мекенінде (2 үй, 1 емхана, 1 дәріхана, 2 қоражайдың аулаларына су кіргені), Жігерген ауыл округі бойынша (30 үй, 4 қора), С.Рақымов ауыл округі Қызылата елді мекенінде (4 үй, 1 мешіт) аулаларына су кіргенін анықтады.

Мәселен, ауданға қарасты С.Рақымов ауыл округінде нөсер жауынның салдарынан Көкібел су қоймасы толып, халыққа қауіп төндірген. Аталған оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 15 қызметкері 6-техника және 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстары жүргізілген. Көкібел елді мекеніндегі тұрғындарға дер кезінде көмек қолы жетіп, 27 отбасы Көкібел мектебіне эвакуацияландырылған. Әрине, жергілікті билік те бұл тұста қарап қалған жоқ, су тасқынынан таса жерге көшірілген халық азық-түлікпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қуанышқа орай, орын алған жағдайлар бойынша зардап шеккендер болмаған. Қазіргі уақытта ауылдық округте жағдай толық бақылауға алынып, келтірілген залал шығындарын есептеулер жүріп жатыр.

Аудан аумағындағы су шайған тағы бір ауыл – Жігерген. Мұнда 4 қора опырылып құлаған. Ауылда аулаларын су басқан 32 отбасы материалдық тұрғыда түрлі дәрежеде зардап шеккен. Жедел жеткен көмектің арқасында тұрғындарға көмек дер кезінде көрсетіліп, жан басына залал алып келмеді. Зардап шегушілерге ауылдағы партия филиалының ұйымдастыруымен барлық бастауыш партия ұйым төрағалары, ауыл әкімдерін тарта отырып, осы 32 отбасыға азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Десе де, бұл тек уақытша көрсетілген көмек екені, алдағы уақытта олардың жағдайы толықтай қарастырылатынығ тиісті көмек көрсетілетіндігі айтылды. Көмекті үлестіруге, аудандық «Жастар ресрустық орталығының» жауапты мамандары өз үлестерін қосып жүр екен. Ел басына күн түскенде қарап қалмайтын жастардың бары осындайда қуантады.

Тасқынның негізгі салдары тұрғындардың айтуынша толассыз жаңбыр ғана. Себебі олардың мұндай жауынды көрмегеніне біраз болған.
Қазірде аудандағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында жедел штаб құрылып, тиісті шаралар атқарылып жатыр. Арнайы бөлінген техникалар арық-атыздарды тазалап, су тасқынының қаупін жойып жатыр.

Бүгінде қауіпсіз жерге көшірілгендер туған-туыстарының үйлеріне жайғасқан. Оларға аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен тиісті көмектер көрсетіліп жатыр. Жедел ұйымдастыру шараларының нәтижесінде Алтынтөбе, Жігерген ауыл округтеріндегі 6 үйдің ауласынан су тарту мен арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталған. Қазіргі таңда тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Ауыл ішін тазалауда тұрғындар да қарап отырған жоқ. Тасқын судың салдарынан келген залалдардың алдын алу және жою мақсатында қаптарға құм қаптап, аудан әкімдігі тарапынан бөлінген техникаларға арту жұмыстарын өздері болып, жұмыла жалғастыруда.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер